Әлеумет

"Әдемі-Маржанның" көзтартар көйлектері

"Әдемі-Маржанның" көзтартар көйлектері

Әрбір қыз баланың ақ көйлек киіп, қалыңдық атануы – бала күнгі арманы. Дәл осы күні қалыңдық тап бір ертегідегі ханшайымдай болғысы келеді. Сүйген жігітімен қол ұстасып, қолтықтасып жаңа өмірге қадам басуға ниеттенген аруларға көйлек таңдау – ең үлкен әрі жауапты жұмыс.

Жалпы қалыңдық өміріндегі аса маңызды саналатын той көйлегі салондарын ашу арқылы пайдаға кенелген кәсіпкерлер аз емес. Мақаламызға арқау болған кейіпкеріміз де – өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың бірі. Жас та болса жеке іс бастауға батыл қадам жасаған Маржан Қали бүгінде «Әдемі-Маржан» той көйлектері дүкенін ашып, жеке шаруасын дөңгелетіп отыр. Қаншама қалыңдықтың қуанышына себепкер болған салонның иесі Т.Рысқұлов ауданының тумасы. Негізгі мамандығы – психолог. 2016 жылы бұрынғы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтын тәмамдаған. Оқуын аяқтаған соң 2021 жылға дейін өз мамандығы бойынша Тараз қаласындағы №45 балабақшада жұмыс істеген. Декреттік демалысында үйде жұмыссыз отыра алмай бір кәсіп бастауға ниеттенеді. Ойлана келе, ұзату той көйлегін сатуды қолға алады. Қазір ол – кәсіпкер. Қаржылық айналымы да көңіл қуантатын дүкен иесі. Әбілмансұр есімді ұлдың анасы. Жиырма жеті жастағы кәсіпкер әңгіме барысында той көйлегі салонының ашылу тарихымен бөлісті. – Қалыңдық салонын ашу мен үшін бір-ақ күнде қабылданған шешім болды. Балабақша жұмысынан шаршағандықтан өзіме ұнайтын іспен айналысқым келді. 2021 жылы кезекті еңбек демалысына шыққан соң кішігірім қаражатпен қазақша киімдерді жалға берумен айналысуды бастап көруге бел будым. Сәттілік серік болып, қазақша киімдер тараздық қыздардың көңілінен шығып, кәсібім жақсы жүріп кетті. Сатылымнан түскен табысқа той көйлектеріне тапсырыс бере бастадым. Дүкенге той көйлектері келгенде қаламыздағы біраз блогер қыздар өздеріне ұнаған көйлекті бізден тауып, сатып алып жатты. Кейінірек сол блогер қыздар өздерінің «Instagram» парақшаларына салонымызды белгілеп, дүкеніміз бен тауарларымыз әлеуметтік желіде жақсы жарнамаланып кетті. Осылайша кішігірім кәсібіміздің өркен жайып келе жатқанына 3 жылдай уақыт болыпты, – дейді М.Ержанқызы. «Әдемі-Маржан» салонында италиялық, ресейлік, түркиялық тауарлармен қатар, 5 түрлі бренд өнім бар. Барлығы да көздің жауын алар, қайталанбас эксклюзивті көйлектер. Сонымен қатар той қонақтарына арналған қазақы көйлектер мен аксессуарлар да бар. Салонның «Әдемі-Маржан» аталуы бекер емес. Ол дүкенге өзінің және сіңлісінің есімін бергенді жөн көрген. Маржан қазақша той көйлектеріне тапсырыс алғанда клиенттерінің сұранысы бойынша ұлттық нақыштағы дизайнмен беріп отырады. Салонда қазақша көйлектерді тігетін тігінші жұмыс істейді. Сондай-ақ Маржан салонға келген клиенттердің барлығымен жақсы тіл табысуға тырысады. Ашылған күннен бері ешбір клиентпен арада түсініспеушілік болмаған екен. Біразымен тойлары өткеннен кейін де арадағы сыйластық жалғасып қалған. Мұның барлығы кейіпкеріміздің өз жұмысын өте жақсы көретіндігінен, әрине. Кейіпкеріміз клиенттер көйлекке тапсырыс берер алдында әуелі сапасына мән беретінін айтты. Әрі қалыңдық тойда жүруіне ынғайлы болуын назарға алады. Қазіргі үлгіде, заманауи дизайнда болуын қатты қадағалайды. Себебі көйлектің матасы, дизайны, түсі, яғни барлық жағынан үйлесіп тұруы керек. Жалпы қыз баланың той, ұзату көйлектеріне қазақ өте қатты мән берген. Кез келген қалыңдық ең әдемі, ерекше болғысы келеді. Жалға бергенде де көйлек клиентке алғаш рет киілгендей әсер қалдырса, онда ол үлкен жетістік. Сондықтан дүкен иесі көйлектің әшекейлері мен безендірілуіне барынша жауапкершілікпен қарайды. Дүкен иесі: «Тек ақша, табыс үшін емес, ұят үшін жұмыс істеуге тырысамын», дейді. Салонға келген қалыңдықтар еш жерден таппай жүрген өз қалауларындағы той көйлегін кездестіріп, «іздеп жүргенім осы еді ғой!» деп шын көңілден қуанып жатса, көңіліне шаттық ұялайды. Жаңа өмірге қадам басқалы тұрған қызға бақыт сыйлағанына іштей риза болады. – Әрбір бойжеткен ақ көйлек киіп, қалыңдық атанған күнді асыға күтеді. Ақ көйлек таңдаудың машақаты да көп. Сондықтан той көйлегіне келгенде біраз кідіріп қаламыз. Түрлі той салондарын ақтарып, өзімізге тартымды үлгісін іздейміз. Өткен аптаның сенбісінде үйлену тойым өтті. Осындай тойға дайындықтың қарбаласын өз басымнан кешірдім. Еупопалық үлгіде болғанымен әшекей тастары көп, иығы ашық емес, дәстүрге сай барынша қарапайым көйлек іздедім. Қаладағы бірнеше той салондарын шарлап жүріп, талғамымдағы көйлекті осы «Әдемі-Маржан» дүкенінен таптым. Салон иесі Маржан адамға бір көргеннен ұмытылмас әсер қалдыратын жан екен. Қанша қалыңдықтың бақытты сәттеріне куә болған кәсіпкердің, әлбетте, тәжірибесі бар. Уайымымды бірден сезіп, әсем күлкісімен жұбатып, кәсіби кеңесін бере бастады. Ұнайды-ау деген бірнеше көйлек үлгісін киіп көруді ұсынды. Жалпақтамай, маған расымен де жарасып тұр ма, жоқ па, шынайы пікір айтып, көйлек таңдасуға барынша көмектескендігі ұнады. Жақсы араласып кеттік. Таныстығымыз мұнымен бітпей, достыққа айналарына сенемін. Маржан ханымның арқасында ең бақытты күнімде амалсыз таңдаған емес, шын көңілден ұнатқан көйлегімді киіп жүрдім. Енді отбасымызда қуаныштар болып жатса, таныстарыма да той көйлектерін осы жерден алуға кеңес беремін, – дейді той иесі Сая Жапсарбекқызы. Маржан осы бизнесті алғаш қолға алған кезде аты дүркіреп тұрған бәсекелестер көп болған. Оларды басып озып, ерекшелену үшін біраз еңбек етеді. Салонда ұзату той көйлектерін арнайы тігіп, ұзатылатын қызға толыққанды образ жасайды. Образдың ішіне баскиім, үкі, шолпы мен шашбауы, әшекейлері кіреді. Отандық мықты сән дизайнерлерімен де серіктес ретінде жұмыс істейді. Себебі қазақтың киімін қазақтан артық ешкім тіге алмайды. Ешкім сезіне алмайды. Шетелден еуропалық стильдегі көйлектердің мың түрі келеді. Бірақ ол ұлттық киімдерімізді көздің жауын алатындай етіп тігіп, насихаттап, құрметтеуге барынша күш салып жүр. Оның үстіне бүгінде қалыңдықтардың көбі әшекей тастары аз, иығы жабық, қарапайым қазақы үлгідегі көйлектерді ұнатады екен. Әрбір образды дайындар алдында пішімін, түсін, дизайнын ойша жоспарлайды. Бұл жоспардың бәрін салондағы өз тігіншісімен, дизайнерлермен ақылдасып, жүзеге асырып келеді. – Біз бәсекелесті басып озу үшін осындай ерекшеліктерді жасадық. Бизнесті бастамас бұрын «Басқалардан қалай ерекшеленемін?» деген сұраққа жауап таба білу керек. Жалпы әр салада озып тұрған ең мықты бәсекелестер болады. Біздің дүкен облыстағы озық салондардың ішіне кіріп тұр деп толықтай сеніммен айта аламын. Бұны клиенттердің айтқан пікірінен білемін, – дейді кәсіпкер. Той көйлектерін жалға беру немесе сату – маусымдық бизнес. Көбінесе жаз бен күзде табыс жақсы болады екен. Әсіресе жаз мезгілінде салонның таза айлық табысы 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін барады. Қыс айларында 200-300 мың болуы мүмкін. Жақсы табыс түскен күннің өзінде ол ақшаны салонның өзіне салады. Себебі сатушының айлығы, көйлек тіктіруі бар. Ал қалыңдық көйлегін жалға беру ақысы 50 мың теңгеден басталады. Кәсіпкердің айтуынша, табыс көлемі қаншалықты көп жұмыс істегеніңе байланысты. Көйлекті клиенттерге қалай көрсетесіз, оларды қалай қызықтырасыз – бәрі соған байланысты. Сонымен қатар салон иесі алдағы үйлену маусымында үлкен өлшемдегі көйлектерді қосу үшін күш салып жатыр екен. Себебі көптеген томпақ қыздар қаладағы той салондарынан өз арманындағы көйлегін таппай қиналып жатады. Содан кейін амалсыз сыйғанын кие салады. Осы жағдайды ескеріп, Маржанның ойына үлкен пішімдегі той көйлектерін қосу келді. Кейіпкеріміз кәсібін бастағысы келетін жас қыздарға да ақыл-кеңесін айта кетті. – Кәсіп бастау үшін бастапқы капитал міндетті түрде керек. Ақша маңызды, бірақ мықты бизнес-жоспар болса, аз қаражатпен де табысты кәсіп бастай аласыз. Әр кәсіптің машақаты болады. Соған шыдай білу қажет. Табандылық, жұмысыңа деген сүйіспеншілік керек. Егер мақсатыңыз тек пайда табу болса, онда бизнесті бастамаңыз. Себебі ішкі қызығушылық болмаса, сіз тек пайда табамын деп кіріссеңіз, кез келген жұмыс жүрмейді. Той көйлектерімен айналысу үшін де жандүниеңді салып еңбек ету керек. Көйлек сатар болсаңыз немен ерекшеленесіз? Басты ерекшелігіңіз неде? Көйлек сататындар көп қой. Міне, клиент сізді іздеп келуі үшін ерекшелігіңізді жасауыңыз керек. Ал «Әдемі-Маржанның» ерекшелігі – ұлттық киімдерді заманауи үлгіде шығаруы. Біз осылай кішігірім салон-ательеден үлкен өндіріске айналғымыз келеді, – дейді ол. Табысын еселеп арттыруды мақсат еткен ол «Instagram» парақшасын жақсы жүргізуге тырысады. «Әдемі-Маржан» салонының «Instagram» парақшасында 12 мыңға жуық оқырманы бар. Клиенттерге жақсы әсер қалдыру мақсатында модель, мобилограф мамандарымен бірлесе жұмыс істейді. Себебі клиентке салон иесінің жауабы, көйлекті видеоға түсіруі, модельдің түр-сипаты – барлығы әсер етеді. Қазір «Instagram»-ның жеке заңдылығы бар. Егер видеоңыз шынымен ерекше, музыкасы да сәйкесінше жағымды болса, постты «топқа» шығарады. Желіні жақсы дамытқанның арқасында қалыңдықтар өзге қалалардан арнайы келіп, көйлектерін ұнатып, жалға алып жатады екен. Бұл кәсіпкерді қатты қуантады. Клиенттердің «WhatsApp» пен «Instagram»-ға жолдайтын сұрақтарына өзі жауап береді. Кәсібін дөңгелетіп отырған табысты кәсіпкер «Әдемі-Маржан» салонының филиалдары он жылдан кейін Қазақстанның барлық қалаларында ашылып, жеке брендімен той көйлектерін шығаруды армандайды. Тынымсыз еңбектің арқасында бұл арманына қол жеткізеріне сенеміз.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ