Мәдениет

"ЕҢБЕКСІЗ ӨНЕР ЕШҚАШАН ДАМЫМАЙДЫ"

"ЕҢБЕКСІЗ ӨНЕР ЕШҚАШАН ДАМЫМАЙДЫ"

Қазақта аққудың сұңқылына әуен жазған әншілер аз болған жоқ. Кешегі Нартай, Әсет сияқты әншілердің аңызы бүгінге дейін елді елеңдететіні шындық. Қазір де қазақ ән өнерінің арнасына тың ағыс қосқан тұлғалардың жолын жалғап, ізін қуып келе жатқан талантты өнер иелері жоқ емес. К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы, әнші Бақыт Шағырбаевты да осы қатарға жатқызуға болады. Жуырда өнерімен елдің ықыласына бөленген әншімен сұхбаттасып, көкейдегі көп сауалымызға жауап алып қайттық. – Бақыт Қысатайұлы, сұхбатымызды «Адамның туған жерінде жарты жүрегі қалады» деген аталы сөз аясынан бастасақ. Сіздің жарты жүрегіңіз қалған жер туралы білгіміз келеді.

– Рақмет! «Әркімге өз туған жері – Мысыр шәрі» демекші, қасиетті кағбам да, құбылам да – туған жерім Тамды ауылы. Тамды ауылындағы қарапайым отбасында дүниеге келдім. Әкеміз механизатор болып еңбек етсе, анамыз үй шаруасында болды. Нағашыларым бесіктегі баласы жыласа да жыр шығарған Ұлы жүздің ішіндегі Шапырашты атадан тарайтын Екей руынан шыққан. Атақты ақындар Сүйінбай, Жамбыл, қара қобыздың иесі атанған Түктібай, әйгілі домбырашы Нұрғиса Тілендиевтің елі ғой. Тіпті ел ішінде Екей руы туралы: «Екейде елу бақсы, сексен ақын, Жаратып мінеді екен ептеп атын. Қобызы, домбырасын қолына алып, Гулейді жын қаққандай кешке жақын», деген де сөз қалған. Сондықтан «Жігіттің жақсысы нағашыдан» демекші, біздің де бойымызда тамшыдай өнер болса, нағашыларымның қаны арқылы келген. Әжем төркіндегенде нағашымның ауылына ертіп баратын. Сонда нағашыларым үйдің қасындағы бақта жиналып алып, әндетіп отыратын. Нағашыларым сауықшыл кісілер еді. Қастарында көп жүріп, өнер әлеміне аңсарым ауа берді. Сондай-ақ өнер анамның әлдиі арқылы бойыма сіңді деп ойлаймын. Негізі туғаннан солақай болдым, сөйтіп, өсе келе домбыраға әуестігім арта берді. Кейін ешкімнің үйретуінсіз сол қолыммен домбыраны дыңғырлататын дәрежеге жеттім. «Сол бойы кете бергенімде жақсы күйші болар ма едім?» деп те кейде ойлап қоямын. Бірақ амал не? Әжеміз солақай болуыма қарсы болып, оң қолыммен жұмыс істеуімді, тамақ жеуімді қадағалап жүріп, оңқай қылып жібергеннен кейін домбыра шерте алмай қалдым. – Шынымен де кешегі аналарымыздың әлдиінің өзі әнмен басталушы еді. Алайда қазіргі бесік басындағы келіндерде сондай халықтық сарын естілмейді. Неге? – Біз рухани жаңғыру деп қанша ұрандатсақ та түп санамыздағы ұлттық рухымыз оянбады. Қазір бесік жыры емес, бесікке салудың өзін дұрыс көрмейтіндер бар. «Миы шайқалады, кеудесі қысылады» деп бесікке де баланы жатқызбайды. Осылай ойлайтын келіндер мен аналардан сіз не күтесіз?! – Сол секілді қазіргі таңда халық әндерінің де тыңдарманы аз. Тіпті өзін халық әншісімін деп есептейтіндердің өзі халық әндерін көп айта бермейтіні қалай? – Байқайсыз ба, қазір бәрі асығыс. Тіпті асығыстығымыздан қазақтың дастарқанының басында айтылатын ән мен жыр да, әңгіме де қысқарды. Бір концертте ән айтатын болсаңыз, ұйымдастырушылар «ең жылдам әніңізді айтыңызшы» деп өтініш білдіреді. Тапсырма солай. Орындамауға сізде амал жоқ. Сондықтан әншілер барынша жеңіл әндер орындауға ойысты. Ал енді халықтың халық әндерін тыңдамауына келсек, бастысы қазақтың мінезі өзгерді. Халқымыздың рухани ләззәт алатын дүниетаным, түйсігі де өзгеріске ұшырады. Біз асықпай, жайдары отырып таң атыратын халық едік. Қазір ол қалпымыздан мүлдем басқа күйге ауыстық. Сондықтан мұнда сіз әншіні де, халықты да кінәлай алмайсыз. – Қазір әншілер тоймен жанын бағады. Әркімнің тойға шығу құны бар. Сондай-ақ бұрынғы заманда әншілерді «дауысы алты қырдан асады» деп бағалап жататын. Ал қазір тойханаларда ән айтқан әншілердің дауысы төрт қабырғаға қамалып қалғандай сезілмей ме? Жалпы ұлы даланың дауысы тарылып бара жатқан жоқ па? – Әншілер де адам ғой. Олардың да өзінің тіршілігі, тағдыры бар. Сондықтан тойға шығатын әншілерге көзқарасым теріс емес. Ал енді құнына байланысты айтсақ, әркімнің бағасы әртүрлі. Өзімнің бір тойға шығуға сұрайтыным 40 мың теңгенің айналасында. Той қазақтың барлық мәдениетінің көрінісі жинақталған орта еді. Ал қазір біз соны бұзып алдық. Мұның бәрі ұлттық идеологиямыздың дұрыс жүргізіліп жатпағанын көрсетеді. Әрине, мұндай жерде сенің өнерің де бағаланбайды. Талғам таяз жерде сенің талантың тырнаққа да татығысыз болады. Бұрын әнші де, ақын да тойға келіп, өлең оқып, ән айту арқылы танылатын. Қазір сіз бір күнде үш тойға барсаңыз да бәрібір танымалдылығыңыздың артуы екіталай. Өйткені қазір фонограмма жазып алып, сахнаны бермей жүргендер көп. Сондықтан ұлы даланың дауысы тарылса, ол қазіргі әншілердің жауапсыздығынан деп білемін. – Расында да бұрынғы заман әншілері мен қазіргілерді салыстыруға болмайды. Оның үстіне бұрын әр аймақтың өзінің қалыптастырған мектебі бар болатын. Бүгін сол дәстүр бар ма? Сіз өзіңізді қай мектептің түлегі ретінде танисыз? – Мен Жетісу мектебінің түлегіне жатамын. Бұл кешегі Жамбылдан, Кененнен қалған жол. Менің ең алғашқы ұстазым – Алтынбек Қоразбаев. Одан кейін сырнайшы, сазгер Бексұлтан Байгелдиевтің көзін көрмесек те рухани ұстаз тұттық. Кейін Жақсыгелді Сейілов деген бір баянының өзі бір оркестрдің жүгін арқалаған ағамыздың артынан ердік. – Иә, біз әнмен қуанып, әнмен жұбанатын халықпыз. Сондықтан да кеше Кененді Оспанқұлдар әнмен жұбатты. Қазақта мұндай мысалдар көп. Себебі біздің көңіл айтуымыз бен жоқтауымыздың өзі жоғары дәрежедегі ноталармен байланысты. Ал сіздің өміріңізде біреуді әнмен жұбатқан сәттеріңіз болды ма? – Біздің асыл халқымыз өлімнің өзіне асқан мәдениеттілікпен қараған халық ғой. Оның өзінің жөн-жосығы болатын. Ал қазір ше?! Әкесі қайтыс болып жатса да жыламайтын, өмірдің бір заңдылығы ретінде қабылдай салатын болдық. Әрине, ол заңдылық екені шын. Бірақ онда атқарылатын ұлттық құндылықтарымыз бен өлімге деген ұлттық құрметімізді, оны аттандырудың өзі сын екенін біле бермейміз. Кешегі Нартайлардан тартып, жаңа өзіңіз айтып отырған Кененге Оспанқұлдың көңіл айтуы, бәрі-бәрі де осы бес күн жалғанның ауыртпалығын жеңілдету еді. Біреуді жұбатудың өзі қандай адамгершілік, тірі адам үшін қайғырып жылай алудың өзі бір бақыт емес пе?! Ал біз ше? Біз жылай алмаймыз. Сондықтан біреудің қайғысын бөлісіп, жұбата да алмаймыз. Сондай тасбауыр болып барамыз. Көңіл айту дегеннен келіп шығады. Өз басымнан өткен бір оқиғаны айтып берейін. Осыдан 11 жыл бұрын Қырымбек Көшербаев ағамыз қызметте жүрген кезінде Алматыға шақыртты. Барсам, ағамыздың туған құдасының анасы қайтып, жұбату шайын беріп жатқанының үстінен түстік. Сол кезде не айтарымызды білмей, состиып тұрып қалдық. Қасымда Айгүл Қосанова және басқа да бір топ әншілер бар. Сонда Қырымбек аға тұрып: «Жұбату шайы екені рас, бірақ сіздер құдамның көңілін жұбатып ән айтыңыздар» деп қолқа салған соң барып біз шешілдік. Соңында анасы дүниеден қайтқан құдасының көңілі серпіліп, бұл өмірдің өткінші екенін түсінгенін айтып, біздің иығымыздан қақты. – Қарап отырсам, дәстүрге де, сөзге де жүйрік екенсіз. Сіз өзіңізді кешегі сал-серілердің жалғасымын деп есептейсіз бе? – Мен сал-серілердің жалғасымын ба, жоқ па, оның бағасын халық біледі. Бірақ ел-елді аралап, тіпті ат тұяғы әрең жететін ең шеткері ауыл болса да барып, тегін концерт қойғанды жақсы көремін. Осыған дейін бірнеше ауданда тегін концерт қойдым. 2012 жылы Дінмұхамед Қонаев атамыздың 100 жылдығына орай қасыма Бейбіт Мұсаев, Серік Бейшен деген екі жігітті алып, 100-ге тарта ауылда тегін концерт қойдық. Мақсатымыз – елдің көңілін көтеру. Табиғи дауыста ән айтып, оларға өнердің әлі өлмегенін сезіндіру. Бір жағынан – жұрттың батасын алу. Біз қазір «Батамен ер көгереді, жаңбырмен жер көгереді» деген ұстанымнан айнып, ақшамен ғана көгереміз деп жүрген талантсыздардың арасында өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан да біз ауылдарға барғанда көбі бұлар өздерін жарнамалап жүр, үлкен сахнаға шыға алмай қалғандар деп ойлайды, бірақ әндерімізді естігеннен кейін концерттің уақытын ұзартуымызды сұрап тұрып алады. Бұйыртса, біз бұл игі дәстүрімізді жалғастырып, әр айда бір-бір ауданды аралауды бастаймыз. – Демек, сал-серілердей болмасам да солардай болу үшін еңбектеніп жүрмін дейсіз ғой... – Әрине, еңбексіз өнер дамымайды. Қазіргі таңда адамдар еңбек етпей ақша тапқанға құмар. Қара жұмыс істегісі келмейді. Оның зардабын көріп те жатырмыз. Бұл өте қауіпті үрдіс. Адам тарихтан еңбекпен ғана байып, адал термен ғана нәпақасын тауып жеген. Әрі көп қимылдағанның денсаулыққа пайдасы да зор. Біз кейінгі жастарға еңбектің қадір-қасиетін ұғындыруымыз керек. Жастар өзін-өзі қамшылап, алға қарай құлшынуы керек. Біздің ата-бабамыз да сондай еңбекқор болған. Еңбектің артында іс жатады. Ал жатыпішердің артында жемқорлық, жұмыссыздық, масылдық жатады. Сондықтан әркім өз болашағын өзі жарқын қылуы үшін құлшынуы керек. Өнер де еңбек. Бір пайыз талант болса, қалған тоқсан тоғыз пайыз еңбек сізге сәттілік алып келеді. Міне, соны өнер адамдары да түсінуі керек. – Кешегі ел ішіндегі өнерпаздар елден алған дүниесін елге беріп кетуші еді. Бүгінгі өнер иелерінде сондай қасиет, мәрттік бар ма? – «Дүние дос болмайды» деген ұстанымдағы елміз ғой. Жарылқасын Аманов ағамыз: «Барың болса қонақтан аямағын, Жалғыз жеген ас болмас жая-жалың. Адам күні адаммен, көпті көріп, Көп көргеннен көгерер саябағың. Пейілде ғой бәрі де берекенің, Көл етемін десең де шөл етемін. «Малымды алсаң ал, Құдай, пейілімді алма», Деген қазақ ұмытпа ел екенін», дейді. Сол пейіліміздің арқасында елден кенде қалған жоқпыз. Халық ешқашан өлтірмейді. – «Қазақ қартайды» деп Біржан салдың кейитіні бар. Сіздіңше, бүгінгі қазақ қандай күйде? – Бүгінгі біздің қазақ шала-жансар күйде. Не ұйқыда емес, не ояу емес. Осылай екіұдай күй кешіп отыр. Егер Біржан салдар қазіргі осы дәуірді көрсе, кешегі өзінің қазағын мың мәрте аймалап сүйер еді. – Сіздің есіміңіздің Бақыт болуы тағдырыңызға әсер етті ме? – Шаңырағымызда төрт қыздан кейін дүниеге келіппін. Сондықтан да шығар, мені әжем қатты жақсы көріп, тіпті өз шешеме де бермей, өзі етегіне салып жүріп бақты. Қызғанатыны соншалық, әжем түнде мені бесікке бөлегенде бесікбауына өзінің қолын қосып орайды екен. Ұйықтап жатқанда мені біреу алып кетпесін дегені ғой. Сондай әженің арқасында атыма затым сай болып, бақытсыздықты көрмей-білмей өстім. Өнерге жаңадан қадам басқан кезімде, яғни 1992 жылы Талас ауданына Дінмұхамед Қонаев атамыз келе қалмасы бар ма? Сонда ұлы тұлғаның алдынан «Қара бауыр қасқалдақ» әнін домбырамен айтып шықтым. Сол кезде атамыз ризашылықпен маған батасын берген. Менің жолымды Алла Тағала осындай жақсы адамдармен түйістірді. Сондықтан есімімнің Бақыт болуы отбасыма және туыс-туғандарыма да бақытты сәттерді сыйлады деуге болады. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Шапағат ӘБДІР