Жамбыл жаңалықтары

Батырлардың отбасына құрмет көрсетілді

Батырлардың отбасына құрмет көрсетілді

Халықаралық әйелдер күніне орай облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қаңтар оқиғасы кезінде ерлікпен қаза тапқан Дастан Әділбай мен Рахат Сланбековтің отбасына барып, марқұмдардың аяулы аналары мен жұбайларын мерекемен құттықтады.

Аймақ басшысы бейбіт елдің тыныштығы үшін өзін құрбан етіп, батыр атанған тұлғалардың азамат болып қалыптасуына айрықша әсер еткен отбасына, олардың анасы мен жарына алғыс айтып, ізгі тілегін жеткізді. Нұржан Нұржігітов осындай батыр ұлдарды тәрбиелеп, ізін лайықты жалғап отырған марқұмдардың жақындарына ризашылығын білдіріп, олардың есімі, ерлігі мен өрлігі жас буынға үлгі-өнеге ретінде ел есінде мәңгі сақталатынын атап өтті. Еске сала кетсек, былтыр қаңтар оқиғасы кезінде ҚР ҰҚК облыс бойынша департаменті Терроризмге қарсы күрес орталығы бөлімінің бастығы, подполковник Дастан Әділбай мен Тараз қалалық полиция басқармасының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Рахат Сланбеков ерлікпен қаза тапқан болатын. Олар Мемлекет басшысының Жарлығымен қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы, сондай-ақ мемлекет мүддесін қорғау кезінде жасаған ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі