Білім

ҒАЛЫМДАРДЫҢ ЕҢБЕГІ ЕЛЕНГЕН КҮН

ҒАЛЫМДАРДЫҢ ЕҢБЕГІ ЕЛЕНГЕН КҮН

Ғылым қызметкерлерінің мәртебесін биіктететін кәсіби мерекелі күн – 12 сәуірде облысымыздағы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде салтанатты жиын өтті. 

Ізденімпаз ғылыми қызметкерлердің тынымсыз жұмыстары бағаланып, жетістіктері сараланып, осы салаға қоғамның назарын аудартатын атаулы күнде өткен салтанатты жиын аталмыш оқу орнының «Дулати жастары» театры өнерпаздарының мағыналы қойылымымен ашылды. Барша ғалымдар мен жас зерттеушілерді мерекемен құттықтаған М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма төрағасы-ректор Талғат Ешенқұлов оқу орнының ғылыми әлеуетінің жылжыған уақытпен бірге алға басып келе жатқанын айтты. – Бұл күнді тарихи мереке десек, артық емес. Себебі бұл мереке Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті, академик Қаныш Сәтпаевтың туған күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл күн ел экономикасының дамуында елеулі рөл атқарады. Себебі ғылымсыз, білімсіз, технологиясыз ел экономикасының табысқа жетуі мүмкін емес. Қазақстандық ғалымдар отандық ғылымның перспективалық бағыттарын дамыта отырып, маңызды міндеттерді шешуде белсенділігін көрсетуде. Үнемі үздіксіз ізденісті талап ететін еңбекте барын сала қызмет етіп жүрген ғалымдар мен ғылым кандидаттарын, жас зерттеушілерге телегей табыс тілеймін, – деді. Жүрекжарды лебізін жеткізген Талғат Ілиясұлы аталмыш оқу орнындағы ғалымдарды зерттеу жұмыстарының бағыттарына қарай арнайы төсбелгілермен марапаттады. Сонымен қатар бірқатар профессор-оқытушылар Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатпен, Тараз қаласы әкімінің Құрмет грамотасына және Алғыс хаттарына ие болды. Және университет ректорының, «Amanat» партиясының Құрмет грамоталары, Алғыс хаттары да еңбегі елеулі қызметкерлерге табыс етілді. Айта кетейік, бірнеше күннен бері аталмыш университетте ғылымды дәріптеу мақсатындағы іс-шаралар ұйымдастырылған. Университеттің бас ғимаратында оқу орнының ғылыми жетістіктерінің көрмесі ұйымдастырылып, қаладағы мектеп бітіруші түлектер келіп тамашалады. Оқу орнының ғалымдары Тараз қаласындағы жалпы саны 28 мектепке барып, оқушыларға дәріс оқыды. Сондай-ақ «Мен ғылымға құштармын» атты флешмоб, түрлі тақырыптық ашық дәрістер өткізілді.

Қ.РАХМЕТУЛЛИНА