Әлеумет

«Жеке зергерлік брендімді қалыптастырғым келеді»

«Жеке зергерлік брендімді қалыптастырғым келеді»

Тамыры тереңнен бастау алатын зергерлік өнердің қазақ халқы үшін маңызы зор. Халқымыз бекзат өнерге әрқашан құрметпен қараған. Шолпы, білезік, жүзік, алқа, қазақтың ұлттық көлөнер бұйымдарын тізбелесең кете береді. Төл өнерді өңірімізде өркендетуді мақсат еткен жандардың бірі – Денис Черных.

Ұлты орыс болса да тарихи жәдігерлерімізге, дініміз бен ділімізге құрметпен қарап, ұлттық өнерді ұлықтап жүрген шебер жүзіктен бастап Құран аяттары жазылған бойтұмар, сырға, сағат секілді түрлі әшекей бұйымдарды да жасайды. Денистің есімі облыс орталығы тұрғындарына жақсы таныс. Шебердің қолынан шыққан небір әсем дүниелер көз тартарлықтай. Бұйымдардың аса талғампаздықпен, байыппен, шеберлікпен, ұқыптылықпен жасалғаны байқалады. Бәлкім, бұл өнерге деген құрмет шығар. Осы кәсіптің қыр-сырын меңгерген ол қолөнерлікпен мектеп жасынан, нақтырақ айтсақ, тоғызыншы сыныптан бастап айналысып келеді. Қазіргі таңда Тараз қаласындағы «Black Jewerly» атты өзінің шеберханасында тапсырыс қабылдап, көпшіліктің көңілінен шығуда. Кейіпкеріміз Тараз қаласының тумасы. Жастайынан қолөнерге қызыққан Дениске өзінің айтуы бойынша зергерлік, ұсталық өнер әкесі Николайдан дарыған екен. Дегенмен әкесі бұл кәсіппен өзі үшін ғана хобби ретінде айналысыпты. «Әке көрген оқ жонар» демекші, Денис бұл салада әкесін басып озды. Қаланың орталығындағы келісті шеберханасы 2009 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Шеберхананың «Black Jewerly» аталуы тегін емес. Кейіпкеріміздің тегі Черных қара түсті деген сөзден шыққан. Қара сөзінің ағылшынша аудармасы – «Black». Ал «Jewerly»-дің аудармасы – зергер. Осылайша шеберханың атауы «Черныхтың зергерлік бұйымдары» деген мағынаға ие. Он төрт жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан шеберхананың жалғыз зергері Денистің өзі. Жалғыздықта әрі тыныштықта жұмыс істегенді ұнататындықтан қасына көмекші алуды қажет санамаған. Дегенмен шеберханасына зергерлік өнерге қызығушылық танытқан шәкірттер жиі бас сұғып, ерекше өнердің қыр-сырына қанығып қайтады. Онда да Денис өз тәрбиесіне шын қызығушылығы бар, үйренемін деген ниеті зор оқушыларды ғана алады. Зергер бұл кәсіпке тек табыс әкелетін бизнес ретінде қарамайды. Жұмысын жанының қалауы әрі рақаты деп санайды. Қанша жылдық тәжірибесі бар оған тек облыс, республика көлемінен ғана емес, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей елдерінен де тапсырыс беруші жандар көп. Тіпті әлемді әуенмен әлдилеп, талантымен тамсандырған өнерпаз Робертино Лореттидің өзі Әулиеата өңіріне келгенде зергерге арнайы соғып, тапсырыспен «микторофон-трост» жасатқызған екен. Мұның өзі Денистің ісмерлігі жоғары деңгейде екендігін дәлелдеп тұрғандай. Оның шеберханасы – нағыз жұмыс қайнап жатқан орын. Келіп жатқан адамдардың қарасы үзілмейді. Әрқайсысының келу себептері әртүрлі. Сырғаның сынып қалған ілмегін салу, жүзіктің ортасындағы түсіп қалған қымбат тасты орнату, үзіліп қалған алтын алқаны қайта жалғау оған сөз емес. Бұл міндеттерді шебер сапалы әрі тез орындайды. Алайда Денис үшін зергерлік бұйымдарды өз қолынан жасап шығару қызықты. Шебердің жұмысы бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен эскизі құрастырылады, кейін металл элементтерін жөндейді, құяды және өңдейді. Мұнан соң ою-өрнектер мен жазуларды енгізеді. Бағалы тастарды өңдейді, тастарды қоятын бөлікті әзірлейді, эмальді немесе басқа да заттармен әшекейлейді. Сақина, алқа, білезік өлшемін келтіреді. Бұдан өзге де майда-шүйде жұмыстары көп. Әшекейлерді көбіне тапсырыс берушінің өтінішіне қарай, яғни нақты дизайнмен жасайды. Кейде өзінің қиялынан туған дүниелерді де тудырып жатады. Бір өкініштісі, Денистің сурет салу қабілеті мақтанарлықтай жағдайда емес. Сондықтан өз ойындағы қандай да бір бұйымды жасап шығарғысы келгенде, ең әуелі, ғаламтордан қиялындағы дүниеге жақын деген суретті іздеп табады. Оны шығарып алған соң суреттің артық жерін алып, керек жерін қосып, зергерлік бұйымды көңілінің қалауынша өңдейді. Осылай тамаша бір зергерлік бұйым өмірге келеді. Кейіпкеріміздің сөзінше, зергердің бойында барлық жақсы қасиеттер болуы керек. Соның негізгісі – шыдам мен үлкен сабыр. Әлбетте, бірден көзтартар дүние жасау мүмкін емес. Күні-түні алтын уақытыңды сарп етіп, бір затты бірнеше қайтара жасауың мүмкін. Міне, осындай сәттер төзімділікті талап етеді. Сондай-ақ зергер бұл іске тиянақтылық, тазалық, қайтпас жігер және ешкімнің ақысын жемейтін адалдық керек дейді. Қылқаламшы, ағаш шебері, ұсталар секілді зергерлер де шығармашылық адамдарының қатарынан. Олардың да ерекше, еш жерде қайталанбаған жаңа дүниені жасағысы келіп шабыты тасып тұратын, не болмаса қолы жүрмей, шабыты сарқыла бастайтын кездері болады. Соңғы жағдайдағыдай өзін жоғалта бастаған уақытта зергерге шабытты өз отбасы және табиғат аясы сыйлайды екен. Отбасымен табиғат аясына серуенге шығып, ұл-қызымен бірге балық аулап бір серпіліп алып, жұмысына үлкен құштарлықпен қайта кіріседі. Тұңғыш ұлы Станислав та әкесі мен атасының ізін қуып зергерлік өнерге жақын болып өсіп келеді. Десе де кейіпкеріміз ұлының өмірлік таңдауына араласпағанды жөн санайды. Себебі ұлының отбасылық өнерге қысым арқылы келгенін қаламайды. Денистің ұлттық зергерлік бұйымдарына деген құрметі айрықша. Бірнеше жыл бұрын археологиялық мұраларды қайта өңдеу жұмыстарына атсалысқан. Әрі Тараз қазақи құндылықтарды сақтаған орта болғандықтан қала тұрғындарынан ұлттық нақыштағы әшекей бұйымдарын жасауға тапсырыс жиі түседі. Мұндай қолөнер бұйымдарын ол үлкен ықыласпен, зор құрметпен жасайды. – Қазақ ұлтының зергерлік мұралары қаншалықты ғажайыпқа ие екенін тоқтаусыз айта беруге болады. Ол жайлы таңды-таңға ұрып әңгімелеуге дайынмын. Қазақы нақыштағы зергерлік бұйымдарға деген қызығушылығымды айтып жеткізе алмаймын. Бұйырса, шеберханама қатысты көптеген жоспарларым бар. «Black Jewerly» атауымен зергерлік әлемінде жеке брендімді қалыптастырғым келеді. Яғни ұлттық өнерімізді әлемдік брендке айналдыру ниетім бар. Тараз былтыр Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, тарихи қаламыздың атын шығарсам деймін. Тараздың сан тарихынан сыр шертіп жатқан айрықша бір бұйым жасап шығару ойымда бар. Өз қаласын, өзі ісін шын сүйген әрбір шығармашылық адамы осыны армандайды, – дейді зергер. Бүгінгі күні зергерлер үшін көптеген мүмкіндіктер қарастырылған. Жаңа замандағы 3D принтерінің көмегімен ең күрделі деген заттардың пішіндерін жасауға болады. Көптеген зергерлер бағалы тастар мен металдарды өңдеу үшін заманауи технологияларды қолданады. Көздің жауын алатын әшекей бұйымдар қазір компьютерлік бағдарламалар мен арнайы технологиялармен жасалады. Осындай мол мүмкіндіктерге қарамастан, Денис барлық тапсырыстарды өз қолымен орындайды. Себебі зергерлік өнер таза қол еңбегін қажет етеді. Оның айтуынша, жаның рақат тауып, өз қолыңмен жасаған бұйымға еш нәрсе жетпейді. Әрі таза қол еңбегі сапалы шығады. Өнерге ұмтылысы ерекше кейіпкеріміздің биік белесті бағындыратынына біздің сеніміміз мол.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ