КҮРДЕЛІ ОТАНЫҢ НӘТИЖЕСІ: бас та, ми да аман
КҮРДЕЛІ ОТАНЫҢ НӘТИЖЕСІ: бас та, ми да аман
Облыстық көпсалалы балалар ауруханасының нейрохирургтарына үш айлық баланың ата-анасы сәбдің бас пішінінің дұрыс дамығанын айтып, шағымданған болатын. Тексеруден және аспаптық диагностикадан кейін дәрігерлер балаға сагиттальді краниосиностоз диагнозын қойды. Бұл – бір немесе бірнеше бассүйек тігістері мерзімінен бұрын өсіп, бассүйектің деформациялануына және мидың қалыпты дамуына кедергі келтіретін ауру. Сондай-ақ мұндай диагноз мың баланың біреуіне ғана қойылады. Дерттің күрделілігін ескере отырып, баланы отаға мұқият дайындаған соң нейрохирургтар Саят Жұмабаев, Мирдас Мурадов, Мирсаид Байматов және реаниматолог Равшан Пулатовтың қатысуымен эндоскопиялық патч – краниотомия жасалды. Нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Саят Жұмабаевтың айтуынша, краниостенозға арналған эндоскопиялық реконструктивті операциялар 6 айға дейінгі балаларға жасалады. Ол мұндай кішкентай балаға операция жасау өте маңызды екенін атап өтті. Сондықтан дәрігерлер эндоскопияны қолданған. Яғни кішкене тіліктер арқылы олар тігіс орнына жетіп, оны «кесіп алып тастаған». – Бұл – арнайы педиатриялық нейроэндоскоптарды, басқа да эндоскопиялық құралдардың зақымдануын болдырмайтын арнайы конструкциялы бор мен жоғары жылдамдықты бұрғыларды қолдана отырып шамамен 3 сағатқа созылатын күрделі операция. Барлық манипуляциялар 4-5 сантиметрден аспайтын кесу жолымен бейнебақылау арқылы жүзеге асырылады. Мұндай операциялар кезінде қан көп жоғалтпайды және оңалту кезеңі де ұзаққа созылмайды. Операциядан және бақылау компьютерлік томографиясынан кейін 3-4 күн өткен соң балалар стационардан шығарылады, – деді С.Жұмабаев. Қазіргі уақытта кішкентай науқас өзін жақсы сезінеді және үйге шығаруға дайындалып жатыр. Дәрігерлердің сөзінше, басындағы кішкентай тыртықтар көп ұзамай мүлде білінбей кетеді екен. Сарапшылардың пікірінше, краниосиностоз – күрделі ауру. Оның негізгі белгісі – сүйек тігістерінің ерте өсуінен пайда болатын бассүйектің ми бөлігінің деформациясы. Оның клиникасына бассүйектің деформациясы, интракраниальді гипертензия белгілері, оптикалық жүйке патологиясы, психикалық дамудың артта қалуы жатады. Сирек кездесетін ауру бет сүйегінің ауытқуларымен қатар жүреді. Оның диагностикасына бассүйек тігістерінің өсу дәрежесін бағалаудан және физикалық тексеру, рентгенография, КТ және МРТ арқылы сүйек ақауларын анықтау кіреді. Негізгі емдеу шарасы – бассүйек пішінін ерте хирургиялық түзету.
Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі