Сәнденемін деп сырқаттанып қалмаңыз
Сәнденемін деп сырқаттанып қалмаңыз
Қатыгездіктің неше түрі көбейіп, зорлық-зомбылық тыйылмай тұрған кезеңде қыз баланы суық көзден сақтаудың бір жолы – шашын жинап жүруге үйрету. «Қыз шашын жинаса, еркек есін жинайды» деген сөз бекер айтылмаған. Ертеректе әжелердің «түнде басыңды жауып шық», «баскиіміңді киіп шық» деп құлаққа құйып отыратын ескертуі бүгінде ұмыт қалды. Содан да шығар, бір нәрсенің шалығы тигендей аяқасты дертті болып, түсініксіз сырқатқа шалдыққандардың көбейгені. Сән үшін жасалатын тырнақ күтіміне байланысты айтылатын ескертулер де көп. «Жаным тырнағымның ұшында тұр» дейді қазақ. Бұл сөзге көп тұрақты тіркестің біріндей қарайтындар көп. Дәрігерлер адам наркозға түсіп, ота жасалғанда адамның тырнағына қарап, бақылайды дегенді айтады. Бұрын ес-түссіз жатқан адамның өлі-тірі екенін тырнағынан айыратын болған. Қас пен тырнақтың сәндік үлгісіне қарай қазір осындай қызмет көрсететін мамандарға деген сұраныс арта түскенін де айту керек. Бір айта кететіні, мұндай қызметті арнайы курста оқып-үйреніп алған қыз-келіншектердің кез келгені көрсете алатын болған. Тапсырыс та көп, табысы да жақсы. – Ауылға төркіндеп келгенімде таныстарыма қазіргі үлгімен қасын әрлеп бере алатынымды айтып едім, тапсырыс көбейіп, бірер күнде біраз табыс таптым. Арнайы курс оқып, сертификат алғаныма біраз болған. Туған-туыстарымның өзі әр күні кезекпен келіп, қасын сәнмен әрлеп, боятып жатты. Бұл екі кезеңдік жұмыс. Алғаш қасты қырып, формасын келтіріп, бояп қоясыз. Арада біраз уақыт өткен соң қайта бояу керек. Енді сол үшін бірер аптада қайта келуіме тура келіп тұр, – дейді меркілік Гүлмира Тоқтарбайқызы. Қолында сертификаты бар, ең бастысы, тапсырыс та түсіп тұр. Мейлі табыс тапсын-ақ. Қарап отырмай кәсіп үйреніп, осылай үйге шақырту алып, қызмет көрсетіп жүргендер көп. Сән салондарына сабылып жүрмей, қалаған уақытында шақыртып алуға болатындықтан көшпелі қызмет көрсететіндердің көмегіне жүгінетін болған көбісі. Екі тарапқа да тиімді екендігіне сөз жоқ. Алайда... Мәселе осы «алайда» деген көкейде іркіп қалған түйткілден шығады. Көшпелі қызмет көрсететіндер санитарлық талаптарды қаншалықты сақтап жүр? Құрылғыларын қаншалықты залалсыздандырып отырады? Кешегі коронавирусты былай қойғанда, ине немесе қанға вирусы түсуі мүмкін басқа да жұқпалы ауруларды ұмытпау керек. – Татуаж, татуировка, басқа да инемен жасалатын немесе егеп-қырып жасайтын кез келген сәндік процедуралардан келетін қауіп көп. Себебі теріге әсер ететін болғандықтан қанға вирус түсуі мүмкін. Олай дейтінім, бірер жыл бұрын өңірімізде гепатит ауруына шалдыққандар аяқасты көбейіп кетті. Көпшілігі – қыз-келіншектер. Олар өздерінің дерт жұқтырғанын бастапқыда білмеген. Сырқаты асқынған кезде ғана келіп, ұзақ уақыт емделуге мәжбүр болды. Кейін гепатитке шалдыққандар неге көбейіп кетті деп ойландым. Мұның бір себебі бар ғой. Осы сауалдың жауабын іздеп, науқастардың вирусты қалай жұқтырғанын зерделеп көрдім. Тіс дәрігеріне қашан барғанын, татуажды қашан жасатқанын сұрап, сауалнама жүргіздім. Сондағы жасаған қорытындым – бірді-екілісі ғана біраз уақыт бұрын тісін емдеткен. Қалғаны – сән салонынан шықпайтындар болып шықты. Вирустық гепатиттің В, С түрлері қан арқылы жұғады. Тағы бір есте сақтайтын жайт, вирустың бұл түрі жоғары температурада залалсыздандырғанға өле салмайды. Сән салондарында бірреттік инелерді пайдаланады деген күннің өзінде, басқа құрылғыларды ауыстыра бермейді. Ал вирус түскен қан сол құрылғыларға жұққан болса, келесі тұтынушыға ауру жұқпайды деп айта алмайсыз. Гепатит жұқпалары бүкіл әлемге таралған. Әлемде жарты миллиард адам В немесе С гепатитінің созылмалы түрімен ауырады. Мұндай созылмалы инфекциялардың салдары 57 пайыз жағдайда бауыр циррозына, 78 пайызында бауырдың алғашқы обырына әкеп соғады, – дейді гастроэнтеролог дәрігер Мейрамкүл Сапарқұлқызы. Сән қудық. Мәннен айырылдық. Қазіргі қоғамның бейнесі ешнәрсеге таңғалмайтын, таңғалу былай тұрсын, небір келеңсіздікті көрсек те көрмегендей жүре беретін болдық. Ұлды тұлымынан, қызды бұрымынан айыратын күн келмеске кетті. Әу баста қой дейтін ешкім шықпаған соң жапсырып шалбар киіп, опа-далап жақпаса да сызылып сөйлеп, «сыңғырлап» күлетінді шығарды жігіттер. Ал бойжеткендердің «қылығы» тіпті құбылып сала берді. Әуелгіде шаш жайғанын ерсі санамап едік, басына жай түскендей түрлі-түсті кемпірқосақтар жер бетінде қаптап шыға келді. Ол былай тұрсын, денесіне сурет салып, ашық-шашық жүруді ерсі көрмейтіндер көбейді. Бір қорқатынымыз, жастардың мұнысына тәйт дейтіндердің табылмай тұрғаны. Табыла қалған күнде оларды жабыла жүндеп, кінәлап шыға келетіндер көбейді. Жақында қыздардың шашының түсі мен татуировкасына байланысты әлеуметтік желіде едәуір дау туды. Қызды-қыздымен оның сипатын өзгертіп сала берді. Екіұдай пікір қалыптастырып, желі қолданушыларын екіге жарған жазба туралы бірін жақтап, бірін ақтап алуға тырыспаймыз. Әйтсе де осы секілді қоғамдық түйткілдерден айналып өтуге де болмас.
Айбибі БЕРІКБАЙ