Ауыл шаруашылығы

«Aq nur»-дың АЙРЫҚША ҚЫМЫЗЫ

«Aq nur»-дың АЙРЫҚША ҚЫМЫЗЫ

Бүгінгі таңда ел ішінде жылқы шаруашылығын дамытып, қымыз өндіруді қолға алған кәсіпкерлер аз емес. Атакәсібімізді өркендетіп жүргендердің қатары жыл санап көбеюде.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Меркі ауданының тумасы, жеке кәсіпкер Мақсат Әлімсейтов те бала кезінен атакәсіп – малшаруашылығымен айналысуды армандаған. Жас кәсіпкердің айтуынша, қазіргі кәсібін бастамас бұрын көп ойланып-толғаныпты. Кезінде әке-шешесі де төрт түлік мал бағумен айналысқан. Сондықтан Мақсат та әке-шешесіне қолғабыс ете жүріп, жылқыға жақын болып өскен. Мақсат Орыналиұлы басында 4 бие сатып алып, сауып, қымыз өндіріп, аудан тұрғындарын экологиялық тұрғыда таза, сапалы өніммен қамтамасыз етіп, көп өтпей жұмысының жемісін көре бастаған. Еңбегінің арқасында, отбасы мүшелерінің қолдауымен бірлесе бие санын 12 басқа жеткізіп, қымыз өндіру ауқымын кеңейткеннен кейін табыс көзі де ұлғая түскен. Шаруашылықтарын үлкейту мақсатында Жауғаш батыр көшесінің аяғындағы жер учаскесіне қора-жай салып, жаңа фазенданың қазығын қағады. Таңсәріде ерте тұрып, малды жайғап, күні бойы бірнеше рет бие сауудың машақаты оңай емес екенін мал баққан әрбір адам біледі. Сонда да барлық қиыншылықтарға төтеп берді, шыдамдылық пен төзімділік көрсетті. Сүйікті ісі түбінде жетістікке жеткізетініне сенімді болды. Бастаған кәсібінің нәсібін көре бастаған Мақсат малшаруашылығын әрі қарай қалай дамытуға болады деп көп ізденеді. Үлкендердің де ақылын тыңдап, мол тәжірибе жинайды. Қымыз өндірудің заманауи технологиясы мен дайын өнімді ұзақ уақытқа сақтау туралы сан алуан ақпараттарға қанығып, жаңа жүйеге сәйкес бизнес-жоспар құрады. Сонымен жұмысын жолға қойып, қымыз өндірісі модернизацияланып, бір литрлік пластикалық ыдысқа құю цехын ашып, өз өнімінің брендін үлкен ұлының есімімен «AQ NUR» деп атайды. Бүгінгі таңда мерейлі Меркі жерінде дайындалған «AQ NUR» қымызы Меркіде ғана емес, Алматы қаласының дүкендерінде сатылымға шығып, тәтті дәмімен елді сүйсіндіріп, көп сұранысқа ие болып отыр. Бүгінгі күні сауынды бие санын 150-ге жеткізіп, күніне жаз мезгілінде 400, ал қыс мезгілінде 300 литрге жуық қымыз өндіріп, нарыққа шығарып сатуда. Жуырда аудан әкімі Ж.Баубеков кезекті жұмыс іссапарымен Ойтал ауылдық округіне барғанында Мақсат Әлімсейтовтің қымыз өндіру цехында болып, қымыз өндіру технологиясымен танысқан. Бұл цехта кәсіпкердің дайындаған қымызды «AQ NUR» брендімен өндіріп жатқанын көріп, кәсібіне оң бағасын беріп, өзіміздің жергілікті өнімді үлкен нарыққа шығару қажеттігін айтып, мемлекеттен кәсіпкерлікті қолдау мақсатында берілетін көмектер жайында түсіндірген. Сонымен қатар жергілікті «AQ NUR» брендті қымыз өнімін Тараз қаласында ұйымдастырылған ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесінде көріп, танысқан облыс әкімі Н.Нұржігітов те жоғары бағасын беріп, ісіне сәттілік тілеген. Жас кәсіпкер ауданның әлеуметтік экономикасына қосқан елеулі үлесі үшін облыстың «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының алғыс хатымен де марапатталған. – Алдағы уақытта малшаруашылығын дамытуда көптеген жетістіктерге жеткен Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың жолын қуып, халқымның, елімнің өркендеуіне үлесімді қоссам деймін. Дана халқымыз «Өзің ішсең, артыңнан шығады, өзге ішсе, алдыңнан шығады» деген. Кәсібіміз әрмен қарай дамып, әрқашан халқымның рақметі мен алғысына бөлене берсек деген ойдамын, – дейді М. Әлімсейтов.

Бейбіт БЕКІ, Меркі ауданы, Ойтал ауылы