Жаңалықтар

Жастар денсаулығы басты назарда

Жастар денсаулығы басты назарда

Таразда М.Х.Дулати атындағы Тараз  өңірлік  университетінің М.Үркімбаев атындағы Жастар сарайында «Салауатты келешек: оқушылардың денсаулығын нығайтудың  негізгі бағыттары» атты облыстық форумы өткізілді.

Облыстық форумның жұмысына Жамбыл облысы прокуратурасының, облыстық полиция департаментінің, облыстық денсаулық сақтау, білім басқармасының  басшылары мен өкілдері, республикалық психикалық денсаулық саласының мамандары, жоғары оқу орындарының ғалымдары, суицидологтар, білім беру ұйымдары мен аудандық, Тараз қалалық бiлiм бөлімдерінің басшылары, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен сынып жетекшілер, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, психологтар мен әлеуметтік педагогтар, әдіскерлер, ата-аналар комитетінің  төрағалары қатысты. Форумның негізгі мақсаты – отбасындағы бала тәрбиесі мәселесінің ерекшеліктерін жан-жақты талқылай отырып, мектеп пен отбасының ынтымақтастығы, бала денсаулығын нығайту бағытындағы жұмыстар және отбасы тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтардың бала тәрбиесіндегі маңыздылығын  арттыру. Жиынды облыс әкімінің орынбасары  Еркін  Үйсімбаев алғы сөзбен ашып, форумның өткізілудегі мазмұнына тоқталды. Мұнан соң М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Ұстаз» институтының директоры Орынқыз Джолдасова «Отбасы құндылықтарының бала тәрбиелеудегі рөлі», Тараз өңірлік университетінің педагогикалық психология кафедрасының қауымдық профессоры, психология ғылымдарының кандидаты   Махаббат Оспанбаева «Психологиялық саулықты сақтау жолдары»,  облыстық денсаулық сақтау басқармасы  жастар денсаулық орталығының және №2 қалалық емхананың дәрігері Ляйля Орымбаева «Жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығын нығайту»,  облыстық психикалық денсаулық орталығының  диагностикалық  бөлімінің  меңгерушісі  Елена Ли  «Электрондық темекінің денсаулыққа әсері», Жамбыл политехникалық жоғарғы колледжінің 4 курс студенті  Абылай Қалдыбек  «Жастар жетістіктер жолында»,  Тараз қаласының  «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер  ұйымының президенті Әсем Амангелды «Жасұландық жастардың қоғамдағы үлестері» Тараз қаласының №12 мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы, өзін-өзі басқару ұйымының көшбасшысы  Батырхан Леспек «Қоғамдық жұмыстар арқылы жасөспірімдердің жеке қабілетін қалыптастыру»  тақырыбында баяндама жасады. Педагог, психолог, мамандарының, әр заманның жастарының өмірлерінен мысалдар мен қызықты мағлұматтар бере жасалған баяндамалары жастарға  өте қызықты әрі әсерлі болды. Сонымен қатар, іс-шара барысында оқушылардың денсаулығы мен тамақтануына бақылауды ұйымдастыру және жүргізу, бала тәрбиесіндегі ата-аналармен бірлесе жұмыс жүргізудің жолдары, балалар мен жасөспірімдердің ментальді денсаулығы, тәуелділіктің биопсихоәлеуметтік моделі, кәмелетке толмағандардың деструктивті мінез-құлқын алдын алу, балалар мен жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығын сақтау, облыстағы бала құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері, кәмелетке толмағандар арасындағы аутодеструктивті бұзушылықтар және суицидті превенциялау шаралары туралы, жасөспірімдердің синтетикалық, психоактивті заттарды пайдалану салдарынан пайда болатын психотикалық бұзушылықтарды алдын алу, рухани-адамгершілік құндылықтар мен ұлттық тәрбие беру туралы тұжырымды пікірлер ортаға салынып, талқыланды. Талантты жастар  мектеп  қабырғасында жүріп жеткен жетістіктерімен бөлісті. Форум соңы марапаттау рәсімі мен концерттік бағдарламаға жалғасты