Бабы келіссе, егін де бітік шығады
Бабы келіссе, егін де бітік шығады
Облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Шәкір Момынқұлов өңірде осы жылы 770,4 мың гектар алқапқа ауылшаруашылық дақылдарын орналастыру жоспарланғанын айтады. Бүгінде көктемгі егіс үшін жоспарланған алқаптардың Т.Рысқұлов ауданы 2 550 гектарын, Байзақ ауданы 1 160, Жамбыл 1 640, Қордай 1 455, Меркі ауданы 975 гектарын дән себуге дайындап үлгерген. – Облыс бойынша көктемде 104 мың гектар жер жыртылуы керек болса, 7 780 гектар жер айдалды. Жалпы 453 279 гектар жер дайындалуы керек болса, қазіргі таңда 6 382 гектар егіс алқабы дән себуге дайын. Оның ішінде 2 417 гектарға жаздық масақты дақылдар себіліп қойды. Жалпы көктемгі дала жұмыстарына 6 883 ауылшаруашылық техникасын қатыстыру жоспарланған. Оның 4 529-ы трактор болса, соқа – 1 071, қопсытқы – 457, дән сепкіш саны – 746, сонымен қатар 80-і тұқым дәрілеуге арналған техника. Көктемгі дала жұмыстарына қатысатын техникалар жөнделіп, оның 94 пайызы егіс даласында тыңнан түрен салуға сақадай сай тұр. Шаруаларға дизель отыны 204-214 теңге аралығында уақытылы беріліп жатыр. Диқандарды тыңайтқышпен қамту мәселесі де өз деңгейінде орындалып жатыр, – дейді Шәкір Мадиярбекұлы. Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру мақсатында облысқа осы жылға «Кең дала» бағдарламасы бойынша 1 миллиард теңге қаржы қарастырылыпты. Бүгінге облыс бойынша 15 ауылшаруашылық құрылымдарынан 128,3 миллион теңгеге өтінім түсіп, 10 шаруашылыққа 53,1 миллион теңге төленген екен. Былтыр көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы «Кең дала» бағдарламасы бойынша 109 шаруа қожалыққа 1 миллиард 58 миллион 900 мың теңге несие беріліпті. Көктемгі дала жұмыстары қызу жүріп жатқан ауданның бірі – облыс орталығына тиіп тұрған Байзақ ауданы. Мұнда ауылшаруашылық дақылдарын 59 760 гектарға орналастыру жоспарланған. Өткен жылға қарағанда егіс алқабы биыл 208 гектарға артпақ. Осы жылдың өнімі үшін аудан бойынша 8 750 гектарға күздік бидай егілген екен. Сонымен қатар 12 800 гектарға жаздық арпа, 2 100 гектарға дәндік жүгері, 50 гектарға дәнді бұршақ, 1 500 гектарға мақсары, 2 150 гектарға қант қызылшасын, 700 гектарға картоп, 7 660 гектарға көкөніс-бақша және 24 мың 50 гектарға мал азығы дақылдарын орналастыру жоспарланыпты. Аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Нұрғиса Қанқожаев ауданда көктемгі дала жұмыстарын негізінде шағын шаруашылықтар бастағанын, жалпы 2 мыңнан аса егіншілікті кәсіп еткен шаруалардың ішінде 80-і дала төсінде еңбек дүбірін қыздырып жатқанын айтады. – Ауылшаруашылық дақылын егуге арналған жер көлемі 30 460 гектар болса, оның ішінде 5 195 гектары осы көктемде жыртылатын жер. Қазіргі таңда 2 мың гектарға жуық егіс алқабынан соқа жүріп өтті. Биыл қант қызылшасын егуге баса мән беріп отырмыз. Өткен жылы қант қызылшасы 27 шаруашылықтың жеріндегі 1000 гектарға егілсе, биыл оның көлемі тағы да мың гектарға ұлғаймақ. Қант қызылшасымен биыл 40-қа жуық шаруашылық айналысады деген жоспар бар. Егіс алқаптарының ішінде былтыр 6 210 гектарға су үнемдеу технологиясы қолданылса, оның 382 гектары қант қызылшасы. Биыл жаңбырлатып, тамшылатып суару қондырғылары арқылы су үнемдеу технологиясын қолданатын алқапты 6 900 гектарға жеткізуге талпынып жатырмыз. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті тұқым көлемі 7 318 мың тонна, бүгінгі күнде тұқымның 4 164 мың тоннасы дайын тұр. Оның ішінде 2023 жылы егілетін жаздық арпаның 2 176 тонна тұқымы дайындалса, майлы дақылдар 28, дәндік жүгері 31, мал азығы дақылдары 84, картоптың 790 тонна тұқымы және қант қызылшасы тұқымының 1 315 тоннасы себуге дайын тұр. Жоспарға сәйкес дайындалған тұқымдардың сұрпына келсек, 3 тоннасы элита, бірінші репродукциялы тұқым – 367, екінші репродукциялы тұқым – 1 139, үшінші репродукциялы тұқым 1 593 тонна. Ал 1 062 тоннасы будандастырылған тұқымдар. Жетіспейтін қант қызылшасы, дәндік жүгері, картоп, сүрлемдік жүгері дақылдарының тұқымын шетелдік компаниялардан және басқа облыстар мен облыстың өзге аудандарындағы тұқым шаруашылықтарынан алу жоспарланып отыр, – дейді Нұрғиса Сәрсенбайұлы. Аудандағы 1 433 әртүрлі ауыл шаруашылық техникасының ішіндегі 942-ісі көктемгі егіс науқанына жұмылдырылмақ. Бүгінде аталған техникалардың ішінде 550 трактордың 517-сі, 205 соқаның 193-і, 138 қопсытқыштың 127-сі, 43 дән сепкіштің 38-і және 6 тұқым дәрілегіш көктемгі дала жұмыстары үшін біртіндеп пайдаланыла бастаған. – Ауданның ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне 1 040 тонна кепілдендірілген дизель отыны үлестірілуде. Жанармай «Тараз VIP Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «Азия Нефтепродукт» ЖШС арқылы таратылып жатыр. Ақпан айында шаруаларға 520 тонна үлестірілсе, наурыз айына – 325, сәуірде 195 тонна босатылатын болады. Шаруашылықтар дизель отынының әр литрін 204 теңгеден сатып алып жатыр. Бүгінге 30 шаруашылықтан 160,1 тонна жанармайға өтінім түсіп, 16 шаруашылық 63,6 тонна дизель отынын алды, – дейді Н.Қанқожаев. Байзақ ауданында көктемгі дала жұмысын ырғақты жүргізіп жатқан ұсақ шаруашылықтың бірі – «Айдана» шаруа қожалығы. Оның төрағасы Қабылбек Рахманбердиев биыл 300 гектарға ауылшаруашылық дақылын егуді көздеп отыр. Айтуынша, екі-үш апта бұрын басталған науқан барысында 100 гектардан аса алқап жыртылып, қазір арпа себу жұмысы да жанданыпты. – Біз негізінен ақ егіс егумен айналысамыз. Өткен жылы қара күзде күздік бидайды сеуіп тастағанбыз, ал көпжылдық шөптің ішінде жоңышқа – 46 гектар. Биыл 130 гектарға арпа егуді жоспарлап, осы шаруамен айналысып жатырмыз. Одан бөлек 30 гектар жүгері, тағы осыншама гектарға қант қызылшасын отырғызбақшымын. Арпа егілген алқап «Ақшолақ» теміржол бекеті маңында болса, қалған егістіктер шаруашылығым орналасқан Жалғызтөбе ауылдық округіне тиесілі. Бір айта кетерлік жайт, негізінде өзімнің иелігімде 30 гектар суармалы және 20 гектар сүдігер жер бар. Қалғанын өзге жер иелерінен жалға алып, пайдаланып отырмын. Жер иелерімен келісім бойынша жылда өнімнің белгілі бір пайызын бөліп беру арқылы есеп айырысамын. Жерге өз қаражатымды салу арқылы өнім аламын. Техникалар да өзімнің жеке мүлкім. «Беларус-1221», «Беларус-95» секілді 3-4 трактор соқа-сайман, тіркемесімен қоса бар. «Нива» комбайнының қасына биыл Германиядан шыққан тағы бір комбайн алмақшымын. Науқан уақытында 3-4 механизатор жұмыс істейді. Қазір екі тракторды өзімнің қолымдағы кенже ұлым Ғабит пен тағы бір механизатор тізгіндеп жүр. Науқан уақытында олар жер жыртса да, дән сепсе де, алқапты қопсытып, тырмаласа да, егінді орса да еңбекақы әр гектарына төленеді. Өндіріп жұмыс істеген механизатор бір айда 350 мың теңгеге дейін табады. Биыл тауға қар аз түскен жоқ. Сондықтан ағын су мол болады деген үміттемін. Былтыр да егін ағын судан тарыққан жоқ. Қазір шаруалар ескі әдіспен алқап суаруды доғарып, мүмкіндік болса су үнемдеу технологиясын қолдануға көшіп жатыр. Алдағы уақытта біз де алқапты тамшылатып суару технологиясымен суарсақ, аз шығынмен мол өнімге кенелсек деген ниеттеміз, – деді Қабылбек Әлімқұлұлы. «Еңбек еткеннің ерні қимылдайды» дейді қазақ. Шаруа қанша жерден жанын сала еңбек етсе де оның өтеуі күзгі жиын-теріндегі түсімге байланысты. Сондықтан шаруа тұқымды дұрыс таңдап, дәнді ылғал мол кезде әрі жер қызғанда және құрғап кетпей тұрып сепсе, уақытылы суарып, бабын келістірсе егін де бітік шығады, дән де толық болады. Ал егін бітік болса, әрине, елдің берекесі артады.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ