Жаңалықтар

ЖҰЛДЫЗЫ БИІК ЖУАЛЫ

ЖҰЛДЫЗЫ БИІК ЖУАЛЫ

Жуалы жері – ерте заманнан халқымыздың құтты қонысы. Ауданның ресми құрылуы 1928 жылдың 3 қыркүйегінен бастау алады. Бүкілодақтық орталық атқару комитетінің шешімімен аудан құрамына кезінде осы күнгі Мыңбұлақ, Ақсай, Нұрлыкент, Қарасаз, Шақпақ, Күреңбел, Боралдай, Қошқарата секілді аумақтар енгізілді. Одан бері де аудан бірқатар әкімшілік-аумақтық өзгерістерді бастан өткерді. 

Жуалы ауданы 1951 жылы біздің облыстың құрамына түпкілікті берілді. Бұл өңір еліміз өз тәуелсіздігін алғаннан кейін дамудың даңғыл жолына түсіп, бүгінде экономикасы өркендеген, халқының әлеуметтік жағдайы жақсарған іргелі ауданға айналды. Мұнда экономиканың негізін ауылшаруашылық және кәсіпкерлік салалары құрайды. Бұл тізімге кейінгі жылдары туризм саласы да енгізілді. Ендігі кезекте өңір туризмінің көкжиегін кеңейту ісіне де айрықша көңіл бөлінбек. Ауданда 53 мыңнан аса тұрғын бар. Халықтың дені нәпақасын негізінен ауылшаруашылық және кәсіпкерлік саладан тауып жүр. Мұндағы елді мекендер 14 ауылдық округке біріктірілген. Өңірде халықтың әлеуетін арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен түрлі жобалар аясында қыруар жұмыс атқарылып келеді. – Жуалы топырағы – құт қонып, Қыдыр дарыған қасиетті өлке. Бұл жерді тарихшылар «Түрік қағанатының жазғы ордасы болған, желмаяға мініп, жерұйықты іздеген Асанқайғы бабамыздың табаны тиген қасиетті жер» деп дәріптеуден жалыққан емес. Тарихы тереңнен тамыр тартқан қастерлі де қасиетті өңірдің халқы ежелден адал еңбекті өмір салтына айналдырып келеді. Бағзы замандардан осынау киелі жерді тұрақ еткен халық негізінен егін және малшаруашылығымен шұғылданған. Қазір де бұл үрдіс өзгерген жоқ. Жалпы Жуалы ауданында бүгінде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Өткен жылы құны 5,5 миллиард теңгені құрайтын 41 бюджеттік инвестициялық жоба іске асырылды. Соның аясында өңірде көптен бері айтылып жүрген маңызды мәселе – Алатау және Диқан ауылдарында 100 және 180 орындық жаңа мектептердің ғимараты пайдалануға берілсе, үш бірдей орта мектептің ғимараты күрделі жөндеуден өткізілді. Сегіз елді мекенге ауызсу құбыры, бес ауылға кварталішілік газ құбыры тартылды. Бүгінде екі ауылда дәрігерлік амбулаторияның, бір ауылдық мәдениет үйінің және көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ үш елді мекенде алты жобаның инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымы жүргізіліп жатыр. 13 елді мекенде 22 ауылішілік көше және екі аудандық маңызы бар автомобиль жолы орта жөндеуден өткізілді. Жыл санап өңір тұрғындарының тұрмысына ең қажетті деген маңызды мәселелер – ауызсу мен магистарльді газ құбырын тарту жұмыстары біртіндеп шешіліп келеді. Мұның бәрі бірінші кезекте мемлекеттің қолдауымен, дәлірек айтқанда, ауылды дамытуға ел қазынасынан қомақты қаражат қарастырылудың нәтижесінде шешіліп жатыр. Осы күнге дейін Жуалы ауданында орналасқан 49 елді мекеннің 35-іне жаңадан ауызсу құбыры тартылып, осыншама ауылдың тұрғындары таза ауызсумен қамтылып отыр. Соның арқасында жуалылықтардың таза ауызсу тұтыну көрсеткіші 73,4 пайызға жетті. Одан бөлек сегіз елді мекенге таза ауызсу құбырын тарту жұмыстарын жүргізу қолға алынды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, ауданда 49 елді мекеннің 44-і табиғи газбен қамтамасыз етілді. Таулы аймақтағы бір елді мекенді магистральді табиғи газға қосу жұмыстары биылға жоспарланған. Ауданда газбен қамтылмаған Билікөл ауылдық округі ғана қалды. Ол округтегі төрт елді мекенге кварталішілік газ тарту үшін жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, магистральді газ тарту желілері мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Ауданда 2021 жылы 14 ауылішілік көше жөнделсе, былтыр 22 көшенің автомобиль жолдары орта жөндеуден өтті. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша өткен жылы аудандық мәндегі автомобиль жолдарын орта жөндеуден өткізу жоспарына үш жол енген. Атап айтсақ, жалпы ұзындығы 7,6 шақырымды құрайтын Шыңбұлақ ауылындағы, «Күйік –  Теріс –Ащыбұлақ» бағытындағы 10,63 шақырым жол және «Бауыржан Момышұлы – Береке-Жұрымбай» бағытындағы ұзындығы 8,26 шақырымды құрайтын автомобиль жолдарының құрылысы жүргізілді. Жыл қорытындысымен аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық үлесі 97,7 пайызды құрады, – дейді аудан әкімі Жалғас Мұртаза. Аймақта атқарылған оңды іс, шешімін тапқан мәселе көп-ақ. Тұтастай өңірдің күнделікті тыныс-тіршілігі мен болашағына қатысты мәселеге жіті тоқталсақ, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны көңіл көншітеді. Мәселен, өткен жылы ауданда жалпы өңірлік өнім көлемі 83 миллиард 932 миллион теңгені құрап, бұл көрсеткіш бұрнағы жылмен салыстырғанда 24,5 пайызға артық орындалыпты. Ал өнеркәсіп саласында 14 миллиард 695,1 миллион теңгенің өнімі өндірілген. – Аудандағы өнім өндіруші кәсіпорындар «AQMOL-2025» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «CMTC», «LF company» ЖШС өндірілетін өнім көлемін ұлғайтуларына байланысты жыл соңында өнеркәсіп өнімінің көлемі 100,2 пайызға орындалды. Ауылшаруашылық өнімдерінің жалпы көлемі – 55 миллиард 904,8 миллион теңге. Оның ішінде егіншаруашылығы бойынша 31 миллиард 634,3 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Биыл ауданда егіс алқабының көлемі ұлғайтылатынын ескерсек, егіншаруашылығына қатысты өндірілген өнім көлемі бұдан да молая түсетіні сөзсіз. Малшаруашылығы бойынша түсім 24 миллиард 268,4 миллион теңгені құрады. Ауылшаруашылық өнімінің жалпы көлемі былтырғы жоспардан 18,7 пайызға артық орындалды. Ауылдық округтер бойынша егілген егістік алқаптар толығымен жиналып, ауылшаруашылық саласының нақты индекс көлемін орындау барысында агроқұрылымдар жоғары әрі сапалы өнім алу әлеуетіне қол жеткізді. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі былтыр 9 миллиард 395,5 миллион теңгені құраған. Өткен жылы бөлшек сауда айналымы 3 миллиард 792 миллион теңгені құрап, 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 102,3 пайызды құрады. Көтерме сауда айналымы 3 миллиард 826,7 миллион теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 65,6 пайызға жетті. Құрылыс көлемі 5 миллиард 719,6 миллион теңге немесе 119,8 пайызға орындалды. Өңірдің дамуы негізінен мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына байланысты. Осы орайда ауданда «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясындағы жобалардың санын арттыру көрсеткіші толық орындалып, нәтижесінде 106 жоба іске асырылды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша ауданда барлығы 9 жобаны жүзеге асыруға 1 миллиард 114 миллион 6 мың теңге қарастырылып, оның ішінде үш орта мектепке 561 миллион 643 мың теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 333 миллион 253 мың теңгеге екі дәрігерлік амбулатория салынып, пайдалануға берілді. Ал жолдарды орташа жөндеуге 64 миллион 889 мың теңге қаржы бөлініп, Ақбастау ауылындағы Төле би, Қойгелді көшелерінің жөндеу жұмыстары толығымен аяқталғанын атап өткен жөн, – деді Жалғас Әлижанұлы. Ауылшаруашылық және өнеркәсіп салаларында барлығы 35 инвестициялық жоба іске асырылып, нәтижесінде 95 тұрақты, 3 уақытша жұмыс орны құрылыпты. Былтыр өнеркәсіп саласы бойынша 21 жоба бекітіліп, бұл көрсеткіш толық орындалған екен. 38 тұрақты жұмыс орны ашылған. Осы жылы ауылшаруашылық саласында 15 жоба жоспарланып, оның 14-і орындалған. 29 бюджеттік инвестициялық жоба іске асырылып, осының нәтижесінде 189 адам жұмыспен қамтылған. Жалпы 29 жобаның құны 4 миллиард 756 миллион теңгені құрапты. Ауданда тұрғын үй саласы бойынша былтыр 1 жоба, инженерлік-инфрақұрылым жұмыстарын жүргізу бойынша 6 жоба жүзеге асырылған. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында өткізілген белсенді шаралар нәтижесінде ауданда 1 144 адам жұмыспен қамтылыпты. Өңір басшылығы жас мамандарға мемлекеттік қолдау көрсетуді басты назарда ұстап келеді. Бұл бағытта былтыр республикалық бюджеттен жергілікті атқарушы органдарға мамандарды әлеуметтік қолдау шараларын іске асыру үшін берілетін бюджеттік кредиттер 144 900 мың теңгені құраған. Сонымен қатар бұл ауданда туризм саласы да дамып келеді. Ерекше табиғатымен талайды тамсандырған өлкенің өз ғажайыбы бір бөлек тақырып. – «Көксай» этно-туристік демалыс аймағы Батыс Тянь-Шяньның Талас жотасындағы солтүстік баурайда, Көксай шатқалында орналасқан. Аумағы 40 гектар жерге, яғни Көксай өзенінің бойындағы тау етегінде қонақтар үшін ағаштан жасалған коттедждер, арқан жолы, тамашалау алаңы, киіз үйлер, моншалар, спорт кешендері, қонақүйлер, бассейндер салу жоспарланыпты. Бүгінгі таңда тапшандар мен киіз үйлер қойылған. Жобаның құны 3 миллиард теңгені құрайды. Жоспар бойынша 40 адам жұмыспен қамтылады, – дейді аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Шыңғыс Боранбаев. Мейірімділік пен қайырымдылық жасау – халықтық қасиетіміз. Жетімін жылатпайтын, жесірін қаңғыртпайтын артықшылығымыз тағы бар. Өмір болғаннан кейін кейбір балалар өмірлік қиын жағдайларға тап болып, тағдырдың тауқыметін де тартып жататыны белгілі. Ал оларға мемлекеттен түрлі көмек көрсетіледі. Бұл бағытта 2021 жылдан бастап Жуалы ауданында «Мейірім» жобасы жүзеге асырылып келеді. Ауданда 18 жасқа дейінгі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 41 бала бар екен. Олардың 24-і жетім, 17-сі ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар. Осы орайда мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу үшін кезекке барлығы 39 бала қойылса, жекеменшік нысанында мұрагерлікке қалған екі баланың атында тұрғын үй бар. Жоба аясында 39 балаға «Отбасы банкі» акционерлік қоғамында арнайы есепшоттар ашылыпты. Ауданда барлығы 43 басшы қызметкер 39 балаға бекітіліп, балалардың аталған қаржы ұйымындағы есепшотына 43 демеуші арқылы 2021 жылы 886 500 теңге, былтыр 936 500 теңге қаржы аударылған. Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Жуалы ауданының бөліміне қарасты 30 орта, 3 негізгі, 6 бастауыш, 26 бөбекжай-балабақша, 1 шағын орталық, 6 жекеменшік, 3 өнер, 1 аула клубы және 1 педагогикалық-психологиялық түзету кабинеті жұмыс істейді. Білім саласын дамыту туралы айтар болсақ, «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 2023-2025 жылдар аралығында аудан орталығында 300 орындық жаңа комфорттық мектеп және №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназиясына жапсарлас акт залы мен шеберхана кабинеттерінің құрылысын жүргізу қолға алынбақ. Аталмыш жоба аясында бұдан да басқа білім нысандарында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы тектес ауданның денсаулық, спорт, мәдениет секілді салаларында атқарылған жұмыстар мен қол жеткізген жетістіктер жетерлік. Жуалы ауданы ауасы таза, жазы салқын, табиғаты әсем, тауы шатқалды, тарихы да бай өңір. Шетелдіктер шұрайлы жерді қолдан жасап, оған туристерді тарту арқылы табысқа кенеліп отырғанын ескерсек, Жуалының жұлдызы жана түсетін уақыты алда деп білеміз. Өйткені табиғаты туризмге сұранып тұрған бұл ауданда «Көксай» этно-туристік демалыс аймағы секілді жобалар көбейсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Нұржан ӘЛІШ