Жамбыл жаңалықтары

АҒЫН СУМЕН ҚАМТУҒА АЙРЫҚША КӨҢІЛ БӨЛІНУДЕ

АҒЫН СУМЕН ҚАМТУҒА АЙРЫҚША КӨҢІЛ БӨЛІНУДЕ

Аграрлы аймақ саналатын Т.Рысқұлов ауданында вегетация кезеңінде жер емген диқандарды сумен қамту аса маңызды мәселе. Себебі асып-тасып жатқан су жоқ. Тиісінше ауданда жыл санап егістік алқабы ұлғайып келеді. Ал егістік көлемі ұлғайған сайын суға қажеттілік те арта түсуде.

Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркеповтің айтуынша, өңірде суармалы егістік алқабы 6 728 гектар болғанымен, бірақ 2 380 гектарына ғана су жеткізуге мүмкіндік бар екен. Сондықтан бүгінгі таңда ауданда шаруалардың судан тарықпай, мол өнім алуына жағдай жасауға көп көңіл бөлінуде. – Т.Рысқұлов ауданы облыс аумағындағы ағын сумен аз қамтылған аймақ десек болады. Сондықтан алдағы уақытта атқаратын жұмысымыз ауқымды. Бүгінге дейін де каналдарды қайта жаңғырту, механикалық тазалау бойынша шаруалардың игілігі үшін жоспарға сай көп жұмыс істелді. Суармалы алқаптың көлемін арттыру мақсатында 2020 жылы ауылдық округ әкімдіктерінің теңгеріміндегі 2 каналға (Жарлысу және Сарыбұлақ) механикалық тазарту жұмыстары жүргізіліп, 222 гектар суармалы алқап қайта айналымға қосылды. 2021 жылы Талды-Су, Мамай-Қайыңды жер каналдарына механикалық тазарту жұмыстары жүргізіліп, 203 гектар суармалы алқап қайта айналымға қосылған. Былтыр аудан аумағындағы «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының теңгеріміндегі 13 канал ауданның теңгеріміне алынды. 13 каналдың ішіндегі «Қарақат» каналына қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін аудан бюджетінен қаражат қарастырылып, жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген болатын. Бүгінгі күнге аталған жұмыстарды жүргізу үшін облысқа тиісті өтінім жолданды. Қалған 12 каналға аудан бюджетінен 65 миллион теңге қаражат қарастырылып, жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу үшін мемлекеттік сатып алу жоспарына бекітілді. Биыл ашық конкурс өткізу тәсілі арқылы жеңімпаз анықталып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады, – дейді Ернар Серікәліұлы. Жалпы тек Т.Рысқұлов ауданында емес, облысымыздың барлық аймағында ағын су өткір мәселеге айналып тұр. Тіпті кейінгі жылдарда вегетация кезінде жерүсті су ресурстарының 80 пайызын жіберетін Қырғыз Республикасы да ағын судың азабын тарта бастады. «Тауда арқардың мүйізі сырқыраса, ойда сиырдың мүйізі қақсайды» демекші, қырғыздар қуаңшылықтың зардабын тартып жатқанда облыстағы ахуал айтпаса да түсінікті. Сондықтан жерасты суын тиімді пайдаланып, су үнемдеу технологияларына көшіп, қолда бар суды үнемдеп пайдаланудан басқа амал жоқ.

Т.БЕРІКБАЙҰЛЫ