БӨГДЕ СӨЗ БЕН БӨТЕН ОЙ немесе шалақазақшалық қайда апарады?

БӨГДЕ СӨЗ БЕН БӨТЕН ОЙ немесе шалақазақшалық қайда апарады?

Тілдің адам өмірінде атқаратын рөлі зор. Сондықтан да адамның күнделікті тіршілігі тілге тікелей байланысты. Бірде аялдаманың тұсында, жолдың бойына ілінген тақтайшаға жазылған «От басында сап-сау жүректер соғылсын!» деген жарнамаға көзім түсті. Айтар ойы, мәні жоқ, нені жарнамалағаны да түсініксіз сөздерді іштей қайталап тұрғанымда жаныма орта жастағы кісі жақындап: «Көптен бері ілініп тұр. Тілді бұлай қорлағанша жазбай-ақ қойса қайтеді? Осындайда телеарнадағы «Тіл сақшысы» жақсы еді. Ол да жабылып қалды», деді. Сөйтті де келіп қалған автобусқа қарай кетті. Кенеттен «Кешіріңіз, қайда салса болады единицаны?», деген жіңішке дауысқа елітіп, бұрылсам, жүзіме үңіліп, бір бойжеткен жауап тосып тұр екен. «Телефон нөміріне» дедім. «Сіз түсінбедіңіз» деді ол. «Мен айтайын дегем, где можно загрузить единицы?», деді тағы. Жақын маңда бірлік жүктейтін жер жоқ екенін қазақ тілінде айттым. Күнделікті тіршілікте мұндай мысалдар көптеп кездеседі. Бұл жай ғана нәрсе емес, тіл үшін маңызды мәселе екені белгілі әрине. 

Өкінішке қарай, анимациялық фильмдерден бастап, отандық киноға дейінгі, түрлі жарнамалардан мекемелердегі іс қағаздарға дейінгі қазақшамыз осы деңгейде. Бастапқыда алып мегаполис тұрғындарының орысша ойласа да, сөзін қазақша сабақтауға тырысып жүргенін көргенде «шүкір, қазақыланып келеміз» деп қуанып едік. Енді біртіндеп тілдің шұрайы кеміп, тікелей аударма тіліне айналып бара жатқанын да көз көріп жүр. Оған шетелдік мультфильмдер мен түрлі жарнамалардың тілі де өз «үлесін» қосуда. Тілді жауапсыз қолдана салу, бұзып сөйлеу, сөзбе-сөз аударып айту белең алып барады. Ал сөзді орынды қолдану, сөйлемді дұрыс құрастыру, қиюластыру, дыбыстау, сауатты жазу жайына мән беріп жатқан жандар көп емес сияқты көрінеді бізге. 

Жер шарындағы көптеген елдер ағылшын тілінің экспанциясынан қауіптенсе, бізде әлі күнге дейін орыс тілі үстемдік етуде. Орыс әдебиетінде қазақ тілін «ұлы тілге» теңейді. Бірақ неге екенін, тілдің шұрайлылығын, байлығын, тереңдігін, көркемдігін өзіміз сезінбейміз. Қазақ тілі ылғи қалтарыста қалып жатқандай көрінеді. Кезінде кітаппен өскен ұрпақтың сөз саптауы да ерекше болғанын өзіміздің ата-әжелерімізден білеміз. Алайда қазір ұрпақтар сабақтастығының үзіліп бара жатқанын байқау қиын емес. Десек те ендігі күнімізге көз салсақ, бәлкім, қазір айтылып жүрген түрлі пікірлердің ішіндегі «болашақта қазақ тілі дүниежүзіндегі ең санаулы тілдердің бірі болады» деген ойға сенім артқан жөн шығар деп ойлаймыз.

Бірде аудандық газетте өндірістік тәжірибеден өткен студент көбінесе сырттан келетін материалдардың сауатсыз болатынын, газет тілшілері автордың және редакция басшыларының сұрауы бойынша түзеп, өңдеп, жөндеп, бетке салатынын, сонда авторлар өзінің жаза алмайтынына қысылмайтынын айтып, таңғалып еді. Шынында да, мақаланы айтпағанда, сөйлемді дұрыс құрау, қатесіз жазу деген мәселеге келгенде көп адам қиналатынын күнделікті өмірде байқап қаламыз. Ал мемлекеттік тілді дамытудағы басты мәселелердің бірі – сауаттылықты арттыру емес пе? Тек жазу ғана емес, сөйлеу мәдениетіне келгенде де «қайран қалатын» тұстарымыз көп. Кей асабалар «тойшыл қауымдар» дейді, бәлкім көпше түрде айтса көбірек болып көрінеді деп ойлайтын шығар. Одан бөлек «Зима халада, гуси-гуси га-га-га, толыватыр тамада, қуыс-қуыс қалада, қол соқпайсыздар ма ааа» деген секілді «әдемі» әзілдеріне «қарық қылып» қайтарады. Асабадан бөлек, кейбір қонақтар да тойда тілек айту мен бата беру мәдениетін білмейді. Мұндай жағдайдың бәрі де тілдің дамуына, өзінің таза қалпын сақтап қалуына кедергі келтіреді. 

Сауаттылық туралы айтқанда жарнаманы да айналып өте алмаймыз. Теледидардан берілетін «Ана сүтінің алмастырушысы болып табылмайды; бояу түсім ұзағырақ сақталады; қалыптастыруға ықпал етеді; шексіз ләззаттың кішкентай бөлігі; әлсіз шаш маған тән емес; күтпеген ауа райы; 10 күнге дейін айнадай жылтырау» және өзге де жарнамалар соның дәлелі. Көшедегі жарнамалардың жайы да белгілі. Қожайыны қазақ болса да, ғимаратының есігіндегі жазуға мойын бұрып та қарамайтын енжарлар бар. Дейтұрғанмен, бұл тұрғыдан алғанда ілкімді істердің де атқарылып жатқанын айта кеткен жөн шығар. Мысалы, Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының араласуымен талай жарнама ретке келтірілді. 

Алаш арыстарының бірі Ахмет Байтұрсынұлы «Һәм жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде һәм сондай басқалық болады», дейді. Шынында да, бүгінгі мамандар қазақ тілі аударма тіліне айналып барады деп дабыл қағуда. «Аударма – тілді байытудың бір жолы», дейді. Бірақ қазір аудармашы көп. Әсіресе сөзбе-сөз аудармадан аяқ алып жүру мүмкін емес. Ақпаратты тез аламын деп ағылшын-орыс дереккөздеріне сүйенетін БАҚ аудармашыларының көбі өзіміздің тіл жүйесіндегі бар баламаны тауып, мәтіннің сапасын арттырудың орнына сыдыртып сөзбе-сөз аударып шыққанды оңай көреді. Осылайша, ғалымдар айта-айта жауыр болған «Орын алған», «Көз жұмған», «қайырылған» (бізде адамға да, мекенжайға да, телефонға да қайырылады), «қол жеткізген», «туылған» және тағы да басқа сөздерден әлі күнге дейін арыла алмай отырмыз. Мал, құсты «100 бас», «50 бас» деп, техниканы «2 бірлік», «4 бірлік» деп санаймыз.

Жаһандану деп жаңа технологияларды жатсынбай қабылдап, ғаламтор ұсынған WһatsApp қолданбасы, Facebook, Instagram сынды әлеуметтік желілердің жетегіне еріп кететін жайттар да көп. Алайда оның да пайдасымен қатар зияны бар екенін ғалымдар айтуда. Неғұрлым қысқартып жазуға машықтанған жастар «салем, каксын, норм, озин, не істеватсын, отырқ немесе жатырқ» деп сөйлеуді дағдыға айналдырып алғанын көз көріп жүр. Талай жас тик-токпен тәрбиеленуде. Оның да ішінен арзан дүниелерді көзіміз шалып қалғанда осы мәселе қанша қазақты алаңдатады екен деген қынжылыс болатынын несіне жасырайық. «Оттың шаласынан сөздің шаласы жаман» деуші еді. Осы шала сөздердің бізге тигізер зияны туралы ойланып көрдік пе?

Жалпы, қазіргі жастар бұрынғының адамдарынша сөйлеп, сөздің астарына бойлай алмайтыны анық байқалады. Бұрынғы ата-бабаларымыз сөз құдіретін, жауапкершілігін сезінген еді, қазір сөз қадіріне жете алмай жүргендейміз. Біз бүгін сөз талдайтын, тереңіне бойлай алатын, астарын аңғаратын, мәнін түсінетін жағдайдан алыстағанымызды мойындауымыз керек шығар. «Елдің тілі бұзылуына ең алдымен оқығандары себеп болады. Бұлар жат әсерлерге бағынғыш келіп, ана тілін өзгертуге жолбасшы болады», деген еді Алаш арыстарының бірі Халел Досмұхамедұлы. Бәлкім, осы мәселеге де аса мән бергеніміз дұрыс шығар. Қалай десек те, қазақтың қазіргі жиын-тойы, ғылыми басқосулар, қаптаған телебағдарламалар мен шоулар идеология құралы бола алмай отырғанын мойындауымыз керек. 

Адами тартымдылықтың бір белгісі шешендік өнерде десек, бүгінгі ойын жеткізе алмайтын, сөзге шорқақ ұрпақ осы қасиеттен ажырап бара жатқан жоқ па деген ой келеді. Абай да «Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал», дегенде осыны меңзесе керек. Жалпы, тілді білмеудің, дәстүрді меңгермеудің, рухани құндылықтарды игермеудің соңы қайда апарады? Көп сөзден алшақ болу қажеттігін, қысқа әрі нұсқа сөйлеуге талпынудың артықшылығын ой сарабына салып көрдік пе? Соңғы кездері қазақтың сөз қадірін түсінуі, жөн сөзге тоқтау, жалпы сөйлеу және жазу мәдениетінің деңгейі жетілуде ме, әлде керісінше төмендеп бара ма деген сұрақ қанша қазақты толғандырады екен? Міне, бізді осы мәселелер алаңдатады.

Ғалым Бижомарт Қапалбек «Қазір ең өкініштісі, тілдің өз ішінде шығармашылық (творчество в языке) жағы қатты ақсап тұр. Оған себеп көп: тілдік тұлғаның сапасының төмендігі, аударылатын түпнұсқа тілдің құрылымынан шыға алмау, тілдік ортаның ала-құлалығы, тіл саясатының пәрменсіздігі, тіл (сөйлеу) мәдениетін бақылайтын жүйенің болмауы, т.б. Ең бастысы мектептердегі қазақ тілі бағдарламасының әлсіздігі. Кейде мен кесімді, тіліп сөйлейтін жастарды немесе талантты жас айтыскерлерді, ақындарды көргенде біздің әлсіз, жүйесіз мектептен осындай дарынды балалар қалай ғана жарып шықты екен деп таңғалам. Біздегі оқу жүйесі 1-сыныптан бастап ұлттық шешендік өнерді дамытып, басқа сапаға көтеруге емес, өшіріп, баланы мылқау етуге бағытталған сияқты көрінеді. Меніңше, біздің қазақ мектептерінде жазуға (сауат ашуға) байланбаған сөз өнері деген пән жүргізілуі керек. Құймақұлақтық пен шешендік өнер біздің генімізде бар. Соны тірілту үшін бізге осындай пән керек-ақ», деді өзінің бір сұхбатында.

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Баймолдаев «Абай «Қазақ ақылсыздықтан азбайды, ақылдының сөзін ұғып аларлық жүрегінде қайрат, жігердің болмауынан азады», дейді. Осыны баланың санасына құйып өсірген жөн. Біз бала тәрбиелеу керек десе, оны өйтіп оқытайық, бүйтіп оқытайық деп даурығамыз, негізінде, үйдегі сөз түзелуі керек, ол үшін – баланың әкесі мен шешесін, атасы мен әжесін тәрбиелеуіміз қажет», дейді.

Міне, осы екі мәселе мықтап қолға алынса, нәтижесі болатынына сенім кәміл. Себебі ұрпақ тәрбиесі мектепте және отбасында қалануда. Мектептің жайы ұғынықты, ал үйдегі сөз түзелмейінше, сырттағы ісіміздің оңалмасы тіпті анық. 

Айгүл ӘНУАРБЕКОВА, 
М.Х.Дулати атындағы 
Тараз өңірлік университеті 
«Филология және журналистика» кафедрасының оқытушысы