УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦИЯ ИНСПЕКТОРЫ БОЛУ ОҢАЙ ЕМЕС
УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦИЯ ИНСПЕКТОРЫ БОЛУ ОҢАЙ ЕМЕС
Көбіне табысын жасыратындар кімдер? Бұл сауалға жауап іздесек, «Жеке көлігімен адам таситын «жабайы таксистер», асаба немесе әншілер, пәтерін жасырын жалға берушілер» деп тізе беруге болады. Осының ішінде пәтерін заңсыз жалға берушілер Таразда көп болмаса, аз емес. Басында бір емес 5-6 пәтері бар азаматтар ол пәтерлердің коммуналдық төлемдерін қалтасынан төлеу арқылы ұстап тұра алмайтыны анық. Сол үшін кейбір азаматтар жеке кәсіпкер немесе жеке тұлға ретінде салық органына тіркеліп, иелігіндегі пәтерлерін заң жүзінде жалға бергенімен, ал енді кейбірі пәтерін таныс-тамырының атына жазып қойып, оны жалға бергенде заңдастырмай, тиісті талаптарды орындауда заңды айналып өтуге тырысып-ақ бағады. Ал мұндай заңсыздықты кім анықтайды? Облыстық кірістер департаменті берген мәліметке сүйенсек, осы жылдың бірінші тоқсанында облыс аумағында мүліктерді жалға берумен айналысатын 2 219 салық төлеуші тіркеліпті. Өткен жылы мүліктерді жалға ұсынатын жеке тұлғаларға қатысты құқық қорғау органы қызметкерлерімен бірігіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізудің арқасында 358 тұлға жеке кәсіпкер ретінде салық органына тіркеуге алынған. Оның ішінде 71 жеке тұлға 240 нысан бойынша табыс салық ретінде 17,8 миллион теңге тапсырған. Кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ, 182 адам жеке тұлға ретінде қазынаға 0,4 миллион теңге қаржы құйған. Тараз қаласының жергілікті полиция қызметі бөлім басшысының орынбасары Еркеғали Сартбаев жасырын табысқа қатысты заңсыздықтарды ретке келтірумен учаскелік полиция инспекторлары айналысатынын айтады. – Тараз қаласындағы полиция басқармасына қарасты 2 полиция бөлімшесін қосқанда 167 полиция инспекторы бар. Оның 138-і учаскелік полиция инспекторы, қалғаны көмекшілері. Тараз қаласында 30 тірек пункті болса, соның әрқайсысында кемі үш учаскелік полиция, бір көмекші болады. Учаскелік полиция инспекторларының негізгі міндеті қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету болғандықтан өздеріне белгіленген әкімшілік аумақта қылмысты болдырмауға, халықтың полицияға деген сенімін арттыруға күш салады. Негізінде еліміздің «Ішкi iстeр органдaры турaлы» Зaңы бойынша, белгілі бір әкімшілік аумақтағы жеке тұрғын үйлерде тұратын сoттылығы aяқталмаған азаматтарға қатысты жұмыс жүргізуде сол маңда кімдер тұратыны, одан басқа тұрғын үйлерге кім көшіп келіп, кімнің кеткені біздің полиция қызметкерлері тарапынан зерделенеді. Әсіресе көпқабатты тұрғын үйлердегі пәтерлерде қожайыны тұрып жатпаса, оған қоныстанған азаматтардың кім екенін, тіркеуден өткенін-өтпегенін, пәтер жалға берілген болса ол бойынша қожайыны салық органына тіркелгенін анықтау секілді толып жатқан қыруар жұмыстарды атқару учаскелік полиция инспекторларына жүктелген. Осы шаруаларды атқару барысында, яғни көппәтерлі тұрғынүйлерді үйме-үй аралауда олар пәтерді заңсыз жалға бергендерді анықтап, деректі қалалық кірістер басқармасына жолдайды. Ал азаматтар қандай да бір пәтерде заңсыз тұрып жатса, яғни тұрғылықты жеріне тіркеуге тұрмаса, оларға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 492-бабы бойынша, яғни еліміздің аумағында тiркеусiз не жеке басты куәландыратын құжаттарсыз тұрған, ҚР азаматтарының күнтізбелік он күннен бір айға дейінгі мерзімде жеке куәлiксiз немесе жарамсыз жеке куәлікпен не тұрғылықты жері бойынша, уақытша тұратын жері бойынша тiркеусіз тұрғаны үшін ескерту жасалып, хаттама толтырылады. Кей жағдайда осы бап бойынша 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Олар салынған айыппұл көлемін жеті күн ішінде төлесе, оның жартысын ғана өтеуге құқылы. Негізінде пәтерлердің қайсысы ұзақ мерзімге, қайсысы тәуліктік уақытқа жалға берілетіні жөнінде бізге кірістер басқармасы тарапынан анықтама беріледі. Осы арқылы біз қай жерде жаңадан пәтер жалға берілгенін біле аламыз. Сонымен қатар өзімізде арнайы кітапша бар, оған да қай үйде қанша пәтер бар, онда кім тұратыны жазылып отырады. Бір айта кетерлігі тәуліктік пәтерді жалға алғандарға шара қолданылмайды. Өйткені ол аз күнге ғана тұрақтайды. Егер кімде-кім тәуліктік жалға берілген пәтерде ішкілік ішіп, шу шығарса немесе басқа да жағдаймен тұрғындардың мазасын алса, сонда ғана шара қолданылады. Жалпы, пәтерді жалға берудің заңдылығы, пәтерді жалға алғанда тұрғылықты жері бойынша тіркеуге тұру секілді сан түрлі кеңес «Instagram», «Facebook» секілді әлеуметтік желідегі өзіміздің парақшамызда тұрақты жарияланып тұрады. Бұл тұрғындарға заңды білмей қалып, зардап шекпесін деген көмегіміз, – дейді Еркеғали Құрманғалиұлы. Тараз қаласында 167 полиция инспекторының болуы аз ба, көп бе? Бұл сұрақты ойға алуымыздың себебі учаскелік полиция инспекторлары түскі үзіліске шықпай жұмыс істейтінінен хабардармыз. Негізінде заң бойынша учаскелік полиция инспекторлары таңғы сағат 09.00-ден бастап 13.00-ге дейін жұмыс істеп, түскі үзіліске 13.00-ден кешкі 18.00 аралығында шығуы керек. Бұдан кейін олар кешкі 18.00-ден түнгі 22.00-ге дейін қайта жұмысқа шығады. Бірақ біз көрген тәртіп сақшыларының түскі үзіліс кезіндегі 5 сағат бойы үйінде жатқанын көрмеппіз. Осының анық-қанығын Е.Сартбаевтан сұрағанымызда ол әу баста «учаскелік полиция инспекторлары түскі 5 сағат үзілісте жұмысқа шықпайды» деп жеңістік бермегенімен, ақыр соңында мұны мойындап, учаскелік полиция инспекторларының түскі үзіліске шыға бермейтінін жұмыстың қауырт болуымен байланыстырды. Сонымен қатар білуімізше басында баспанасы жоқ полиция қызметкерлері де қоғамда өте көп. Олардың дені пәтер жалдап тұрады. Пәтердің жалдау ақысы мемлекет есебінен жүргізіле ме, әлде тәртіп сақшылары өз қалтасынан төлей ме? Бұл мәселе де біз үшін беймәлім болып келген. – Өткен жылға дейін пәтердің жалдау ақысын әркім өз қалтасынан төлеп келген. 2021 жылдан бастап мемлекет тарапынан пәтер жалдап тұратын полиция қызметкерлерінің отбасындағы әр адамға белгілі бір мөлшерде қаржы төленеді. Ол қызметкер бойдақ болса, ол бір адамға бөлінетін қаржыны ғана алады. Оның көлемі қанша екенін нақты айта алмай отырмын. Сондай-ақ полиция қызметкерлерін баспанамен қамту туралы да өткен жылы арнайы бағдарлама шыққан. Оның шарттары қандай екені, алғашқы жарнасы қанша пайыз болатынын «Отбасы банкінен» білуге болады. Бір айта кетерлігі бұрын ипотекаға өз қаржысын құю арқылы үй алған полиция қызметкерлері бұл қамқорлыққа ие бола алмайды. Себебі оның атында үй тұрса, бұл қолдау көрсетілмейді. Мәселен, мен осы қызметте ұзақ жыл жұмыс істеп жүріп, жылдар бойы банктен депозит шот ашу арқылы 2020 жылы ипотекалық несие арқылы баспанаға ие болдым. Демек менің атымда үй болғандықтан, мен бұл бағдарламаға қатыса алмаймын, – деді Е.Сартбаев. Осы орайда біз мүмкін іштегі мұңын тәртіп сақшыларының өзі айтар деген оймен «Талас» ықшамауданында орналасқан №6 тірек пунктінің аға инспекторы, полиция майоры Марат Жауынбековпен тілдестік. Оның сөзінен кейін учаскелік полиция инспекторларының өздерін толғандырған мұң-мұқтажы жоқ деп тұжырым жасаудан басқа амалымыз қалмады. – Негізінде түскі үзілісіміздің заңды уақыты 5 сағат. Бір сағат түстік ішіп, бір сағат демалып алғаннан кейін қауырт жұмыс көп болса, қалған үш сағат уақытты демалып жатқаннан, ол уақытты қауырт жұмысты еңсеруге арнасақ мұның несі айып?! Мұндағы үш учаскелік полиция инспекторы мен бір көмекші үшін бір қызметтік автокөлік бөлінген. Оның күнделікті жүріп-тұруға арналған жағармайы да мемлекет есебінен қарастырылған. Жұмысымызда анау айтқан проблема жоқ. Өзімізге жүктелген міндеттерді барынша жедел, сапалы атқару жолында аянбай тер төгіп келеміз. Халықпен де тығыз қарым-қатынастамыз, – деді ол. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, полиция жұртқа жақын болуы үшін алдымен оларға жағдай жасалуы керек. Біздің түсінігімізде учаскелік полиция инспекторлары түскі үзіліске кеткенде оларды жол-патрульдік полиция қызметкерлері секілді келесі бір полиция қызметкерлері алмастыруы керек. Күніне 12 сағат жұмыс істеуге кез келген адам физикалық тұрғыдан шыдай алмайтыны анық. Мұндайда облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасы, кәсіподақ секілді ұйымдар ұжым мүшелерінен арыз-шағым түспесе, өздігінен қимылдамайтыны белгілі. Демек өзгенің құқығын қорғайды деген құқық қорғау органы қызметкерлерінің түскі үзіліске қатысты өз құқығы аяқасты болып жатса, басқа әңгімені қозғаудың пайдасы шамалы-ау.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ