Жамбыл жаңалықтары

ЖАМБЫЛ ЖУРНАЛИСТИКАСЫНЫҢ ЖАМПОЗЫ

ЖАМБЫЛ ЖУРНАЛИСТИКАСЫНЫҢ ЖАМПОЗЫ

Қазақ журналистикасының негізін алашордалықтар қалаған десек, еш қателеспейміз. Содан бері қазақ даласының ақпарат айдынында қаншама қайық жүзіп, кемелер қайраңдады десеңізші?! «Әдебиет – ардың ісі» десек, «журналистика – әділдіктің қанаты» деуге болар. Ал әділдік қанатын қатайтуды мақсат еткендердің қай кезде де «Аузыңнан шықпаған сөзге өзің қожасың, ал аузыңнан шыққанннан кейін сөзің өзіңе қожа» деген қағиданы ұстанғаны даусыз.

Бүгінгі ақпарат – қоғамның айнасы. Ертеңгі ұрпақ архивтегі сарғайған газетті оқи отырып, сол кездегі қоғамның өз кезіндегі беталысын, жасалған реформалар мен берілген уәделерді бетпердесіз көре алады. Сондықтан да журналистерді Шерхан Мұртаза «Жегені жантақ, арқалағаны алтын» деп бағалады. Сондай сорабы бөлек соқпақ салған жандардың қатарында жамбылдық жерлестеріміз Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев, Мақұлбек Рысдәулеттер де бар. Ал ортамызда жүрген бағыты бөлек Баттал Жаңабайұлы атамыз осы азаматтарға аға бола білді. Артынан талай буынды ерткен ақсақал биыл 95 жасқа келіп, журналистиканың бағдаршамындай болып арамызда жүруінің өзі – бір ғанибет. Баттал Жаңабайұлы өзінің саналы ғұмырын журналистика саласына арнады. Ол жоғарыда біз айтып кеткен алашордалықтардың аманатына адал болған жан. Олай дейтініміз, 1922 жылдан бастап «Кедей еркі» деген атпен шыққан басылымның алғашқы ұйымдастырушысы және редакторы, Алаш қайраткері Сыдық Абланов болса, кейін аталған газетті Баттал атамыз басқарды. Міне, осының өзі де алтын шынжырдай жалғасқан журналистика саласы туралы бірталай дүние айтуымызға түрткі болады. Еңбек жолын алғаш Семей қаласындағы облыстық «Екпінді» газетінің редакциясында әдеби қызметкер болып бастап, одан кейін жауапты хатшының орынбасары, жауапты хатшы, партия тұрмысы және үгіт-насихат бөлімдерінің меңгерушісі қызметін атқарған. 1957 жылдың тамызынан бастап «Сталиндік жол», кейіннен «Еңбек туы» (қазіргі «Aq jol») газетінде үгіт-насихат бөлімін басқарады. 1962 жылдың сәуірінен Жамбыл облыстық партия комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісінің орынбасары сияқты өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарса, 1963 жылдың сәуірінен бастап үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің әрі обком хатшысының орынбасары болды. 1965 жылдың 6 ақпанынан 1985 жылғы наурызға дейін облыстық «Еңбек туы» газетінің бас редакторы қызметін атқарды. Осылайша қарапайым еңбек адамынан халық қадірлеген қалам қаһарманы болғанша аянбай тер төкті. Сол терінің бодауын өзінен кейінгі жастар да көруде. Журналистика саласының қара жұмысы адамды қажытады. Әрі журналистерді басқарып, оларды бір бағыттағы жолға салу екінің бірінің қолынан келмейді. Әрине, Баттал атамыз ешкімге жазуды үйретпейді. Бірақ ол кісі қалай жазуды, сөзді қайткенде халықтың қажетіне жаратуды үйретеді. Бас редактор болу басшылық ету ғана емес, ол – бағдаршам болып, өзінің қол астындағыларға жол көрсету. Дейтұрғанмен шығармашылық адамдары мінезді келеді. Олардың ноқтаға басы сыймайды. Міне, осындай ұжымды алақанында ұстап, оларды тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай, әрбірінің өзінің қалам қуатына қарай қадамын байқап отыратын қазыналы қарт бүгінге дейін газет-журналдардың хал-ахуалын сұрап, өзінен кейінгі жас буын редакторларға ақыл-кеңесін аяған емес. Әрине, кешегі «Кедей еркі» болып жұмысын бастаған газеттің бүгінгі «Aq jol» болып ғасыр басылымына айналуына елеулі үлес қосқандардың ішінде аға буынның алар орны бөлек. Атап айтар болсақ, алдыңғы буын ағалар салған сара жолды кейінгі буын інілер жалғады. Мысалы, Баттал атамыздың замандастары әрі інілері Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев, Мақұлбек Рысдәулет, Несіпбек Дәутайұлы, Асқаржан Сәрсек, Тынышбай Рақым, Жақсылық Сәтібеков, Елен Әлімжан, Мұрат Сыздық сияқты белгілі ақын-жазушылар болса, олардың соңынан ерген Ғалым Қасабай, Қуаныш Иембердиев, Көсемәлі Сәттібайұлы, Қуат Әуесбай, Оралхан Дәуіт, Хамит Есаман секілді елге танымал азаматтар Әулиеата өңірінің ақпарат көшін бастап келе жатыр. Мұның бәрі де аймақтағы ата басылымның жүгін арқалаған қаранарлар. Ал Баттал Жаңабайұлының бүгін өзі де қос елуді еңсеріп, тоқсанның төртіне келіп, төрт құбыласын бағдарлап, ақсақал болып арамызда жүруінің өзі де бір қазына іспетті. Шынында да Баттал Жаңабайұлының аты шыққанда біздің есімізге ол кісінің облыстық бұрынғы «Еңбек туы» газетін 20 жыл бойы басқарғандығы түседі. Бір газетке 20 жыл бойы тер төгіп еңбектену ешкімнің де қолынан келе бермейтіні анық. Ал ол кісінің сол кездегі редакторлық қызметтің де, облыстық партия комитетінің де, журналистердің де, оқырманның да көңілінен шыққан шеберлігіне, кадр таңдаудағы талғампаздығына таңғалмай тұра алмайсыз. Ежелгі қытайдың бір данышпанының «Соғыста жеңіске жету патшаның ақыл-айласының көптігінде емес, қайта сол соғыста өз әскерлерін жұмылдырып, дұрыс басшылық істей алатын жақсы әскербасы таңдай алуында» деген сөз бар. Баттал атамыз, міне, осы бағытта өте кірпияз болғанын ізбасарлары аңыз етіп айтады. Сол себепті де Баттал Жаңабайұлының қол астында жұмыс істеген бірталай азаматтар бүгінде ел ішіндегі түрлі ақпарат құралдарының тізгінін ұстап отыр. Тіпті ол кісінің өзінің шәкірттері де Б.Жаңабайұлының аймақтағы ата басылымның тізгінін 20 жыл ұстауын сол бойындағы дара қасиеттерден бөліп қарауға болмайтынын айтады. Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген аталы сөзі бар. Баттал Жаңабайұлы атамыз – бойынан ұлтқа қызмет етерлік мінез табылған адам. Сондықтан да шәкірттері ол кісі туралы сөз еткенде мінезіне тоқталмай кетпейді. – Баттал ағамыздың бойында бірнеше қасиет топтасқан. Әлі күнге дейін ағамызды өзіме ұстаз тұтамын. Біреуге қандай да бір іс тапсырса, ешқашан бұйрық ретінде айтпайтын. Қайта өте кішіпейілділікпен, мәдениеттілікпен істің мән-жайын түсіндіріп, қарсы жақтың пікірін байқайтын. Бірақ ағамыздың айтқанын кім болса да екі етпейтін. Сонымен қатар ешқашан артынан ерген інілерін руға, жерге бөлмейтін. Шығармашылық адамдарының бәрі Баттал ағамыздың жақын туысындай болып жүретін. Әрі ағамыздың үйде де, түзде де мінезінің өзгермейтіні таңғалдырушы еді. Бір сөзді мінезінің арқасында облыс баспасөзіндегі абыройы асқақ болды. Әрі қызметте жинаған абыройын жұмыстан кеткеннен кейін де түсірген жоқ. Қайта сағына еске алып отыратын біз сияқты бір топ шоғыр пайда болды. Өмірде дәл осылай қартаюдан асқан бақыт жоқ шығар, – дейді ардагер журналист Бекет Момынқұл. Иә, Баттал Жаңабайұлының осыншама сый мен құрметке бөленіп, артындағылар аңыз қылып айтатындай дәрежеге жетуі де еңбекқорлығынан бөлек, шындықты қорғап шырылдаған мінезінен, ержүректігінен болса керек. Бүгінгі шәкірттері ол кісінің өршіл мінезін өзіне үлгі тұтатынын мақтан етіп айтатыны да содан. – Әрине, Баттал Жаңабайұлы қазіргі уақыттағы облыс баспасөзінің абызы. Көзі тірі ардагері. Ағамыз журналистердің бірнеше буынын тәрбиелеп шығарды. Соның арқасында аймақ журналистикасында ұрпақтар сабақтастығы жойылған жоқ. Ол кісінің бір қасиеті – шығармашылық ұжымда қолына қалам ұстаған жастардың арасындағы бір-біріне деген бәсекелестікті арттырды. Және оларды бақталастықтан ада қылып тәрбиеледі. Соның ішінде біз де бармыз. Әлі күнге дейін көрген үлгі-өнегемізді өзімізге және өзімізден кейінгілерге бағдар етіп келеміз. Бір сөзбен айтқанда, Баттал ағамыз баспасөздің күші мен қуатын кемітпей ұстап отырды. Сол кездегі ол кісінің қарамағында қызмет еткен журналистердің ұстаған жерде қолы, тістеген жерде тісі қалып отырды. Міне, мұның бәрі де Баттал Жаңабайұлының өткірлігін, ержүректігін, ақиқатшылдығын көрсетеді, – дейді облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің директор-бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов. Шынымен де сөз ұстаған адамдардың алдаспаны ақиқат екені анық. Сөздің құдіретін қалам арқылы ұғындыру – екінің бірінің қолынан келмейтін қасиет. Ал «Айтылған сөз – атылған оқ». Сондықтан да сөз салған жара жазылмайды. Сол сөздің құдіретін түсініп, ғұмырын арнаған Баттал Жаңабайұлының өзі де «Сөз – құдірет, сөз – дүние, сөз – уақыт, сөз – әлем, сөз қамтымайтын өмірдің қалтарысы жоқ» деген тұжырым жасайды. Қалам ұстаған қаһарман өзінің тағы бір сөзінде: «Сөз тындыра да, сындыра да алады. Әлемді шола қаусырмалап, ауқымына еркін алатын сол сөз ғана. Басқа еш нәрсе мұндай күш-қуатқа, мүмкіндікке ие емес», деп айтады. Мұның бәрі ардагердің артына қалдырған алтын маржандары деуге болады. Ендігі жастар да ол кісінің сөзге берген осы бағасын мәңгілік ту етіп ұстап, сөз майданында өз байламын жасап жүрері хақ. Ал Баттал Жаңабайұлының соңынан ерген ардакүрең шәкірттері ол кісінің сөзі мен ісі бір жерден шығатын жан екенін айтып, өздерінің сондай сөзге адал, ақиқатқа кір жұқтырмайтын адамның інісі болғандарын мақтан тұтады. – Алғаш рет сөз өнеріндегі тұсауымды кескен Баттал Жаңабайұлы еді. Ол кісі «Еңбек туы» газетінің тізгінін ұстап тұрған кезінде газеттің соңғы бетінде «Тұлпар» деген атпен жарияланатын әдебиет және өнер беті болатын. Міне, осы беттің арқасында талай-талай жас буынның тұсауы кесілді. Солардың ішінде мен де бармын. Алғаш рет мектепті жаңа бітіре салып, құрылысшы болып жұмыс істеп жүрген кезім. Ол кезде Бірлесу-Еңбек ауылында тұрамыз. Бір күні ауылдың шетінен қамыс орып жатқанымда Жуалы жақтан менмұндалап тұрған Алатауды көріп әсерленіп, «Алатауыма» деген өлең жаздым. Бұл 1979 жыл еді. Сол өлеңімді «Еңбек туы» газеті соңғы беттің үстіңгі жағына жарқыратып шығарыпты. Бірақ оны газетке жібергеніммен, шыққан дәл уақытында емес, кейін көрдім. Сөйтіп, алғаш жазған өлеңімнің тұсауын «Еңбек туы» газетінің «Тұлпар» беті арқылы Баттал Жаңабайұлы кесіп еді. Кейін өзім де қалам ұстағандардың қатарынан болып, облыстық газетке келдім. Сол кезде Баттал ағаны көзімізбен көріп, ақыл-кеңесін тыңдап жүретінмін. Ол кісінің журналистерге жасаған қамқорлығынан бөлек, үлкен еңбегі – шығармашылық ұжымға қазіргі «Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйінің» ғимаратын алып беруі еді. Бұрын «Еңбек туы» газетінің редакциясы Төле би көшесінің бойында, бұрынғы қалалық ауруханаға қарама-қарсы беттегі ғимаратта отыратын. Қазіргі қалалық әкімдіктің ғимаратында облыстық партия комитеті отырған. Кейін облыстық партия комитеті жаңа әкімшілік ғимаратқа көшіп, қазіргі баспасөз үйіне тағы бір құзырлы орган көшіп келетін болады. Сол кезде Баттал ағамыз атқа мініп, өзінің сөзін өткізіп, баспасөздің құдіретін ұғындырып, өзінен кейінгі журналистердің қамын жеп жүріп, ақыры қазіргі «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Aq jol», «Знамя труда» және «АR-AI» сынды үш газет отырған ғимаратты «Баспасөз үйі» ретінде сақтап қалады. Соның арқасында облыс баспасөзінің беделі көтеріліп, қаланың қақ ортасында аймақ қаламгерлерінің шығармашылық орталығы тұр қасқайып. Ол кісі өзінің қара басын ойламайтын осындай өткірлігімен, журналистерге, қалам ұстаған іні-қарындастарына деген қамқорлығымен есімізде. Мұндай жанкешті редакторлар көп емес. Қол астындағы қызметкерлерге жағдай жасап, жарғақ құлағы жастыққа тимей қызмет еткен мұндай ардагер ағаларымыздың арамызда жүруі – көпке қуаныш. Әрі ол кісінің осындай істерін бүгінгі жастарға айтуды парыз деп білемін, – дейді журналист, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы. Әрине, Баттал Жаңабайұлын кейінгі буын естен бір сәт шығармайды. Керек кезде үйіне іздеп барып, ақыл-кеңесін де алып қайтады. Айтып, айтпай не керек, облыс журналистикасының дамуына өлшеусіз үлес қосқан абыз ақсақалымыз «Тірегің мен күшіңе сенбе, істеген ісіңе сен» деген қазақтың аталы сөзін дәлелдеген жан. Ол кісінің бас редакторлық қыры, мінезі, адам басқара алатын қабілеті бүгінгі жастарға үлгі. «Ай мүйізді ақсерке қой бастайды» демекші, халықтың алдында жүретін адам қашанда елді бастай алуы керек. Осы қағиданы Баттал Жаңабайұлы өмірлік ұстанымы ретінде ұстаған жан. Иә, Жамбыл журналистикасының жампозы атқан оқтай, шапқан аттай уақытпен жарысып, биыл 95 жасқа толып отыр. Ол атақ іздеген жоқ. Атақ оны іздеп тапты. Халық тоқсандағы бабасын топқа жаяу жіберген жоқ. Қайта мерейтойын жасап, толғамды ойын білуге құштар болды. Халқы өзінің қалам қайраткеріне «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» деген атақ берді. Екі рет «Құрмет белгісі» орденімен сыйлап, басқа да марапаттар беріп, алқалап келеді.

Шапағат ӘБДІР