Мәдениет

ТҰНЫҚ ОЙЛЫ ЖАЗУШЫ

ТҰНЫҚ ОЙЛЫ ЖАЗУШЫ

Кеше ақын-жазушы Рафаэль Ниязбектің туғанына 80 жыл толуына орай Дінмұхамед Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен «Тұнық ойлы жазушы» атты әдеби микс өтті. Аталған іс-шараға қалалық мектептен тыс іс-шараларды өткізетін орталықтың «Жас тілші» үйірмесінің мүшелері мен облыстық «Жасөспірімдер үйінің» тәрбиеленушілері, сондай-ақ ақынның жақындары қатысты.

Іс-шараның шымылдығы Есенбай Дүйсенбайұлының «Рафаэльге» арнау өлеңімен ашылды. Ақынға деген құрметке толы жыр жолдарын «Жас тілші» үйірмесінің мүшесі Жұмаш Сағыныш оқыды. Әдеби кеш барысында «ZOOM» платформасы арқылы ақынның жары, «Қазақ» радиосының еңбек ардагері Гүлжан Мұхамадиева кеш иесі жайында жылы естеліктерімен бөлісті. Тағылымды іс-шараға марқұм Р.Ниязбектің немере-інілері – облыстық Д.А.Қонаев атындағы халықаралық қордың кеңесшісі Жапар Күздеубеков пен «Жастық жыры» жыр кітабының авторы Елдар Боранбек те қатысып, арнау өлеңдерін оқыды. Көрермендер қойған сұрақтарға жауап берді. Тағылымды басқосуда рухты поэзия оқылып, облыстық «Жасөспірімдер үйінің» тәрбиеленушісі Ақбота Алимбекова «Қазақ әйелі» өлеңін нақышына келтіріп орындаса, Інжу Жандарбектің орындауында «Туған ел» атты патриоттық ән шырқалды. Шара соңында қатысушылар «Тұнық ойлы жазушы» кітап көрмесімен танысып, ондағы әдебиеттерге библиографиялық шолу жасалды.

«AR-AI»-ақпарат