БИЫЛ «БАСТАУ БИЗНЕС» ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗІЛЕДІ?

БИЫЛ «БАСТАУ БИЗНЕС» ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗІЛЕДІ?

Осыдан біраз бұрын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен өңірлердегі қаржылық сауаттылықты арттыру, жаңа бизнес көздерін ашу, халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздеген «Бастау Бизнес» жобасы басталған еді. Кәсіпкерліктің негіздері бойынша тегін білім беретін семинарларға да аталмыш кәсіпкерлер палатасы ұйытқы болып, жоба «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында жүзеге асты. Алғашқы 2017 жылы «Бастау Бизнес» жобасы республиканың 80 ауданында жүргізіліп, 15 мың адам 1 айлық оқудан өткен. Олардың ішінде 8 285 адам бизнес жобаларын қорғаған. Жалпы, 3314 қатысушы бизнес ашып, жеке ісін ілгерілетті. Бұл жоба жамбылдықтарға да көп қолдау көрсеткені рас. Биыл бұл жобада қандай өзгерістер бар? Осы жайында айтсақ...

Жұмыссыз немесе өзін өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтарға кәсіпкерлік дағдыларын үйретіп, жеке бизнес жүргізуге жетелеу арқылы ауыл тұрғындарының экономикалық белсенділігін арттыруды көздеген жобамен өз кәсібін ашып, жемісін көріп жүргендер аз емес. Жоба басталғалы бергі 5 жыл ішінде облысымызда 15 мыңнан астам адам «Бастау Бизнестің» оқуынан өткен. 

Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметінің жетекшісі Ақбота Батырбекованың айтуынша, аталмыш жобамен 9000-ға жуық жамбылдық өз бизнесін ашыпты.

Жоба жұмыссыздар мен өзін өзі жұмыспен қамтушыларды кәсіпкерлікке тегін оқытып, келешегі бар жобаларды қаржыландыруды мақсат еткенін білесіздер. 2017-2021 жылдар аралығында облысымызда  15 721 адам білім алып, олардың 10 мыңға жуығы 200 айлық есептiк көрсеткiшке дейiн қайтарымсыз грантқа ие болды. Сонымен қатар жеңiлдетiлген несиелердi қолданды. Осы жобамен 10 мыңға жуық кәсіпкерлік нысан жүзеге асып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Ісін жаңадан бастаған барлық кәсіпкерлерге өңірлік палата тұрақты түрде қолдау көрсетіп отыр. 

Осы жобаның нәтижесінде келешегі зор іс ашқандарды мақтанышпен айта аламыз. Бір ғана мысал айта кетейік, облысымыздағы жас кәсіпкер Сарысу ауданы, Саудакент ауылынан Рамазан Байтуған 2019 жылы «Бастау Бизнеспен» оқып, қағаз сүлгі цехын ашуға 2 500 000 теңге көлемінде грант алды. «Кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 6 миллион теңге несие алып, «Zhanatas салфеткасы» атауымен өнім шығаруда. Міне, осындай бірқатар бизнес нысандары ашылып, көптеген жұмыссыздарға еңбектеніп табыс табудың көзі ұсынылып отыр, – дейді Ақбота Батырбекова.

Жемісті жоба жыл өткен сайын жаңа өзгерістермен толығып, дамып та келеді. Биыл бұл жобаға қатысу үрдісі қалай өткізілетіні туралы Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаевтан сұраған едік. 

– «Бастау Бизнес» жобасына мынадай нысаналы топқа жататын тұлғалар қатыса алады. Яғни жұмыспен қамту орталығында тіркелген жұмыссыздар, жеке кәсіпкерлер (мерзімі бір жылдан кем), жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын тұлғалар, аз қамтылған отбасы мүшелері – атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көп балалы отбасы мүшелері, қандастар, қоныс аударғандар, мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақыны алатын адамдар және мүгедектер. Оқуға өтінімді Еңбек министрлігінің Business. Enbek порталында беруге болады. Үміткер өтінімді порталда бергеннен кейін күнтізбелік 10 (он) күн ішінде нысаналы топқа тиесілігі тексеріледі. Business.Enbek порталында мақұлдағаннан кейін өтінім онлайн-оқудан өту үшін автоматты түрде Atameken Academy порталына жіберіледі. Оқу ұзақтығы күнтізбелік 25 (жиырма бес) күннен аспайды және тегін өтеді.

Айта кету керек, жоғарыда аталған санаттарға жатпайтын өткен жылдардағы жобаға қатысушылар гранттық қаражатқа үміткер бола алмайды. 

Оқуды аяқтаған және сертификат алған «Бастау Бизнес» жобасының түлектері Еңбек министрлігінің Business.Enbek порталындағы «Грант» бөлімінде өтініш бере алады.

Өз бизнес-жобаларын қорғаған «Бастау Бизнес» жобасының тыңдаушылары, оның ішінде 2017-2021 жылдардың қатысушылары кәсіпкерлік қызметін дамытуға «Атамекен» микроқаржы ұйымдарынан жылдық 6 пайызбен жеңілдетілген несие алуға өтінім бере алады. Өтінім беру үшін облыстық және аудандық «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палаталарына жүгіну қажет, – дейді облыстағы кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Садуахасұлы. 

Көздеген мақсатына жеткенін түлектерінің табысты кәсібімен көрсеткен «Бастау Бизнеске» биыл қатысуға ниеттенгендерге сәттілік тілейміз. 

Қамар ҚАРАСАЕВА