Әлеумет

Ел-жұртты мазалайды, оны кім жазалайды?

Ел-жұртты мазалайды, оны кім жазалайды?

Келмеске кеткен Кеңес одағының қазақ халқына тигізген зияны көп-ақ. Соның бірі – арақ. Солақай саясаттың кесірінен адамы өлген үй арақ ішіп аза тұтатын жағдайға дейін жеткенімізді несін жасырамыз? Мұндаға дейін түрлі жиын мен той-томалақ спирттік өнімдерсіз өтпейтін еді. Бір кездері талай отбасы отағасының ішімдікке салынуынан шаңырағы шайқалып, ошағы бұзылғанын әлі ешкім ұмыта қойған жоқ. Бағымызға орай, өз алдымызға ел болып, қиындықтар біртіндеп еңсерілгеннен кейін арақтың адал ас емес екеніне халықтың көзі жетті. Заң да қатайтылып, көрінген қуыста бір-бірін кеу-кеулеп, қызара бөртіп отыратындар да көзден таса болды. Ішімдіктің тек қасірет әкелетінін білген жұрттың иманы да күшейе түсті.

Негізінен ішімдік ішуді шариғат та, қоғам да құптамайды. Соның арқасында жастар мұндай жаман әдетке жоламайтын жетістікке ие болдық. Бүгінде базар, автобекет секілді қоғамдық орындарда масайып, елдің мазасын алатындар жоқ. Иә, біз қоғамдық орында ішімдік ішіп, ойына келгенін істейтіндер қазір жоқ деп ойлағанбыз. Сөйтсек, ел іші болғаннан кейін ондайлар бірен-саран болса да бар екен. Редакцияға шағым айтып хабарласқан тұрғын Тараз қаласындағы теміржол бекеті маңындағы автотұрақта жеке көлігімен адам тасып пайда табады екен. Аталған «такси» жүргізушісі өзін Ерсін Бекқали деп таныстырды. Оның айтуынша, мұнда Б есімді азамат үнемі маңайына дөрекілік танытып жүреді. Ішімдік ішіп алып, қоғамдық тәртіпті сақтамайды. Аялдамада қоғамдық көлік күтіп тұрған жұрттың мазасын алады. – Жеке көлігіммен адам тасып, отбасымды асырап жүргеніме 3-4 жыл болды. «inDriver» онлайн сервистік такси қызметінің бағдарламасын ұялы телефоныма жүктеп алғанмын. Сол арқылы «клиент» алғанда теміржол бекетіне жиі жолым түсіп тұрады. Жолаушыны түсіріп, келесісін күтіп отырғанда жас шамасы 40-тардағы азаматтың ішіп алып, елдің ашуын туғызғанын талай мәрте көрдім. Өзін-өзі қорғау жағынан әлсіз оқушыларға, әйелдерге тиіседі. Жәбір көргендер полиция шақыртқанымен олар көлігіне мінгізіп алып, көп ұзамай түсіріп кететініне таңғаламын. Сонда біздің елде заң жоқ па? Полиция неге шара қолданбайды? – деді ол. Біз теміржол бекетіне барғанда аталған тәртіп бұзушыны кезіктіре алмадық. Одан кейін мұның рас-өтірігін білмек болып, сол маңдағы «Жібек жолы» дүкеніне кіріп, сатушыны сөзге тарттық. Шахсона есімді сатушы Б есімді азаматты бұл маңдағы барлық адам танитынын, оның қоғамдық тәртіп бұзатынын растады. Сыртқа шығып, такси жүргізушілерінен де сұрадық. Олар пікір білдірсе де аты-жөндерін атаудан бас тартты. – Ол жігіт бұрыннан бар. Ішпесе жап-жақсы. Ішсе болды, өзін-өзі басқара алмай қалады. Өткен-кеткенге тиісіп, бала-шағаны қорқытып, кейде шешініп тастайды. Аялдаманың орындығына кейде дастарқан жасап тастап отырады. Қалтасында үнемі араққа, тіскебасарға жететін майда-шүйде ақша жүреді. Оның өзін өткен-кеткеннен алақан жайып сұрап алатын көрінеді. Естуімізше, әке-шешесі, бауырлары бар екен. Оны облыстық наркологиялық диспансерге бірнеше мәрте жатқызып та көріпті. Бірақ нәтиже болмаған. Шыға сала қайтадан ішеді. Негізі ондай адамдардың халықтың мазасын алуына, қоғамдық тәртіпті бұзуына полиция қызметкерлері жол бермеуі керек. Бірақ олар да шаршаған секілді. «Көрдім деген көп сөз, көрмедім деген бір сөз» деп қазақ текке айтпаған. Біз қазір аты-жөнімізді айтсақ, ертеңгі күні полиция қызметкерлері куәгерсің деп әуреге түсіруі мүмкін. Сондықтан аты-жөнімізді атай алмаймыз, – деді такси жүргізушісінің бірі. Оны Жанат есімді «Ербол» дүкенінің күзетшісі де танитын болып шықты. Күзетші әлгі жігіттің адам денсаулығына тікелей қауіп төндірмейтінін, бірақ кейінгі кезде жұрттың ығырын шығарып жүргенін жасырмады. Оның ойынша, жігіттің денсаулығында бір кінәрат бар. Өйткені полиция қызметкерлерінің осы уақытқа дейін оған бір шара қолданбауын ол осыған жорыды. Осы ретте біз «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының эксперті Ерлан Сатыбалдиевке жолығып, қоғамдық орында ішімдік ішіп, талайдың зығырданын қайнатып жүрген адамдарға қандай шара қолданылатынын сұрадық. Ол қоғамдық тәртiптi, халықтың тыныштығын бұзу, маңайдағы адамдарды сыйламау, арақ ішіп дөрекілік мінез көрсету, әлі жететіндерге тиісу секілді жайттар ұсақ бұзақылыққа жататынын сөз етті. – Мұндай ұсақ бұзақылық жасаған адамдар ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық» туралы Заңы бойынша жауапкершілікке тартылады. Ұсақ бұзақылық жасаған адам психикалық-неврологиялық диспансерде есепте тұрмайтын болса, бұл учаскелік полиция инспекторының айналысатын шаруасы. Тұрғындардың, куәгерлердің, жәбірленушінің шағымы болып тұрып, полиция шара қолданбаса онда полиция қызметкері өз міндетіне қатысты заңды бұзды деген сөз. Мұндай жағдайда тұрғындар полиция қызметкерін шақырғаннан кейін ол азаматтың жасаған қылығына орай шағым түсіруі керек. Одан кейін куәгерлер растап, болып жатса жәбірленуші де арыз жазуы қажет. Полиция қызметкері осындай құжаттарды жинағаннан кейін оны сотқа жолдауға міндетті. Осылайша ұсақ бұзақылық жасаған азамат 15 тәулікке қамалады. Бұл жағдай 3-4 мәрте қайталанса, іс-қағаздар прокуратураға өткізіліп, жазалау тәртібі қатайтылады. Полиция қызметкерінің бұл жерде шара қолданбай, бұзақылық жасаған адамды жібере салуы тұрғындардың полицияны шақырғанымен арыз жазбауынан, куәгерлердің басын алып қашуынан болып отырған секілді. Сол себепті іс аяғына дейін жетуі үшін тұрғындар міндетті түрде арыз жазуы қажет. Егер ол адамның денсаулығында ауытқу бар болса немесе психикалық-неврологиялық диспансерде есепте тұрса, оны тиісті орын алып кетіп, ем-шарасын қолданады, – деді Ерлан Нұрғалиұлы. Біз Тараз қалалық полиция басқармасына да хабарластық. Ондағы мамандар тиісті жұмыстарды жүргізетінін жеткізді. Жалпы спирттік ішімдік тұтынып, масайған адамдардың ішінде өзін-өзі басқара алмайтындар көп. Олардың әрқайсысы әртүрлі қылық жасайтыны белгілі. Мәселен, біреу күші тасып ілік іздесе, тағы бірі жылап, ал енді бірі ән салуы мүмкін. Сол сияқты ақкөңілділікпен тапқанын бір күнде шашып жіберетіндер де бар. Соның ішінде ішіп алса мінез-құлқы мүлде өзгеріп, сауыққанда ақыл айтқан адамды жау санайтындар, тіпті жақынына қол көтеретіндер қауіпті. Бұл ол адам ішімдікке тәуелді деген сөз. Ішімдікке тәуелді болу да өзінше бір дерт. Сондықтан «досқа күлкі, дұшпанға таба болмас» үшін ішімдікке жоламаған дұрыс.

Айбар ТАЛАСБЕК