КІСІ АҚЫСЫН ЖЕУ – АУЫР КҮНӘ
КІСІ АҚЫСЫН ЖЕУ – АУЫР КҮНӘ
Дініміз ислам тыйым салған ауыр күнәлардың бірі – кісі ақысын жеу. Ғалымдарымыз бұл күнәны серік келтіруден кейінгі үлкен күнәға жатқызған. Себебі адам ақыретке кісі ақысын арқалап баратын болса, ақысы кеткен адам «мен оны кештім» демейінше әлгі құлды Алла Тағала да кешірмейді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 188-аятында: «Бір-біріңнің малыңды нақақтан-нақақ жемеңдер. Сондай-ақ адамдардың малының бір бөлігін негізсіз жейтіндеріңді біле тұра, билерге пара беруге тырыспаңдар», деп айтқан («Бақара» сүресі, 188-аят). Халқымыз ұрпағына «Ешкімнің ала жібін аттама» деп, өзгеге қиянат жасамауды, зиян бермеуді, ақысыз мал-дүниесіне қол салмауды кішкентайынан үйретіп, құлағына құйып өсірген. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде: «Кім бір қарыс жерді зорлықпен тартып алса, сол жердің жеті есесі қиямет күні мойнына жүктеледі», деп ескерткен (имам Мүслим). Қоғамда кісі ақысын жеудің көріністері өте көп. Олардан сақтанып, бойын алыс ұстап, адал кәсіппен айналысуы үшін мұсылман адам сол көріністердің негізгі төмендегідей түрлерін білуі тиіс. Бірінші: Жемқорлық және парақорлық Жемқорлық – қандай да бір іске жауапты қызметкерлердің өздеріне тапсырылған қызмет мүмкіндіктерін жеке бастарының пайдасы мен мүддесі үшін пайдалану. Ал парақорлық болса, жауапты қызметтегі адамның өзі немесе делдал арқылы тікелей пара берушінің өзінен немесе оның өкілі болған адамның пайдасына жасаған іс-әрекеті үшін ақша немесе басқа да құнды затты алуы. Жемқорлық пен парақорлық екеуі де – дінімізде харам әрі кісі ақысын жеудің ең үлкен көрінісі. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Мәида» сүресі, 42-аятында: «Олар өтірікке құлақ салушы, арам жеушілер. Егер олар саған келсе, араларына үкім бер немесе олардан теріс бұрыл. Егер теріс бұрылсаң да олар саған ешбір зиян бере алмайды. Ал егер араларына үкім берсең, тура үкім бер. Расында, Алла турашылдарды сүйеді», деп айтқан. Сағид ибн Жубайр (Алла оған разы болсын) жоғарыда келген аяттағы «арам жеушілер» деген жерін: «Жемқорлық турасында айтылған» деп тәпсірлеген. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Харам пайдадан өскен ет (яғни адам) жаннатқа кірмейді», деп айтқан (имам Тирмизи). Екінші: Ұрлық жасау Өзгенің ақысына қол салудың келесі түрі – ұрлық жасау. Біреудің мал-мүлкін рұқсатсыз, заңсыз түрде алудың барлық түрі ұрлыққа жатады. Мүмин адам бұл жаман күнәдан бойын аулақ ұстауы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с): Үшінші: Жетімнің ақысын жеу Дінімізде жетім деп анасы мен әкесі бірдей жоқ болған баланы ғана емес, анасы бар бола тұрып, әкесі жоқ болса да оны жетім деп таниды. Асыл дініміз ислам жетім-жесірге қамқорлық жасауға, олардың басынан сипап, көңілін аулауға, олардың мал-дүниесіне қиянат жасамауға шақырады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 10-аятында: «Жетімдердің мал-дүниелерін зұлымдықпен жеп алғандар, шын мәнінде, іштеріне от жұтып алған болады. Олар сөзсіз тозаққа тасталады», деп ескерткен. Төртінші: Таразыдан жеу Сауда-саттық жасайтын адам оны әділдікпен атқарып, өзгенің ақысына кірмеуі қажет. Ол үшін тауардың айыбын жасырмай айту, бағасын тым көтермеу, таразыда әділ өлшеу сияқты істерге аса мән берілуі тиіс. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әнғам» сүресі, 152-аятында: «Таразыда өлшеуді дұрыс орындаңдар», деп бұйырады. Сонымен қатар «Мұтаффифин» сүресінің 1-4-аяттарында: «Өлшеу, тартуда кеміткендерге нендей өкініш! Олар қашан өлшеп алса, толық өлшеп алады да. Қашан олар өлшеп немесе тартып беретін болса, кемітеді. Олар қайта тірілетіндіктерін ойламай ма?» деп айтылған. Имам Құртуби (р.а.а): «Бұл сүре Әбу Жухайна деп танылған, шынайы аты Амр деген кісіге байланысты түскен. Ол кісінің екі таразысы болған. Бірімен өлшеп алатын болса, екіншісімен өлшеп беретін еді», дейді. Сондықтан да сауда арқылы адал несібе табуды көздеген адам ешқашан біреуді алдауына, өтірік айтуына, нашар тауарды жалған мақтауына, тауардың кемшілігін жасыруына болмайды. Кісі ақысына қол сұққан адам тәубе етіп, Жаратушы Алла Тағаладан кешірім сұраумен қатар, оның ақысына кіріп, зұлымдық жасаған адамынан да кешірім тілеуі қажет. Дүниеде кешірім алмаса, ертең қияметте ол адамдар (с.ғ.с) хадисте: «Муфлис (банкрот – автор) деген мынадай адам: қияметте амал дәптерінде өте көп намаз, ораза, зекет сауаптары болады. Бірақ кейбір адамдарға түрлі жолмен зияны тиген. Оның сауабы ақы иелеріне беріледі. Ақыларын өтеп бітпей тұрып сауаптары таусылса, ақы иелерінің күнәлары мұның мойнына жүктеліп, жаһаннамға тасталады», деген (имам Мүслим). Мұсылман адам қандай кәсіппен айналысса да өзгенің ақысына кірмей, адал несібе табуды көздеуі қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде: «Адал пайда табуға талпыну – парыздан кейінгі парыз», деген (имам Бәйһақи). Алла Тағала біздерге кісі ақысынан сақ болып, берекелі ғұмыр нәсіп еткей! Бүгінгі қасиетті жұма күнгі дұға-тілектеріміз қабыл болсын! «Жұма уағызын» жүргізген «Һибатулла-Тарази» мешітінің найб имамы Ғалымбек ЖӘПЕК