Жамбыл жаңалықтары

Ана – қоғамның тірегі, отбасының жүрегі!

Ана – қоғамның тірегі, отбасының жүрегі!

Халықаралық әйелдер күніне орай мерекелік көңіл күйдің басын облыс әкімі Нұржан Нұржігітов өзі бастап, арнайы «Анаға тағзым» орталығына келіп, ондағы кабинеттерді аралап, бір топ аналармен және өнер саласында жүрген, кәсіпкерлікпен айналысып жүрген қыз-келіншектермен кездесті. – Аналар – біздің сарқылмайтын ақыл бастауымыз. Сіздердің балаға берген мейірлеріңіз бен тәрбиелеріңізді дүниеде ешқандай ғылым да, орталық та бере алмайды. Бүгінгі таңда облысымызда 4 баладан көп баласы бар 45 мыңға жуық отбасы бар. Сондай-ақ 5 мыңға жуық «Алтын алқа», 12 мыңға жуық «Күміс алқа» иесі атанған аналарымыз бар. Бұл біздің өсіп-өнуіміздегі жақсы көрсеткіш. Біздің болашағымыз – осы балалар. Ал оларды болашаққа тәрбиелейтін де сіздерсіздер. Бүгінгі мерекелеріңіз құтты болсын! –

деді облыс әкімі. Сонымен қатар аймақ басшысы әр саланың мамандары жиналған топқа ризашылығын білдіріп, гүл шоқтарын сыйлап, олардың айтқан әндерін тыңдады. Мерекенің жалғасы әрмен қарай «Баласағұн» орталық концерт залында жалғасын тапты. – Әйелдер – қашанда отбасының ұйытқысы. Береке мен бірліктің жаршысы. Халқымыз ежелден «Ананың табанының астында жұмақтың кілті бар» деп қыз-келіншектер қауымын қатты құрметтеген. Ізгілік пен махаббаттың да қайнар бұлағы – аналар. Ана – қоғамның тірегі, отбасының шуағы. Қазіргі таңда отбасымен қатар, еліміздің түрлі саласында аянбай еңбек етіп, тер төгіп жүрген нәзікжандыларымыз қаншама?! Ұрпақ үшін ана тәрбиесінен асқан алтын қазық жоқ. Бір сөзбен айтқанда, аймағымыздың алға ілгерілеуіне бір кісідей үлес қосып отырған, бір қолымен бесігін, бір қолымен әлемді тербететін аналарымыздың орны қашанда төр. Облысымызда жүзге келетін және жүзден асқан 18-ге жуық әжеміз бар. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дегендей, бұл әжелеріміз біздің мақтанышымыз және сарқылмас қазынамыз, – деді Нұржан Молдиярұлы. Аймақ басшысы өзінің құттықтау сөзінен кейін Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 27 қаңтардағы №117 Жарлығына сәйкес «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегері атанған аналарымызды марапаттады. Сондай-ақ «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін, Құрмет грамотасы мен алғыс хаттарын тапсырды. Мереке соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Ш.ӘБДІРҰЛЫ