Әлеумет

Бала тілі дұрыс шықсын десеңіз...

Бала тілі дұрыс шықсын десеңіз...

«Бала тілі – бал» дейміз. Ал сол баласының тілі уақытында шықпай, қатарластарынан қалып бара жатса ата-ана алаңдайды. Расында да қазір айналамыздан «балам дұрыс сөйлемейді», «тілі анық емес», «ойын дұрыс жеткізе алмайды», «мықты логопед іздеп жүрміз» немесе «логопедке барып жүрміз» деген пікірлерді жиі естиміз. Тіл қызметінің қалыптасуын, сөз байланысын, тіл кемістігін логопед мамандар түзейді. Облысымыздағы осындай жауапты саланы меңгерген алдыңғы қатарлы тәжірибелі логопедтердің бірі – Эльмира Шыраева. Эльмира алты жыл бұрын «Bal-Nur» сөйлеуді дамыту орталығын ашқан. Бүгінгі күні орталық жемісті жұмыс жасап келеді. Алғашында 2018 жылы бұл мекеме бастауыш сынып балаларына арналған қосымша оқыту және дамыту мақсатында құрылған болатын.

Кейіпкеріміз Қазақ мемлекеттік басқару академиясында (НарХоз) білім алған. Осы оқу орнының «Маркетинг және менеджмент» факультетінің түлегі. Мамандығы тікелей бизнеспен байланысты болғандықтан оқуды бітіре сала кәсіпкерлікті таңдайды. Жұмысы балалармен біте қайнасқан Эльмираның өзі де бес баланың анасы. Ол ұрпағының ой-өрісін дамыту, ойлау қабілетін жетілдіру мақсатында бизнесін білім беру саласымен байланыстыруды мақсат тұтады. Өзі жасағалы тұрған ісін тереңірек ұғыну үшін «Педагогика және психология» мамандығын игеріп шығады. Кейіпкеріміздің айтуынша, қосымша оқыту орталығына көбіне 1-сыныптың оқушылары келеді. Олардың денінің сөйлеу, ойлау, есте сақтау, ойын жеткізу қабілетінде кемшілік көп. – Барынша еңбек етіп, педагогикалық тұрғыдан қанша тер төккенімен көп жағдайда жақсы нәтиже көрсете алмай сан соққан кездер де болды. Сондай жағдайдың бірі маған педагогикаға жаңа қырмен, басқаша оймен қарауға түрткі болды. Мәселен, бұрын орталықта Арон деген оқушы 3 жыл оқыды. Ол баламен осынша уақыт жұмыс жасасам да керек нәтижеге қол жеткізе алмағаныма қынжылдым. Амал жоқ, дефектология мен логопедия саласын зерттей бастадым. Осылайша көптеген балада кездесетін тіл кемістігінің себептері мен түзету жолдарына қанықтым. Қысқаша айтқанда, логопедия ғылымына түбегейлі ден қойдым. Бұл уақыттар пандемия кезі болатын. Індеттен құтылып, оқудың офлайн форматы қайта жанданған сәтте орталығымыздың негізгі жұмыс жоспарын балалардың тіл кемістігін, мінез-құлық өзгерістерін, психикалық-моторлы дамудағы бұзылыстарды реттеуге негіздедік, – дейді Эльмира Жұмабайқызы. Э.Шыраеваның айтуынша, әр бала – жеке тұлға. Оның өзіндік даму ерекшеліктері бар. Бір бала кеш, ал біреуі ерте сөйлеуі мүмкін. Бірақ 5 жастағы бала өз ойын нақты жеткізе алуы керек. Өз жасына сай сөйлеуі өте маңызды. Себебі сол арқылы сөздік қоры, ойлау, есте сақтау қабілеті қалыптасады. Сондай-ақ маман бала кеш сөйлеген сайын оның ойлауы да, есте сақтау қабілеті де, жаңа ақпаратты қабылдауы да артта қала бастайтындығын сөз етті. Сол себепті «атасы немесе әкесі кеш сөйлеген» деп уақытты өткізіп алмаған абзал. – Логопед деген кезде көп адамға айнаның алдында немесе кішігірім үстелде баламен жарты сағат тіл жаттығуын жасап, бірен-саран дыбыстарын түзетіп қоятын маман елестейді. Ал негізі логопедия саласы дефектология саласынан тарайтынын ұмытпаған жөн. Яғни баладағы қандай да бір тіл кемістігінің негізгі себебін анықтап, онымен толыққанды нәтижеге жету үшін тек қана жарты метр үстелдегі жұмыс аздық етеді. Баланың моторлы даму ерекшеліктерін, тыныс алу, ойлау, зейін тұрақтылығы, таңбалау мен естіп қабылдау қабілетін де жетілдіру жұмыстары – логопедтің міндеті. Бұрынғы тәртіппен логопед маманы баламен жұмысты 4 жасқа толғаннан кейін ғана бастайтын. Бұл әлі де көп жерлерде сақталған. Бірақ қазіргі ақпараттық-цифрландырылған қоғамда балалардың сөйлеу тіліндегі және мінез-құлқындағы тежелулер бала дүниеге келген кезден-ақ байқалатын жағдайлар өте көп. Сондықтан жалпы қабылданған нормаға қарамай, ата-аналар бала тіліндегі кемістікті байқаған күннен әрекет етіп, кемшіліктерді неғұрлым ертерек түзетіп, дамыту іс-шараларына көшкені жөн, – дейді ол. Маманның сөзіне сүйенсек, бала дүниеге келген кезден-ақ көзін түрлі объектілерге бағыттай алады. Жылағаннан бөлек, екі-үш айында уілдеп-гуілдеп толыққанды дыбыстар шығарады. 6-7 ай болғанда «ба, ма, та» сияқты буындар қатары қосылады. Бір жасқа жеткенде «апа, су» деген сияқты 10-20 сөз айта алуы қажет. Дәл осы кезде баланың танымын кеңейтіп, сөйлеу тілін ары қарай жетілдіріп жіберу керек. Екі жаста бала екі ауыз сөзді құрап, «су ішем» дегендей керегін айта алады. Ал 3 жаста бала 2-3 сөйлеммен ойын толыққанды жеткізе алуы тиіс. Эльмира Жұмабайқызы соңғы уақыттарда тілі кеш шығатын балалардың көбейіп жатқандығына айрықша тоқталды. Логопедтер баланың тіл кемістігінің себебін сонау жүктілік басталған кезден зерттейтіндігін айтты. Оның айтуынша, бүлдіршіннің тілі кеш шығуына негізгі екі себеп бар. Бұл биологиялық және психологиялық. –Тіл кемістігіне анасының жүктілік кезінде жұқтырған түрлі вирусы немесе сәби кезінде дұрыс салынбаған екпе, экологиялық проблемалардың бәрі де әсер етеді. Бұл биологиялық себепке жатады. Ал психологиялық жағдайды анықтағанда баланың жүйке жүйесіндегі өзгерістерге зер саламыз. Тағы бір әсер ететін фактор – жүйке жүйесінің зақымдануы, яғни бала кішкене кезінде қатты қорықса, шошынса да сөйлеу кезінде қиналады. Сонымен қатар қазіргі таңда гаджеттер де бала тіліне қатты әсер етеді. Мұны жоққа шығару мүмкін емес. Телефон, теледидарды үздіксіз көретін балалардың дені тіл бұзылысына ұшырайтыны анық, – дейді ол. Логопедтің айтуынша, сөйлеу өздігінен пайда болмайды, оны үйрену және балаға үйрету қажет. Бұл тек қарым-қатынас процесінде ғана жүзеге асады. Егер адам табиғатынан үнсіз, көп сөйлемейтін жан болса да баласымен міндетті түрде сөйлесуі керек. Себебі балаға өзіне қатысты жағдайды және айналасында не болып жатқанын түсіндірсе, оның айтылған сөзді түсіне алуы оңай болады. Екіншіден, кез келген жағдайды баяндап отыруға тырысу керек. Бұны бала адамды тыңдап, көріп отырғанына көз жеткізгенде жасау керек. Өйткені бала үшін сіз – үлгі алатын бірінші адамсыз. Сөйлеген кезде сөзіңіз балаға бағытталуы тиіс. Сондай-ақ көзіне қарап сөйлеген дұрыс. Егер бүлдіршіннің әлі де тілі шықпаған болса немесе аз сөз айтатын болса, артикуляциялық жаттығуды қолдануға болады. Ол дегеніміз – сөйлеу тілі аппаратының бұлшықеттерін шынықтыратын, оның мүшелерінің қимыл-қозғалыстарын қалыптастыратын және нығайтып, жетілдіретін арнайы іріктеліп алынған жаттығулар. Сонымен қатар түзеу жұмысында белсенді қолданылатын логопедиялық массаж және өзін-өзі уқалауға үйрету артикуляциялық бұлшықеттердің тонусын тез қалпына келтіруге және үйлесімді артикуляциялық қимылдарды қалыптастыруға ықпал етеді. Тыныс алу жаттығуларының да берері мол. Тыныс шығару, үзіліс және тыныс. Сондай-ақ логопед ата-ана әр сөзді, сөйлемді асықпай, анық, түсінікті айтуы керек дейді. Балалар өте сезімтал. Тіпті бір сөзді өзгертіп бірнеше рет қайталап айтқан жөн. Бала жаңа сөзді меңгеруі үшін сол сөзді бірнеше рет түрлі бағытта қолданғаны дұрыс. Логопедтің негізгі жұмыс жасау аймағы артикуляциялық аппарат болғандықтан олардың басты қаруы – артикуляциялық жаттығулар. Баланың ауыз қуысының тонусына қарай керекті жаттығуларды үй жағдайында жасап жүруге болады. Мәселен, тілді шығарып, көтеріп-түсіру, оңға-солға бұру, ерінді дөңгелете тілмен бояу, А-О деп ерінді ашып-жию, И-У деп ерінді жымиту, таңдайды тақылдату және үнемі дауысты дыбыстарды созып айтып жүру маңызды екен. Сондықтан ата-ана балаларының осы жаттығуларды жасап жүргенін қадағалауы қажет. Кейіпкеріміз орталыққа келген әр баламен жасаған жұмысының нәтижесін көргенде, мақсатына қол жеткізгенде таңдауының бекер еместігін түсініп, шабыттана түседі. Ең бастысы, ата-ана баланың қалыптасуына ерекше мән беруі қажет. Ал бұл ретте логопед мамандардың да көрсетер көмегі көп болмақ. Ақтоты Жаңабай