БАУЫРСАҚ БИЗНЕСІН ДАМЫТҚАН АРУЛАР

БАУЫРСАҚ БИЗНЕСІН ДАМЫТҚАН АРУЛАР

Қазір әрбір қалада, тіпті аудан орталықтарында «Fast food», «Chicken» дүңгіршектері көптеп ашылуда. Қоғамдық тамақтану орындарынан бөлек, супермаркеттер мен дүкен сөрелерінде де шетелдің «бургерлері» самсап тұр. Ал ұлттық бағытта ашылған дүкендер жоқтың қасы. Тіпті қуанышты басқосуларымызды да «Chicken»-мен атап өтетін болдық. 

Жуырда қаламызда ұлттық бағыттағы жаңа дүкен өз жұмысын бастады. «Бауырсақ» атауымен-ақ ұлттық болмысымызды айшықтап тұрған дүңгіршекті жүргізіп отырған қазақтың қарапайым қыз-келіншектері. Жеңгелі-қайын сіңлі Бегім Тілектес мен Аида Жаманкееваның негізі мақсаты – ұлттық тағамдарымызды төл брендімізге айналдыру. Ашылғандарына бір ай болмай жатып-ақ қала тұрғындарының ықыласына бөленіп үлгерген дүкеннің жұмысы күннен-күнге жанданып келеді.

Көпшіліктің қызығушылығын оятқан дүңгіршектен қолдың түрлі наны, бауырсақ, бәліш, шұжық, әсіп секілді өзімізге тән ас-ауқаттың неше түрі сатылады. 

– Ас мәзірімізде әсіп, бауырсақ, шұжық, құймақ секілді өз қолымызбен пісірген ұлттық тағамдарымыз бар. Ұмыт қалып бара жатқан тағамдарымызды жаңғырту ойымен жеңгем екеуміз бірігіп дүңгіршек аштық. Ірі кәсіпкерлердің бәрі де өз ісін осындай шағын жерде бастаған. Алла бұйыртса кәсібімізді дамыту ойда бар. Ұлттық бауырсағымызды төл брендімізге айналдырсақ дейміз. Алдағы уақытта мемлекеттен қайтарымсыз несие алып, аудандардан, өзге облыстардан «Бауырсақ» желілік дүкендерін ашу да жоспарымызда бар. Әсіптен бастаған кәсібіміз нәсіпті болып жатса, қазақы бағыттағы мейрамхана ісін де қолға алғымыз келеді. Салдары семіздікке алып келетін зиянды тағамға әуес жастарымыздың бетін ұлттық тағамдарға бұру үшін осы шағын ғана дүкеніміздің тұсауын кестік, – дейді кәсіп иесі Аида Жаманкеева.

Кәсіпкер келіншектер Т.Рысқұлов ауданы, Жаңатұрмыс ауылынан. Қазіргі уақытта бала күтіміне байланысты демалыста жүрген Аида Жаманкееваның негізгі мамандығы – аудармашы. Төрт баланың анасы. Бірнеше жыл жұмыс бабымен Алматы қаласында тұрған ол Таразға таяуда ғана көшіп келген. Әр нүктеде шетелдің хот-догы мен шаурмасы тұрғанын байқап, «алғашқылардың бірі болып қазақы тағам дүкенін неге ашпасқа?» деген ойға қалады. Осы ұсынысын жолдасымен бөліскенде жан серігі қолдау білдіріп, тілектестік танытады. Осылайша кәсіби аспаз жеңгесі Бегім Тілектес екеуі ел игілігіне айналған жаңа дүкеннің жұмысын бастады.

Бір қызығы елімізде осы бағыттағы дүкендер кей өңірлерді есепке алмағанда жоқтың қасы болғанымен, бірнеше жыл бұрын Мәскеуде ашылған «Бауырсақ» дүкендер желісі өркен жайып келеді. Бүгінде Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігі мен Сауда өкілдігінің қолдауымен ашылған «Бауырсақ» қазақстандық өнім брендінің Мәскеуде тоғыз дүкені бар. Үйдің тағамы, құрамы таза, сапалы өнім болған соң ұлттық тағамдарымыз ол елдің сауда нарығында лайықты орнын алып, өздерін мойындатып үлгерді. Ресейдегі «Бауырсақ» сауда желісін ұйымдастырушы Елена Қондақованың айтуынша, «Бауырсақ» Мәскеуде бірте-бірте брендке айналып келеді.

Осылайша өзге елде танымал болған ұлттық тағамдар өз елімізде ұмыт қалып, ас мәзірін бутерброд секілді неше түрлі «броттар» алмастырғаны қынжылтады. Ас мәзіріне ұлттық тағамдарымыздың қайта оралып, бауырсағымыз төл брендімізге айналсын десек, енді ғана тәй-тәй басқан шағын кәсіпке барынша қолдау білдірейік.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ