ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИРДЕН ҚАНЖЫҒАМЫЗ БОС ҚАЙТПАДЫ
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИРДЕН ҚАНЖЫҒАМЫЗ БОС ҚАЙТПАДЫ
Алматы қаласында 20-25 ақпан аралығында бокстан 2005-2006 және 2007-2008 жылы туған жастар мен жасөспірімдер арасында Олимпиада чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Ермахан Ибраимовтың жүлдесі үшін V халықаралық турнир өтті.
Бес күнге созылған турнирге Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан, Ресейден және еліміздің барлық облыстарынан 250-ден астам былғары қолғап шебері қатысты. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін шаршы алаң шеберлерінің бәсекесінде облысымыздың намысын 19 спортшы қорғап, 4 алтын, 2 күміс медаль қанжығалады. Осылайша жамбылдық болашақ қазақ спортының жұлдыздары жалпыкомандалық есепте II орынға тұрақтады. Турнир қорытындысы бойынша бірқатар боксшылар Қазақстан құрама командасына қабылданып, Азия чемпионатына жолдама алды. Әр салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаз атанған спортшыға «Спорт шебері» атағы берілді.