Әлеумет

«АЙНАЛАЙЫН БҰҒЫБАЙ, АРАЛАТШЫ МАЙДАНДЫ...»

«АЙНАЛАЙЫН БҰҒЫБАЙ, АРАЛАТШЫ МАЙДАНДЫ...»

«Салатұғын алдыма Бұғыбай басшы ер еді»

(Нысанбай жырау)

«Әділетті Қазақстан» құру жолында Президент Қ.Тоқаев Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағын дамытуда жақсы бастамалар көтеріп отыр. «Әділетті Қазақстанды» құратын жастар, сондықтан жастарға сенім арту – ең өзекті мәселелердің бірі. Осы жастарды қазақтың ұлттық руханиятын, Отанын қорғайтын нағыз азамат болып қалыптасуы үшін батыр бабаларымыздың елін жаудан қорғаған ерліктерін бойына сіңдіру – ең басты парыз. Жаһандану заманында еліміздің бірлігі мен ынтымағы қажет. Айналада болып жатқан соғыстар, әскери қақтығыстар, геосаяси ахуалдар сияқты жайттардан біз сабақ алуымыз керек. Сондықтан елін-жерін қорғайтын рухы жоғары жастарды қазақтың батырларының өнегесінде тәрбиелеу бүгінгі таңда ең өзекті мәселеге айналып отыр. Қазақ әдебиетінің тарихында жыраулық поэзияның алатын орны ерекше. Жыраулық поэзияда жеке тарихи тұлғалардың көркем бейнесі, ерлік және азаматтық істері көркемдік әдеби дастандарда жыр жолдары арқылы баяндалады. Тарихи жырларда жыраулар тарихта болған батырлар мен хандардың, би-шешендердің бейнесін сомдап, халыққа жеткізеді. Сондай-ақ жыраулар тарихи жеке тұлғалардың көркем бейнесін, ерлік және азаматтық істерін баяндау, жырлау арқылы да қалыптастырады. Жыр-дастандардағы тарихи тұлғалар – біздің төл тарихымыздың өзегі. ХVІІІ ғасырда алмағайып оқиғалардың көпшілігі Абылай ханның тұсында болса, ХІХ ғасырда Абылайдың қаһарлы немересі Кенесары Қасымұлының айналасында өрбіді. Ата жолын жалғастырған Кенесарыны 1841 жылдың қыркүйек айында қазақ руының өкілдері ата-баба салтымен ақ киізге көтеріп, хан сайлаған соң айбарлы атаның ұрпағы ел тәуелсіздігін ең басты байрағымыз етті. Қым-қиғаш жорықты бастап кеткен ұлы дала сардары дулығалы басын тасқа да, тауға да соғып, қылышын қынабына салмай өтті өмірден. Нысанбай жырау «Кенесары-Наурызбай» дастанында Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтерілісте хан Кене мен туған бауыры Наурызбай батырдың жорықтарын, ерлік жолдарын суреттеумен қатар, қазақ батырларының қаһармандық қайсарлықтарын да кеңінен жырлаған. Кенесары ханға нағыз берілген, қол басшысы болған ысты Бұғыбай батырдың бейнесі Нысанбай жыраудың дастанында шебер сомдалған. Нысанбай жыраудың бұл дастаны ең алғаш 1912 жылы Қазан қаласында Ж.Шайхисламұлының құрастыруымен жарық көрген. Көп жылдардан соң Х.Досмұхамедовтың құрастыруымен 1923 жылы Ташкент қаласында жеке кітап болып басылып шыққан. Қазақ халқының көрнекті ақыны Ә.Тәжібаев «Кенесары-Наурызбай» дастаны туралы: «...Бұл дастан кейін Кене ханмен бірге жабылды, оны ауызға алу қылмысқа саналды. Сол ғажайып дастанның босанар күні бүгін туды. Жаңа ұрпаққа, оқырман қауымға ұсыну керек», деген болатын. Ақын Ә.Тәжібаев айтқандай, барлық трагедиялық қайшылықтар түгел жеткізе суреттелген қазақ елінің сүйікті дастаны – «Кенесары-Наурызбай» жырында Қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісі жолында «лашын құстай» самғаған Бұғыбай батырдың бейнесі айқын суреттеліп берілген. Қазақ халқының сүйікті дастанына айналған «Кенесары-Наурызбай» жырының басты кейіпкерлігіне екінің бірі іліне бермейді. Ғасырлардың тезіне шыдау үшін тұлға аса ірі, аса ерекше болуы керек. Тарихи жырдың кейіпкерлеріне айналған Бұғыбай батыр да қазақтың аса ірі тұлғасы, ерекше батырларының бірі деп толық айта аламыз. Нысанбай жыраудың тарихи дастанында Бұғыбай батыр да бар. Жырау Кенесары заманындағы батырларды тізбелей келе, Бұғыбай батырдың атын бірнеше рет атап көрсетіп, оған қатысты тарихи аңыздарды да мысал қылып, тәрбие көзі ретінде қайталап отырады. Нысанбай жырау Кенесары ханның қасындағы Иман, Жоламан, Байтабан, Жеке батыр, Құдайменді, Бұқарбай, Меңдібай, Дулат, Ағыбай, Шәкір, Жәуке, Толыбай, Бұғыбай сынды ХІХ ғасырдағы ұлт-азаттық көтеріліске қатынасқан ер-азаматтардың біразын өз дастанында жыр өзегіне айналдырады. Дастанның бір ерекшелігі, мәнділігі – осы тізімде аталған әр батырға қатысты халық аузында жүрген аңыз, жыр шумақтарын келтіріп отырады. Әрине, бұл сипатталып отырған батырға, тұлғаға немесе оқиғаға байланысты дерек есебінде. Себебі «Халық айтса, қалып айтпайды». Ел өзінің батырларын, кемеңгер ұлы тұлғаларын бірауыз жыр жолдарымен есте сақтап қалды. Қазақтың кемеңгерлігі, әулиелігі де осында. Өлең жолдарынан, аңыздың сөз саптасынан, тарихи дастандардан көне заман көрінісі бірден сезіледі. Бұғыбай батырға қатысты Нысанбай жырау өлең жолында: «Атасы өткен Абылай, Тілеуді берген бір Құдай, Былтырдан алған басшысы – Ысты Бұғыбай», – дейді. Бұл жыр жолдарында Кене ханның жасағына келіп қосылған Бұғыбай батырдың «басшылық» бейнесі суреттеледі. Сол замандағы оқиғаға байланысты Нысанбай жыраудың елге, батырларға, жауынгерлерге Кенесары жорық байрағын көтергенде «елім», «жерім» деп аттанып келген батырларды марапаттауға арналған жыр-дастаны осылай өрледі. Қашанда жан беру оңай емес. ХІХ ғасырда сол заманның жыраулары «Шүберекке түйілген жан болыпты, ұйықтап жату жігітке шам болыпты» деп, жауынгерлік рухын жалындата суреттейді. Бірақ қалай болса да Кенесарыға еріп жорыққа аттанған, майданның ортасына түскен жігіттер ол заманда өлімге басын тігіп, ақыретін алып жүрді. Ол заманда да жауынан қорқып, бас сауғалағандар болған. Оның неше түрлі жолдарын да іздестірген. Тіпті атының тұяғына шеге қойып ақсатып, орта жолда қалып қоятыны да кездескен. Қазақтардың қазіргі жуасып кетуі де ел басына соңғы үш жүз жылда түскен қиыншылықтар мен қан майдандарда жақсыларының көп өлуі жамандардың көбеюінен емес пе деген заңды сұрақтар да ойды ұялайды. Бұғыбай батыр Кенесары заманындағы соғыста ең алдыңғы қатарлы батырлардың алдында жүргенге ұқсайды. Нысанбай жыраудың да оны дастанында батырлардың алдыңғы қатарына қосуы тегін болмаса керек. Бұғыбай батырмен қатар аталатын Ағыбай, Бұқарбайлар да нағыз қас батырлар еді. Нысанбай жырау жыр-дастанында: «Қырымда жүрген Бұқарбай, Атына қамшыны бір басты... Қорғайын деп қырғыздан, Ағыбай сыртын айналды», –дейді. Жырау Бұқарбай мен Ағыбай батырдың қырғыздармен соғысындағы асқан ерліктерін жырлайды. Бұғыбай батыр да соңынан қол ерткен қолбасшы болған. Сол кездегі шарт – батыр атағы кез келген найза ұстаған жігітке беріле салмайды. Батыр атын алу үшін түрлі сынақтар мен сындардан өту қажет, батырдың соңынан елінің жігіттері еруі шарт. Батыр атағы шыққан сайын оның жанына алыс-жақын азаматтар қосыла бастайды. Осылайша батырдың саясында, панасында елі де көтеріліп, санатқа енеді. Нысанбай жырау «Кенесары-Наурызбай» дастанында: «Кенесары ер болды, Ел ішінде бір болды. Қашқан, босқан шылып, Өз алдына қол болды», – дейді. Жырау Кене ханның батырлығын, ерлік жолдарын, көтерілісінің басталуын жыр жолдарында осылай бейнелеп көрсетеді. Сондай-ақ Нысанбай ақын: «Кенесары, Наурызбай, Атағы шыққан аңқылдап. Жауды үркітіп қашырды, Ақ алмастай жарқылдап», – дейді тағы бірде. Кене хан хас баһадүр, батыр Наурызбайдың алты Алашқа батырлығымен танылғанын да жыр жолдарында шынайы суреттеген. Жырау «Кенесары-Наурызбай» дастанында шынайы оқиғаны, өзінің көзімен көргенін жыр жолдары арқылы жеткізген. Кене хан Абылай аспас асудан асамын деп әрекеттенді. Бірақ қырғыздар да бас қамын ойлап, асуын тастап кетпеді. Кене Жаппар Иеге арқа сүйеді. Зеңбіректі екі түйеге артып атса да жауға тимеді. Осындай қысылтаяң шақта Наурызбай Бұғыбай батырды шақырды: «Бұғыбай басшы қайда?» деп, Шақырып алды Наурызбай! – Әй, Бұғыбай, Бұғыбай, Қорлық болды бұл қалай? Жол таба алмай қамалдық, Амал тапшы бұған-ай!». Бұғыбай батырдың «тар жол, тайғақ кешуде», қараңғыда жол тапқыштығы жауынгерлер арасында аңызға айналған еді. Нысанбай жырау Бұғыбай батыр жайлы: «Былтыр өзің келгеннен, Ханның алдың жарлығын. «Тар жол, тайғақ кешуде», Қолдың алдың жабдығын. «Бір ізіңмен жүргіздің, Үш алаштың барлығын. Жалғыз жолдан аса алмай, Тастың тарттым зарлығын. Бұл сапар алдым ашылмас, Дүниенің шектім тарлығын. Сасқан жерде жол тауып, Білінуші еді нарлығың. Осы бүгін, Бұғыбай, Қырғыздың көрдім қорлығын», – дейді. Кене ханның әскері мен қырғыздар арасында қақтығыс жойқын, алапат соғысқа айналды. Қазақтар да, қырғыздар да өліспей беріспейтін кезеңге жетті. Наурызбай бастаған қол қырғыздардың қыспағында, қоршауында қалады. Бұл туралы Нысанбай жырау: «Алатаудан аса алмай, Қазақ жолы байланды. Бес күн ұдайы атысып, Түгесіп келдім айламды», – деген жыр жолдарынан қазақ әскерлерінің тығырыққа тірелгенін, бес күн ұрысып, айлаларының таусылғанын жыр жолдары арқылы жеткізеді. Бұғыбай батырға Наурызбай: «Осындайда болмаса, Көремін қашан пайдаңды? Бүгін күн батпай, Көрсетші қанат жайғанды. Тау басында қырғызға, Бір тигізші найзамды. Айналайын Бұғыбай, Аралатшы майданды, – дейді. Тау басына әбден бекініп алған қырғыз жасақтары қазақтардың тау басына шығуына мүмкіндік бермейді. Осы тұста қатты сасқан Наурызбай Бұғыбай батырға айла тауып тау басындағы қырғыздарға жеткізуін сұрайды. Бұғыбай сонда сөйлейді: «Қысылып тұр-ау жанымыз, Тау басына жете алмай, Болмады, сірә, сәніміз. Жауыңды шаншып беруге, Келмейді Науан әліміз», – дейді. Бұғыбай батыр жау әскерлерінің тау басына бекініп алып, қолайлы сәтті тиімді пайдалануы себепті жауды шаншып жеңуге мүмкіндік болмай тұрғанын шынайы жеткізді. Бұл кезде қырғыз әскерелері күшейіп алған еді. Бұғыбай батыр Наурызбайға: «Жол тап» деген сөзіңнен, Төгіле қалмас арымыз», – дейді. «Көп кешікпей Науанжан, Ханға таман барыңыз. Баруға көңілің тілесе, Ханнан жарлық алыңыз», –деп ақыл-кеңесін береді. Бұл тұста төбенің басы мен тау басы қырғызға толған еді. Кене ханнан Наурызбай батыр рұқсат сұрап, қасына отыз жігітті ертіп аттанбақшы болады. Нысанбай жырау: «Салатұғын алдыма, Бұғыбай басшы ер еді. Әдіре қалғыр Алатау, Асуға қиын жер еді. Қамалын барып бұзайын, Кенеке, жауап бер», – дейді. Кенесары хан Науанға рұқсат береді. Науан Бұғыбай басшыны бас қылып, жауға аттанбақшы болады. Кене хан сонда: «Қолдағы өңшең батырдан, Іріктеп бәрін ал дейді. Көңілің шапса Науанжан, Ертерек ойынды барып сал дейді». Науан батыр әскерден отыз батырды алып, тау басына шабуыл жасайды. Қол бастап Бұғыбай басшы аттанды. Аз кісімен аттанған Наурызбай: «Қалың қолды саралап, Алады өңкей манапты. Ерегіскен соғыста, Тастан қайтпас болатты. Науан бастаған өңкей Көкжал бөрі батырлар, Жауға қарсы шүйлікті. Сұңқардай жиып қанатты», – дейді. Нысанбай жырау бұлқанды майданды былай суреттейді: «Отыз жігіт жөнелді – Тәмам қолдың беглері. Бұғыбайды басшы қып, Қиын жолды көргелі. Тау басында қырғыздың Жазасын барып бергелі. Қамалын бұзып, жол салып, Бейітін ашып келгелі. Қол көрінбес шаң болды, Алатаудың арасы», – дейді. Кене ханның батырларға арнап сөйлеген сөзінде «Бірге мінсе кемеге, үш алаштың баласы» дейді. «Бірлік бар жерде тірлік бар» демекші, жасақтармен бірігіп, тау басына шығатын жол салмақшы болады. Бұны Байұзақ датқа түсініп: «Таудан жолды салайық, «Жабыл!» деді нөкерге. Аттан түсіп алдымен, Өзі бір тасты көтерді. Басшы болды Байұзақ, Бір қайратты етерге. Наурызбай атты сұр берен... Күншығыс жауың шетіңнен, Қамалға кірді көлденең», –деген жыр жолдарында Бұғыбай бастап, Науан батыр қостап, аттанған отыз батыр жігіт тау басындағы қамалды алғанын суреттеген. «Наурызбай кірді қамалға, Жанған оттай бұрқылдап... Екі мыңдай сарбазымен, Кене хан кетті ұмтылып, Шыққалы таудың басына. Қатарласып жөнелді, Кене ханның қасына. Екі мыңдай кісі боп, Шықты таудың басына, – дейді. Нысанбай жырау «Кенесары-Наурызбай» дастанында Кене ханның қасындағы қазақ батырларының ерлігін жыр жолдарында былай суреттеген: «Он бес атты ап келді, Меңдібай, Дулат, Ағыбай. Он екі атты ап келді, Шәкір, Жәуке, Толыбай, Он төрт ат бар қолында, Қабан менен Бұқарбай, Құрбан келді төрт атпен, Нөпірі шығып тұлпардай», – дейді. Нысанбай жырау дастанының соңында Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің жеңілу себебін де жыр жолдарында реалистік тұрғыдан суреттеген. «Алтай шауып жол болған, Шу менен таудың арасы. Бұл сапарда қазақтың, Болмады қабыл тәубасы. Рүстем менен Сыпатай – Дулаттың нағыз баласы. Үндес болды қырғызбен, Әне, ауыздың аласы! – деп, ақын Кенесары ханның бастаған көтерілісі алауыздықтың салдарынан жеңіліске ұшырағанын жырлаған. «Он екі мың дулатты, Қашырды түнде, расы. Жамандық қылған мұнардың, Мойнына болсын жазасы, Қазақтың көбі қырылды, Қанды ма екен табасы?!» – дейді. Сол қырғын соғысқа қатынасқан төрелер елге қайтып келмеді. «Үй, жамағат, малы мен Халқын, жұртын көрмеген. Қырғызда қалды тұтылып, Не екенін ешкім білмеген», – деген Нысанбай жырау «Кенесары мен Наурызбайды жоқтау» жырында: «Бұл қиссаны шығарған, Нысанбай деген жыршы еді. Кене ханның тұсында, Жұрттан озған сыншы еді. Айтқан сөзі үлгілі, Құлақтың бір құрышы еді», – дейді. Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай» дастаны, яғни тарихи шежіресі осы ауыр оқиғаның өзінен ұрпақ тәрбиесіне қажетті үлгі жасайды. Бұғыбай батыр туралы жазылған тарихи дереккөздерде және Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай» дастанында батырға қатысты деректерді зерделей қарасақ, ел тарихын таразылауға, ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеуге қажетті тамаша үлгілер шығады. Дастанда Бұғыбай батыр бейнесі тарихи дерек көздеріне сүйеніп жырланған. Сондықтан Бұғыбай батыр ұлы тарихи тұлға болып қалады. Нысанбай жырау батыр бейнесін шебер суреттей білген. Түйіндеп айтқанда, қазақ тарихи шежіресі қоғамның басын қосатын генеологиялық кестені, ататек туралы білімді, туысқандық жүйенің дәлелін, мемлекеттік идеология қызметін атқарған негізгі құндылықтарын сақтаудың және оны жас ұрпаққа үйретудің құралы болған деп есептейміз. Бұғыбай батыр Мырзамұлының батырлық, ерлік жолдары қазақ халқына, өзінің ұрпақтарына мәңгі өшпес мұра, шежіре болып қалатыны ақиқат.

Құдайберген МӘМБЕТОВ, Сарысу ауданының Құрметті азаматы, Сарысу ауданы, Жаңатас қаласы