Әлеумет

ӨМІР СІЗДЕРМЕН КӨРІКТІ

ӨМІР СІЗДЕРМЕН КӨРІКТІ

Айтулы ақын Тұманбай Молдағалиев: «Сенікі ме, менікі ме сонау гүл, Арман үшін жүрміз жазып алау жыр. Жат біреуге бақыт болып туатын, Әйелдерді еркелеткен жөн-ау бір», деп жырлағандай, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесінде нәзік әрі мықты, қайсар әрі рухты, сұлу да сүйкімді жандарды мереке кезінде еркелетіп алайық деп шештік. Әлемі әдемі, парасатты ханымдармен кездесіп, әңгіме өрбіттік. Бір бойына жұмсақтық, күлімдеу, еркелеу, қуану, кешіру, мейірім сынды қасиеттерді тоғыстырған бұл арулар әр салада қызмет атқарады. 

Өз ісінің шебері

Біз өрт сөндіруші қызметкерлер жөнінде сөз қозғай қалсақ, қиыншылыққа тап болған жандардың өмірі үшін тілсіз жаумен күресетін өрт сөндірушінің батыл бейнесі бірден көз алдымызға келе қалары сөзсіз. Бірақ өрт сөндіруші-құтқарушы ерлердің қызметінің жоғары деңгейде іске асырылуына әйел азаматтардың да қосар үлесі мол екендігін бірі білсе, енді бірі білмеуі мүмкін. Диспетчер мамандығы адамдарды апаттан құтқаруда өзіндік үлкен рөл атқарады. Міне, осыған орай, әрі 8 наурыз күнгі мереке қарсаңында біз бір сәт жаны нәзік, әдемі арулар туралы сөз қозғағанды жөн көрдік. Олар – елдің тыныштығы мен амандығын қамтамасыз ететін мықты әрі ержүрек ер адамдармен иық тірестіре жұмыс атқаратын, адамзаттың нәзік жаратылысының өкілдері. Бүгінгі әңгімемізге арқау еткелі отырған жан облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру қызметінің күштер мен құралдарды жедел басқару орталығының диспетчері, азаматтық қорғау прапорщигі Лаура Әлханова.  width= Лаура Көпірбайқызы азаматтық қорғау органдарына 2001 жылы қабылданған. Салада 22 жылға жуық қызмет атқарып келе жатқан ол әріптестерінің зор ықыласына ие болған абзал жан. Лаура үнемі өзінің өмірге деген жарқын көзқарасымен ұжымның шырайын келтіріп жүретін ғажайып жандардың бірі. Маңайындағы ер-азаматтардан бір қадам да қалыс қалмай, әрқашан көтеріңкі көңіл күйде жұмысын сапалы атқару – оның басты міндеттерінің бірі. Рас, кейде өзгелер бұл ашық-жарқын әрі жігерлі әйелге, оның нәзік болмысына қарап сырттай баға бере алмасы анық. Алайда Лаураның қызметтік жылдар ішіндегі тәжірибелік еншісінде жоғары кәсіби деңгейдегі өмірлік тәжірибелері тоғысқан. Ол әрдайым әріптестеріне қиын сәттерде мүмкіндігінше көмек қолын созып, тек кеңес берумен ғана шектелмей, өзінің ісімен де қолдау көрсететін түсінігі мол жандардың қатарында. Тәулік бойы байланыс құралдарын бақылау, кез келген минутта соғылған қоңырауларды дер кезінде қабылдау, сапалы деңгейде ақпарат алу және сәйкесінше шұғыл әрекет ету – оның басты міндеттерінің бірі. Лаура Көпірбайқызы қызмет барысында бірнеше рет өзінің кәсібилігі мен жеделдігін көрсетті. Ол өзінің функционалдық міндеттерін жоғары деңгейде біліп қана қоймай, біліктілігін сапалы атқара алуының арқасында өрт сөндірушілер мен құтқарушылар түрлі сипаттағы өрттер мен төтенше жағдайларды жедел түрде жойып келеді. Лаура Көпірбайқызы өз мамандығын сүйіп таңдаған жандардың бірі және ол жұмысы туралы сөз қозғалғанда былай дейді: «Біз қызмет барысында байланыс сымының арғы жағындағы көмекке мұқтаж жандарға неғұрлым үлкен үміт пен сенім сыйлау үшін әрдайым көтеріңкі көңіл күйде болуымыз қажет. Біз тиісінше солай жұмыс істеп келеміз және жалғаса да бермек!» деп нық сеніммен жауап берді. Ол жұмыста салмақты әрі батыл, сенімді де жігерлі диспетчерлердің бірі. Ал үйде кез келген қарапайым әйел секілді – сымбатты ұлдың мейірімді де келбетті анасы.

Нәзік иықтағы ауыр жүк

Соңғы жылдары полиция формасын киген кыздардың қызметке көптеп келуін аңғаруға болады. Әрине, ер-азаматқа тән мамандықты таңдау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ол үшін бір ғана табандылық пен қайсарлық аздық етеді. Ал мамандығына деген сүйіспеншіліктің болуы міндетті түрде өз қызметін мінсіз атқаруға жеткізетін қағида.  width= Жанерке Әзімхан өзінің күнделікті жұмысы таңғы 8-де басталатынын және қызметіне әр күн сайын сергектікпен келетінін айтады. Тап-тұйнақтай, жинақы әрі тың жүру – оның бойына бала кезінен сіңген қасиет. Оның құқық қорғау саласында қызмет етсем деген арманы осыдан 4 жыл бұрын орындалды. Дәлірек айтсақ, 22 жасында полиция қызметіне кіріскен бойжеткен жасы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор болып алғашқы еңбек жолын бастады. Сол кезден бері полиция қызметінің ыстығы мен суығына төзіп, антына адал болып келеді. Өзінің ашық та жайдары, көпшілікпен тез тіл табысқыш мінезі қызметіне көп көмегін тигізетінін де жасырмайды. Жұртты жатырқап, ұяңдық таныту оған тән емес. Неғұрлым сыпайы әрі ақкөңіл болсаң, адамдардың да саған деген сенімі арта түседі дегенге көзі жеткен. – Полиция қызметкерлерінің жұмысы қаншалықты қиын екенін бала кезімнен біліп өссем де өзім осы жолды таңдағаныма еш өкінбеймін. Атам мен әкемнің ізін жалғаймын дегенде, ең бірінші, мені атам қолдаған, «Жүрегің қаласа, бар, жұмыс істе, халыққа көмек көрсет», деді. Қай қызметті алсаңыз да оңайы кездеспейді, барлық жерде талап қатаң болуы – заңдылық. Ал талап болған жерде жұмыстың сапалы болатыны және рас. Дегенмен өз мамандығыңды шын сүю барлық кедергілерді жоятын алып күш секілді. Әлсіздік таныту да мамандығымызға жат. Сөзің нық, әрі шыншыл болу – кездесетін қиыншылықты жоюдың жолы, – дейді полиция аға лейтенанты Жанерке Асылханқызы. Әрине, жауапты жұмыста босаңсуға болмайтынын Жанерке жақсы біледі. Оның бүгінгі таңда атқарып отырған міндеті – жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың ағат қадам баспауы үшін алдын алу жұмыстарын жүзеге асыру. Сонымен қатар Жанерке Тараз қалалық полиция басқармасының қоғаммен байланыс бойынша ресми өкілі қызметін де қоса атқарады. Өз міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын, білімі мен қабілетін ұштастыра білген жас маман аз ғана жылдың ішінде жоғары жетістіктерге, басшылықтың түрлі марапатына ие болды. Тіпті жұмысына тындырымды Жанерке ҚР Ішкі істер министрінің алғыс хатымен марапатталған. Оған қоса халықтың да ризашылығын алып, Тараз қаласы әкімінің, Қазақстан волонтерлік одағының арнайы алғыс хаттарына ие болды. – Подполковник шенінде отставкаға кеткен атам Әзімхан Зәуірбековтің, қазір де жауапты қызметтегі полковник әкем Асылхан Зәуірбековтің жолын жалғап, мықты полиция қызметкері болуым – екі есе үлкен жауапкершілік. Ол кісілердің есімдеріне дақ түсірмей, қызметте абыройлы болу – мақсатым. Осындай жауапты да қиын қызметке келуіме менің табандылығым себепкер болды. Ер-азаматқа тән мінезім де бар секілді. Екі сөйлегенді жек көремін. Тәртіпке бағынғандардың, шынайы болғандардың жағындамын. Болашағымды басқа саламен байланыстыра алмайтын сияқтымын. Құқық қорғау қызметі – менің таңдауым, – дейді жас маман Жанерке. Күнделікті қызметінде таң атқаннан түн жарымға дейін болатын Жанеркенің өмірлік жолдасы да құқық қорғау саласында. Олар бір-бірінің жұмысына құрметпен қарайды. Түсіністік пен сыйластықты алға қойған жас отбасы елге қызмет етуді жақсы сезініп, оны адал атқаруға бел буған.

Такси – кәсіп, бұйырған нәсіп

Абай айтпақшы, «Есектің артын жусаң да мал тап». Иә, бұл қамшыбасар сөз дәл бүгінгі қоғамға арнап айтылғандай. Өйткені тұрмыстың талабы солай. Құр бос жатсаң, қос бүйректен қысатын нарық заманында екі қолға бір күрек ал да еңбек ет. Тыраштан. «Алма піс, аузыма түс» дегенді мына қоғам көтермейді. Әлемде түрлі кәсіп бар. Соның бірі – жолаушы тасымалы. Оның ішінде такси қызметінің жөні бөлек. Такси қызметін ұсыну – қаражат көзін табудағы ең қарапайым кәсіптің бір түрі. Бұл кәсіппен көбіне зейнет жасына шыққан үлкен ағаларымыз бен оқу бітірген соң жұмыссыз жүрген азаматтар айналысады. Кей қалаларда такси көлігін тізгіндеген әйелдерді де байқаймыз.  width= Әйел демекші, өткенде такси шақырғанымызда көлік тізгінінде әйел адам отырды. Жолай әңгімеге тарттық. Жүзі жылы қазақ әйелінің есімі Айсара Тоқтарова екен. Жасы елуден асқан ананың такси жүргізушісі болып жүргеніне 8 жылдың жүзі болыпты. Жамбыл ауданындағы Ерназар ауылының тумасы екен. Жол ережесін қатаң сақтайтын тәжірибелі жүргізуші бұл қадамға екі ұлымды жеткізу үшін бардым дейді. Өзі – жалғызбасты ана. Мамандығы – мұғалім. Темір тұлпарды жастайынан тізгіндеп жүрген оның бұл жұмысқа аңсары кез келген уақытта шығып, нәпақа табуға болатындықтан ауғандығын айтады. – Балаларымның кішкентай кезінде оларды балабақшадан алу, жеткізу, есейген соң мектепке тасу, үйірмелерге апарып, әкелуіме осы такси қызметі қолайлы болды. Ең алғашқы тізгіндеген көлігім – «Opel Astra». Көлік жүргізуді маған бауырым мен күйеубалам үйретті. Тез-ақ үйреніп кеттім. Бұл жұмысты мақтан тұтамын. Адал еңбегіммен балаларымды асырап отырмын. Оның үстіне такси қызметінде көпшілік әйел жүргізушілерге сенім артады, – дейді ол. Айсара үшін жолаушыны айтқан жеріне жеткізу – жан бағатын кәсіп қана емес, кез келген шаруаны ерлерден кем басқармайтынын дәлелдеуге бір мүмкіндік. Көлік тізгіндеген Айсараның тұрақты клиенттері де бар. – Өмірде түрлі жағдайлар кездеседі. Таксиде жүргенде әртүрлі жолаушы жолығады. Міндетім – осы клиенттерге қарсы келмей, аман-сау діттеген жеріне жеткізу. Кейбірі жол бойы қиын тағдырын айтып мұңайса, енді бірі қуанышты әңгімелерін айтады. Базбіреулер «рақат сенікі, көлік мініп, нан тауып жүрсің» дейді. Мұндайларға бәрі оңай болып көрінуі мүмкін. Техника болған соң бұзылмай тұрмайды. Кейде жолда қалсам, жел, боран, жаңбыр, қарға қарамай жеңіл-желпі жөндеу жұмыстарын өзім-ақ атқара беремін. Күрделірегін өз маманына жөндетемін. Бірақ әрдайым жол ережесін бұзбауға тырысамын, – дейді «шопыр» ана.

Жедел де жылдам Алтыншаш

Ауруы асқынып, дерті дендеп, дел-сал күй кешкен жан жедел жәрдем қызметіне жүгінеді. Ажал апанынан аман алып қалар ақ желекті жандар қас пен көздің арасында құстай ұшып жетіп, дертке дәрмен табуы – жедел жәрдем қызметі үшін айнымас қағида. Қатаң талап, қатал тәртіп – бұл қызметтің негізі. Күн-түн, аптап ыстық, ызғар суық демей, бір демде жетіп, білік пен тәжірибені ұштастыра дереу шешім қабылдау, жоғары сапалы кәсіби көмек көрсету кез келгеннің қолынан келе бермейді. Сондықтан болар, жедел медициналық жәрдем қызметінің мамандары өз ісіне әбден машықтанған, төзімі болаттай берік, мінезі мығым, қиыннан қисын тауып, құтқару ісінде тәуекелге бас тігер батыл жандар.  width= Осындай батыл да еңбекқор жанның бірі – облыстық жедел медициналық жәрдем стансасының жоғары санатты фельдшер-диспетчері Алтыншаш Ізбасарова. Оның осы салада тұрақты еңбек етіп жүргеніне 35 жыл уақыт болыпты. Ол білікті диспетчер, тәжірибелі маман, білгір фельдшер. Сұхбаттасуға барғанымызда көз алдымызда науқастардан қоңырау түсті. Алтыншаш ханым алдымен жеке тұлғаға қатысты, ауру белгілері мен сипаты, науқастың хал-ахуалы жөнінде толық ақпарат алды. Сосын телефон тұтқасының арғы жағындағы науқастың мәліметі бойынша нақты диагноз қойылып, білікті мамандарға бағытталды. Артынша уақыт созбай бірден бригаданы жөнелтті. Тараздағы бұрынғы Жамбыл медициналық училищесін тәмамдаған ол бастапқыда фельдшер болып қызметін бастаған. Уақыт өте келе, кардиобригаданың фельдшері, артынша тәжірибе жинаған соң нақты диспетчерлікке отырыпты. Әсіресе карантин уақытында науқастардан түскен қоңыраудың тым көп болғандығын еске алды. – 12 диспетчер қоңырау қабылдаймыз. Біз үшін бос, демалып отыру деген жоқ. Жай күндердің өзінде тәулігіне 1 500-дей қоңырау қабылдаймыз. Ал тұмау өршіген күз-қыс айларында бұл үш есе өседі. Мен өз жұмысымды жақсы көремін. Бұл қызметке келген соң диспетчердің науқастың көңіл күйін ұғатын, сөзін түсінетін, кейде пайдалы кеңес беретін психолог бола білу керек. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, телефон соғып тұрған адамға дұрыс жауап беру, науқас ашуланып тұрса да артық сөз айтпау міндетімізге айналған. Кейде жалған қоңыраулар болады. Ол біраз уақытты алады. Кейбір жағдайларда науқастар диспетчерлерге айқайлап, балағат сөз айтып, аузына келгенін айтып жатады. Ол дұрыс емес, әрине. Тек сабыр сақтаса екен деп тілейміз. Бұл біздің халықтан сұрар үлкен өтінішіміз. Жаныңыз ауырғанда дәрігерден бұрын көмекке келер жанның бұл сөзін көпшілік құлағына құяр деп сенеміз, – дейді А.Ізбасарова. ТҮЙІН. Кейіпкерлеріміздің әрқайсысы шынайы. Жүзінен жылулық ескен олар «әйел – отбасының ұйытқысы» екенін естен шығармайды. Бірінші кезекте аяулы жар, ардақты ана екендіктерін, сосын барып қызмет қуу керектігін жақсы біледі. Қай қызметте болсын ерлерді сыйлап, өздерінің білектілерден бір саты төмен екендігін іштей мойындайды. Иә, олар мықты басшы болсын, керемет қызметкер болсын, бәрібір әлемнің әйелмен әдемі екендігін, тек еркелеп қана көп нәрсені жеңетінін түсінеді. Олар қашанда өз биігінде.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА