БАЗАРДЫҢ ҚОҚЫСЫ БАЙЗАҚҚА ТӨГІЛЕТІНІ РАС ПА?

БАЗАРДЫҢ ҚОҚЫСЫ БАЙЗАҚҚА ТӨГІЛЕТІНІ РАС ПА?
БАЗАРДЫҢ ҚОҚЫСЫ БАЙЗАҚҚА ТӨГІЛЕТІНІ РАС ПА?
БАЗАРДЫҢ ҚОҚЫСЫ БАЙЗАҚҚА ТӨГІЛЕТІНІ РАС ПА?

Байзақ ауданының Бурыл ауылдық округіне қарасты Құмжота ауылының тұрғындары «Ауыл береке» базарынан шығатын күнделікті қоқыстың өздері тұратын елді мекеннің маңына төгілуіне түбегейлі қарсы. Ертеңіне алаңдаған ауыл тұрғындары қоқыс полигонының соғылатынын ауыл әкімдігінен естігендерін айтып отыр. Ал аудан басшылары тек ауыл қоқысы ғана шығарылатын полигон салу жоспары бар екенін жеткізгенімен, тұрғындар онда қаланың қоқысы төгілмейді дегенге сенбейді. Мұндайда «халық айтса, қалыс айтпайды» деген есті сөз еріксіз еске оралады екен. Біз тұрғындардың мәселесіне орай аталған ауылға арнайы ат басын бұрып, ақпараттың ақ-қарасын зерделеп қайттық. 

ҚҰМЖОТАНЫ ПОЛИГОНҒА АЙНАЛДЫРҒЫСЫ КЕЛГЕН КІМ?

Естімеген елде көп. Десек те ен даладағы ел ішінде емес, екі мың жыл еңсесі биік облыс орталығының іргесіндегі Байзақтың өзінде жетіп жатыр. Ең қызығы оған дәлел іздеп те әуре болмайсың. Аудан аумағынан бір жүріп өтсең болды, миналар алаңынан жүгіріп өткендей күй кешесің. Себебі әр тұстан халықтың өзегін өртеп, жарылып жатқан жанайқай аз емес. Халқымыз «жел тұрмаса, шөптің басы қозғалмайды» деп бекер айтпаған. Күні кеше ғана редакциямызға Байзақтағы Құмжота ауылының тұрғындары хабарласып, «ауылымызға қоқыс полигонын салайын деп жатыр», «күллі қаланың қоқысы біздің елді мекенге төгіледі деп естідік», «ауылымызды қоқыс алаңына айналдыруға түбегейлі наразымыз» деп шағымдарын жеткізген еді. 

Құмжотада туып-өсіп, күні бүгінге дейін алтын бесіктен алыстамай тірлік кешіп келемін. Ауыл әкімі жақында келді. Ол кісі келмей тұрып, ауыл әкімдігіндегілерден бүкіл Тараздың қоқысын, «Ауыл береке» базарынан шыққан қалдықтарды біздің ауылға төгейін деп жатыр дегенді естідік. Мұндай ақпаратты аспаннан алып отырған жоқпыз. Әкімдіктегілер айтты. Содан ауыл азаматы ретінде барлығымыз дабыл қағып отырмыз. Аудан әкіміне барсаң, үнемі орнында болмайды. Жұмыс телефонына хабарлассақ, әкімдіктің қыздары «біресе ана жақта, біресе мына жақта жиналыста жүр» деп, қырық сылтау айтады. Содан кейін кезінде депутат болған, қазіргі ауыл әкімімен бірлесе отырып сұрастырсақ, шынымен де кезінде ондай мәселе қарағанбыз деді. Халық наразылық білдіргеннен кейін аудандағылар тек қана ауылдық округтің қоқысын төгеміз деп шықты. Егер шынымен ауылдың қоқысы төгілетін полигон болса, қуанар едік. Дегенмен «дайын асқа тік қасық» деп, сырттан қоқыс төкпесіне кім кепіл? Ал күллі қаланың қоқысын төгетін болса, оған түбегейлі қарсымыз. Ауыл әкімдігіндегілер полигонның мәселесі бойынша «халық болып өздеріңіз дабыл қақпасаңыздар қаланың бүкіл қоқысын осында төгеді, ауылдарыңызды сасытады. . Тоқтатуға біздің құзіретіміз жетпейді» деді. Ал ауданнан жауап болмады. Нәтиже болмағаннан кейін қалай қапа болмаймыз? Ақырында журналистерді шақыруымызға тура келді, – деді бізді ауыл әкімдігінің алдынан күтіп алған тұрғын Мақсат Бегілдаев. 

Тұрғынның назын ауылдастары да растап отыр. Осы ретте біз қыз-қыз қайнаған қызмет тізгінін енді қолына алған Бурыл ауылдық округінің әкімі Ерлан Әбенұлының да пікірін білдік. Ауыл әкімі тұрғындардың көзінше әкімдіктен шыққан сөзді жоққа шығаруға тырысып бақты.

Негізі тұрғындар арасында көтеріліп жатқан мәселе, яғни қоқыс полигоны тек округ бойынша ғана ашылатыны рас. Кейбір аудандарда мұндай полигондар бар. Біздің ауданда ғана жоқтың қасы. 
Ауыл қоқысын бүгінге дейін «Алди компания» серіктестігі шығарып келген. Бірақ кейбір азаматтар күл-қоқыстарын Бурыл ауылдық округінің айналасына төгіп, салдарынан бейберекет ластауға көшті. Осыдан кейін аудан әкімшілігі әр ауылдық округке ыңғайластырып полигон ашуды жөн көрді. Бізде республикалық маңызы бар жолдың бойындағы аталған серіктестікке жаңа жер аумағы іздестірілген болатын. Бірақ ауыл аумағынан тек өзімізге ғана арналған қоқыс орны болады, – дейді ауыл әкімі. 

Дана халқымыз «екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледі» деуші еді. Аудан әкімдігі мен тұрғындардың арасында қалып кеткен ауыл атқамінері желкенін жел сүзіп жыртқан мәселені осылай жамауға тырысты. 

ТҰРҒЫНДАР МАЛ ЖАЯТЫН ЖЕР ТАППАЙ ЖҮР

Мәселенің мән-жайын бағдарлап, ауыл ішін де аралап шықтық. Байқағанымыздай ауыл маңындағы жерлердің басым көпшілігі жекеге өтіп кеткен. Салдарынан тұрғындар төрт түлігін жаятын жайылым таппай отыр. 

Ауыл маңына көпшілік пияз, жүгері егеді. Ол жердің бергі жағы Құмжотаға, арғы жағы Бесжылдыққа қарайды. Жан-жақтың барлығы егіс болғандықтан малды тек сол жерге шығарады. Ал ол жерге қалай қоқыс тастайды? Пайдаланылмай жатқан, не болмаса шұңқыр жер емес. Егер қоқыс полигоны соғылатын болса көктемде, жазда малды қайда жаямыз? Осы жердің ауасын жұтып, суын ішіп отырғандықтан кім де болса ауыл маңын қоқысқа айналдыруға қарсы болары белгілі. Қалай дегенмен қоқыс алаңы деген ауыл маңында болмауы керек. Басқа жер таппай қалып па? Ал қаланың қоқысын ауыл тұрғындары болып бас көтерсек те оңайлықпен төктіре қоймаспыз, – дейді ауыл тұрғыны Қадір Мұсаев.

Осы сәтте ауылға Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил да келіп жетті. Ал Қайрат Әбілханұлының айтуынша, ауылдың қоқысы үшін полигонның орны картада белгіленіп қойған екен. 

«Ауыл береке» қазір қоқысты Қаракемерге төгіп жатыр. Өздерінің келісімшарты, жеңілдіктері бар. Қаракемер 35 шақырым қашықтықта орналасса, Сарыкемердің арғы жағында 12 шақырым қашықтықта, Диқан ауылдық округінің аумағында «Алди компания» серіктестігінің талапқа сәйкес келетін арнайы жері бар. «Ауыл береке» қоқысын 35 шақырымға тасыған тиімді ме, жоқ әлде 12 шақырымға тасыған ұтымды ма? Екі есе тиімді болса да базардың қоқысы Қаракемерге жеткізілуде. Бізде аталған серіктестіктің орталықтандырылған арнайы орны бар қажет болса. Жолы да тегіс. Сондықтан «Ауыл береке» қоқысының Құмжотаға еш қатысы жоқ. Тұрғындар арасындағы әңгіме қайдан шыққанын білмеймін. Бұл тек елді мекендер үшін жасалатын полигон. Әр елді мекеннің оңтайландырылған сызбасында экологиялық талап бойынша 1 шақырым қашықтықта қоқыс тастайтын орын болуы қажет. Картада осы орын белгіленген. Ауыл маңында талапқа сай полигон ашып берсек, көпшілік қоқысты каналдың жағасына, арық-атыздарға, жолдың бойына тастап кетпес еді. Қазірдің өзінде арық-атыздар қоқысқа толып қалған. Бурыл мен Құмжота қоқысқа көміліп жатыр. «Қоқысты неге бейберекет тастайсыздар?» деп абаттандыру қағидалары бойынша айыппұл салатын болсақ, тұрғындар «өздерің қоқыс тастауға қандай жағдай жасап беріп жатсыңдар?» деп көтеріліп шығады. «Картада көрсетілген полигонды жасап берсең, арбамен-ақ алып барып тастайтын едім» дейді. Сондықтан ауыл маңындағы полигон келесі жылдан бастап жоспарға сай жасалатын болады. Оның аумағы 10 гектардан асады. Мырзатай, Жалғызтөбе жақтан да бір полигон ашсақ деп отырмыз. Жаңатұрмыс жақтан да талапқа сай полигон болады. Халықтың пайымдауынша солай әңгіме жүрген болар. Әйтпегенде қаланың қоқысы мұнда келмейді. Қазір мұнда қоқыс аптасына бір мәрте ғана шығарылады. Ал полигон болса аптасына екі рет шығарылар еді, – дейді Қайрат Әбілханұлы.

ЖАСТАРДЫҢ ТАЛАП- ТІЛЕГІ МҮЛДЕ ОРЫНДАЛМАЙТЫН АУЫЛ

Сегіз мыңнан аса тұрғыны бар Құмжотада өнерлі, белсенді, спортшы жастар да аз емес. Өкінішке қарай, жастардың тарапынан туған өрелі бастамалар да көзі ашылмаған бұлақтың күйін кешіп отыр.

«Байзақ барысы» спорттық жарысын ұйымдастырып, бәйгесін өзіміз берсек дедік. Ішімдіксіз ауылды ұйымдастыру туралы да ойымыз болған. Оған да ауыл халқы ынтасын, ниетін білдіруде. Өз атымыздан «Ауылыңды мың теңгемен гүлдендір» деген жоба ұсындық. Яғни ауылдағы әр тұрғын мың теңгеден ауылдың бюджетіне салып тұрады. Ауылда 8 мың тұрғын болса тең жартысы, яғни 4 мыңы мың теңгеден береді. Есептесек 4 миллион теңгені құрайды екен. Яғни ауылдың жеке бюджеті қалыптасады. Осының бәрін ұйымдастыратын, ауылда бітпей жатқан жер дауы бар, басқа да мәселелерді назарына алатын әкімдік тарапынан бір маман қажет. Себебі қазіргі әкім ауылдық округтегі 15 мың адамға қатысты мәселенің барлығын бірдей қамти алмайды. Сондықтан көптеген бастамалар мен көтерілген мәселелер қолдаусыз, қараусыз қалуда. Үлгере алмаса ауылды өз алдына бөліп, жеке әкімімізді бекітіп берсін. Әйтпесе әлеуметтік, құжаттама жағынан өз алдына ауылдық округ болып бөлінбесе де, біздің ауылдағы мәселелерді тұрақты түрде қарайтын әкімдікте бір маман болса дейміз. Өз күшімізбен ауылдан спорттық алаңша салып жатырмыз. Егемендігіміздің 30 жылдығына кішкене болса да үлес қоссақ, ауылымызды гүлдендірсек дейміз. Оған да әкімдік тарапынан көмек берілген жоқ. Осыған жүгіретін, ұйымдастыратын ресми маман болса деп армандап жүргенімізге қанша жылдың жүзі болды. Ауыл жастарымен бірлесіп терек ексек деп қанша мәрте айттық. Біз аспандағы айды алып бер деп отырған жоқпыз ғой. Тек қолдағы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, ауылымызды көркейтсек деп талпынамыз. Қолдау болмаған соң талпынысымыздан тас та шықпай, тасада қалуда. Ауыл жастарының талап-тілегі мүлде орындалып жатқан жоқ. Сол секілді ауылымызға мешіт салу бойынша да атымтай жомарт азаматтар қолдау білдіруге ниетті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына, мүфтиятқа шықтық. Бірақ мешітті салатын жер бермей отыр. Ауыл әкімі бас жоспарда жер бар деп айтқан еді. Ол жер қайда? Біз мешіт салып беріңіздер демейміз. Тек мешіт салатын жер тауып беріңіздерші. Ауылды көркейтеміз деп хат жазамыз. Тырнақ астынан кір іздеу үшін жазып отырған жоқпыз. Ал әкімдік оны да назарына алмайды. Ешкімге масыл болғымыз келмейді. Спорттан да маңайымыздағы қаншама ауылдан алда келеміз. Кімнен кембіз? Тұрақты маман бекітілсе ауыл әкімінің де жұмысы жеңілдейді ғой. Әкімдікте халықпен бірге жұмыс істейтін белсенді маман болмаған соң осы секілді мәселелер туындайды. Әйтпесе, әкімдіктің есігін қағып, сүмірейіп, сүмеңдеп жүргеніміз – жүрген, – дейді тұрғын Мақсат Бегілдаев.

КӨШЕЛЕР КӘРІЗ СЕПТИКТЕРІНЕН КӨЗ АШПАЙ ОТЫР

Ауыл халқы тұрақты транспорттың жоқтығын да алға тартуда. Ересектер аптасына 1 рет іргедегі «Ауыл береке» базарына 500 теңгемен қатынаса, студенттер мен мектеп оқушылары күн сайын мемлекет қазынасына қылдай пайдасы жоқ такси қызметін ұсынушылардың қалтасын қалыңдатуға мәжбүр. Оған қоса Құмжота ауылында да үйінің жері бір емес, бірнеше адамға беріліп кетіп, құжатын ресми рәсімдей алмай жүргендер аз емес екен. Ал ең өзектісі – мұндағы көпшілік үйлер кәріз жүйесінің септиктерін көшеге қазуды әдетке айналдырған. 

– Халықтың жуынатын бөлмені үйге кіргізіп, үйде тазалықты қалыптастырғаны жақсы. Бірақ оның септиктерін, кәрізін көшеге орналастырғаны дұрыс емес қой. Соны көптеген жиналыстарда көтеріп келемін. Әлі нәтиже жоқ. Жақында ауылда ақсақалдар кеңесі өтті. Сол жерде де көтердім. Есік алдында балаларымыз, немерелеріміз ойнап жүреді. Құлап кетеді. Мал да, көліктер де түсіп жатыр. Ал жаздың күнгі ыстықта исі қолқаны қабады. Осы мәселеге жауаптылар арнайы жұмыс тобын құрып, түсіндіру жұмыстарын жүргізсе дейміз. Себебі ондай үйлер ауылда өте көп. Ауыл әкіміне де неше рет айтылды. Ауыл әкімінде Ал мәселенің жай-жапсарын аудан әкімінің орынбасары Қайрат Әбілханұлы түсіндіруге тырысып көрді. 

Ауылға дейінгі сыртқы газ желісі жүргізілді. Ішкі жүйе жеке тұрғындар есебінен жүргізіледі. Қазір алқаптағы 12 үйдің біреуі ғана газ кіргіземін деп отыр. Барлығы кіргізетін болса ақшасы да азаятын еді. Осыған дейін барлығы газды сұрап келді. Қазір енді 12 үйден бір адам кіргізетін болса, ол үйге бағасы қымбат болады, – деп жауап берді. 

Ізін суытпай алқап тұрғындарымен байланыссақ, «көшеге де төлеу қажет деп отырғандықтан келіспей отырмыз, әр үйге кіргізетін нақты уәде еткен бағасын айтса келісер едік, себебі басында бізге солай айтылған» деді. Бұл жағдайдың өзі әкімдік тарапынан халыққа түсіндіру жұмыстары өз деңгейінде дұрыс жүргізілмегенін әшкерелеп отыр. 

ТІЛШІ ТҮЙІНІ:
«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, байзақтық бұқараны толғандырған мәселелер айтыла ақжем, жазыла жауыр болатын болды. Себебі осының алдында ғана ауданға қарасты «Денсаулық» саяжайының, араға шамалы уақыт салып «Нұр» алқабындағы қордаланған мәселелерді жариялаған болатынбыз. Екеуінің де нәтижесін ел әлі күтіп жүр. Сонда білдей даңқты датқаның атын алған аудан халқының датына аудан әкімі құлақ аспайтын болғаны ма? Тәуелсіздіктің отыз жылында дамыған отыз елдің қатарына қосыламыз деп жүргенде Құмжотадағы халықтың қоқысқа көмілетін болдық деп алаңдауы расымен санаға салмақ, жүрекке жүк, көңілге қаяу түсіреді. «Ер кезегі үшке дейін» деп ел айтқандай, халықтың жанайқайы осы жолы да әдеттегідей назардан тыс қалып кетпесе екен деп үміттенейік. 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ, Байзақ ауданы