Жамбыл жаңалықтары

ҚҰТ ДАРЫҒАН ҚОРДАЙ

ҚҰТ ДАРЫҒАН ҚОРДАЙ

Жүз жасаған жыр алыбы Жамбыл бабамыздың аты берілген ежелгі Әулиеата өңірі туралы тебіренбей, жүрек тербемей сөз қозғау мүмкін емес. Оның ішінде ежелден жердің киесінен елдің иесіне құт қонған, қасиет дарыған киелі өлке саналатын Қордай жерінің жөні бөлек. 

95 жылдыққа 95 іс-шара

Қордай десек, есімізге қазақ халқының азаттық жолындағы ұлы жеңісі – Аңырақай шайқасы өткен тарихи дала еске түседі. Найзасын көкке тіреп елін, жерін жаудан қорғаған Қарасай, Өтеген, Жолбарыс сынды батырлар өтті бұл өңірден. Мұнда қазақ-қырғызға кеңінен танылған Кебекбай мен Ноғайбайдай сұңғыла шешендер, Сарбас, Әлмейін, Әлмен, Тілеміс сынды дүлдүл ақындар, Жетісудың күйшілік мектебінің негізін салушы Байсеркедей асқан күйші-домбырашы, бір өзі ақын, сазгер, күміс көмей Кенендей әнші де өткен. Қордай ауданы алғаш рет 1928 жылы 17 қаңтарда Алматы округінің құрамында шаңырақ көтерген. Тарих үшін қас қағым сәт болып саналатын ғасырға таяу бұл уақыт айтуға оңай болғанымен, сөз жоқ, бүтін бір өңір шежіресіндегі өрі мен ылдиы қабат өрілген уақыт кезеңдерінен тұрады. Құрылғанына биыл 95 жыл толып отырған іргелі ауданның облыста алатын орны ерекше. Қордай бүгінде облыстың маңдайалды аудандарынан саналады. Егіншілік пен малшаруашылығы қатар дамыған, өнеркәсіп те өзіндік орнын иеленген қордайлықтар табысының даңқы кешегі кеңестік кезеңнің өзінде алысқа кеткен болса, еліміз тәуелсіздігін алып, дербес мемлекетке айналған жылдардағы аяқ алысы да тағылымды үрдіспен алға басуда. Жасарған, жайнаған Қордай өңірі облыс қазынасын молайтуға сүбелі үлес қосудың жаңа биігіне көтеріліп келеді. Атаулы датаға орай қаңтар айында аудандық мәдениет үйінде атаулы күнге арналған алғашқы «Қордайым – құт мекенім!» атты үлкен концерттік бағдарлама ұйымдастырылған-ды. Оған аудан әкімі Бегзат Болатбеков қатысып, жиналғандар мен барша қордайлықтарды мерейтоймен құттықтады. Қордай ауданының 95 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралардың бұл басы ғана, атаулы датаға жыл ішінде әртүрлі форматтағы 95 шара өткізу жоспарлануда.

Атакәсіптен табыс тапқан аудан

Аудан ауылшаруашылық саласы бойынша әр кезде алдыңғы қатарлардан көрініп келеді. Бұл Қордай жері табиғатының қолайлылығы мен суармалы жерлерді тиімді пайдалана отырып, жаңа технологияны енгізумен байланысты. Атакәсіпті арда тұтқан аудан тұрғындарының басым бөлігі ауылшаруашылықта еңбектенеді. Бүгінгі күнге 10 айда жалпы көлемі 87795,7 миллион теңгенің ауылшаруашылық өнімі өндіріліп, 10 ауылдық округте 10 жоба іске асырылып, 39 жұмыс орны құрылды (балық шаруашылығы – 1, құс фермасы – 1, су үнемдеу технологиясы – 1, мал бордақылау алаңдары – 6, сүт өнімдерін өңдеу цехы – 1). Жыл өткен сайын өнім көлемі ұлғайып, инвестициялық жобалардың көлемі артуына аудандағы «Благовещенко», «Қақпатас-Қордай» ЖШС, «Бай-Нұр», «Алмас», «Медет» сынды шаруа қожалықтары және «KazMeatKordai» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің қосқан үлестері айрықша. Осындай ірі кәсіпорындардың қатарына бүгінде «ГринВилл», «Азия сад», «Қордай құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қосылып, ауылшаруашылық саласының жаңа бағытта жандануына өз септігін тигізуде. Ауданда жаңа технологияны қолдануда тиімді жүзеге асып, су үнемдеу технологиясын қолдану тәсілімен 13 430 гектар алқап суғарылуда. 2022 жылға 600 гектар жоспарланып, 100 пайыз орындалды. Білім саласындағы басымдықтар Білім саласы бойынша ауданда барлығы 23 жоба бар. Оның ішінде бесеуі – құрылыс және 16-сы күрделі жөндеу, біреуі қосымша құрылыс. Былтыр 3 нысанға – Қордай ауылындағы 1 290 орындық №1 орта мектепке, Отар ауылындағы 1 176 орындық №41 К.Әзірбаев атындағы орта мектепке, Степной ауылындағы 624 орындық №24 орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Арал ауылындағы 180 орындық №25 негізгі мектеп жаңадан бой көтерді. Биыл 2 мектепке күрделі жөндеу жұмысы жүргізілмек. Ұзақ жылдар бойы күрделі жөндеу көрмеген Қордай ауылындағы №2 орта мектептің жобалық-сметалық құны – 305 миллион 879 мың теңге. Қарасу ауылындағы №7 орта мектептің де ғимараты тозыңқыраған. Бүгінгі таңда жобалық- сметалық құжаттары әзірленген. Ал Байтерек ауылына жаңа мектеп қажет-ақ. Өйткені ондағы бір қабатты №45 негізгі мектеп ғимаратының ескіргені көзге көрініп-ақ тұр, әрі ауылда халық саны да артып келеді. Сондықтан аудан басшылығы бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында 150 орындық жаңа мектептің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп, құрылыс құны 703 миллион теңгеге бағаланыпты. 2024 жылы да білім саласында біраз жөндеу жұмыстары жанданғалы отыр. Қарасай, Беріктас, Шарбақты ауылдарындағы 3 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Ал 2025 жылы аудандағы 8 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Өтеген ауылында №8 орта мектепке жаңа ғимарат салынса, Ауқатты ауылындағы №9 орта мектепке 200 орындық қосымша 1 корпус салынбақ. Сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2023-2025 жылдар аралығында Қордай ауылында 900 орындық, Қаракемер ауылында 300 орындық, Қарасу ауылында 300 орындық жаңа мектеп құрылысы жоспарланған.

Саламатты өмір салты үшін...

Соңғы үш жылда ауданда 9 спорттық кешен бой көтеріп, тұрғындардың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі 59,2 пайызға жетті. Аудан бойынша жалпы 349 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның ішіндегі біреуі стадион, сегізі спорт кешендері. Ал қалғандары футбол алаңдары, шағын спорт алаңшалары, спорт залдары, бассейн, тир. Аталған спорт нысандары кешкі мезгілде аудан тұрғындарына қашанда есігі ашық. Барлық спорт түрлерімен (футбол, волейбол, баскетбол, үстел теннисі, асық ату және т.б.) шұғылдануға қолжетімді. Қазіргі уақытта жүйелі түрде денешынықтыру және спортпен шұғылданатын барлық жастағы тұрғындардың саны 60 944 адамға немесе 38,5 пайызға жетіп отыр. Оның ішінде 14-18 жастағы спортпен шұғылданатындар саны – 4 302. Былтыр 8 елді мекенде (Шарбақты, Жаңатұрмыс, Қақпатас, Үлкен Сұлутөр, Алға, Кенен) ауылдарында кіші футбол алаңшалары және Сарыбұлақ ауылында спорт кешенінің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді.

Кененде келелі істер басталды

Өңірде 2019 жылдан бастау алған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасы – үлкен әлеуметтік қолдауға ие болған, дер кезінде қабылданған жоба. Осы уақытқа дейін пилоттық жобаға енген елді мекендерде жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрғындардың өмір сүру деңгейінің сапасы артып, малшаруашылық дамып, экономикалық өсім байқалды. Ауқымды бағдарламаның бес бағыты бойынша жұмыс бүгін де жалғасын тауып, ауданға қарасты елді мекендерде жүзеге асырылуда. Мәселен, Кенен ауылдық округінде аталмыш жобаны іске асыруға жалпы 500,7 миллион теңге бөлініп, 148 ауыл тұрғынын 2,5 пайызбен несиелендіру жоспарлануда. Кенен ауылдық округі әкімдігінің берген мәліметіне сүйенсек, жобаның бірінші бағыты бойынша, яғни үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалануды 90 пайызға жеткізу жоспарлануда. Нақтырақ айтқанда, жобаның бірінші бағытына елді мекендегі 471 ауланың 425-і қатысады. Биыл үй іргесіне 62 гектар жерге көкөніс егіледі, оның ішінде 27 гектарға картоп, 17 гектарға қызанақ, 18 гектарға қияр егу, жалпы 46 тонна өнім өндіру жоспарланған. Ал жобаның екінші бағыты – малшаруашылықты дамыту үшін 342,7 миллион теңгеге 2 192 мал сатып алынады. Оның ішінде 500 бұқа бордақыланып, ет ауыл (ауылда жіліктеу тәсілімен 2200 теңгеден), аудан және Алматы қаласында сатылады. Бүгінгі күнге 95 азаматтың құжаты қабылданды, 8 азамат несие алды. «Егін шаруашылығын дамыту» атты жобаның үшінші бағытына жалпы 13,0 миллион теңгеге арпа тұқымын, тыңайтқыш, гербицид алу сынды жұмыстарды атқару жоспарлануда. Жалпы 350 гектар жерге арпа егіліп, одан 525 тонна өнім жинау күтілуде. Бұдан бөлек 10 000 түк шөп шабу көзделіп отыр. Жобаның төртінші бағыты – ауылшаруашылық кооперативтерін қажетті техникамен және жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 66 миллион теңгеге әртүрлі 10 техника сатып алынды (2 трактор, 8 тіркеме агрегаттары). Сондай-ақ ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашу сияқты бесінші бағытына 60 миллион теңге бөлінді. Ол бойынша жалпы 10 жоба қаржыландырылып, жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Осылайша кенендіктер биыл пилоттық жобаның шарапатын көрмек.

7 ірі инвестициялық жоба жүзеге асуда

Қордай ауданында Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында жалпы құны 857 миллиард 322,2 миллион теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба жүзеге асуда. Жобаларды іске асыру барысында құрылыс жұмыстары кезеңінде – 760, ал іске қосылу кезеңінде 1 366 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Олардың қатарында тау-кен металлургиялық комбинатының құрылысы және құрамында алтыны бар кенді игеру жұмыстарын бастаған «MONTERRА QASAQSTAN» ЖШС бар. Ноғайбай ауылы маңында орналасқан комбинат 2014-2026 жылдар аралығында құны 832 миллиард теңге болатын, қуаттылығы жылына 5 100 келі алтын өндіруді көздеп отыр. Қазіргі таңда техникалық-экономикалық негіздеме және жобалық-сметалық құжаттамалар дайындау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар тағы бір үлкен жобаны «Шоқпар-Гагаринское» ЖШС қолға алған. Бетқайнар ауылдық округіне қарасты Соғанды ауылы жанынан орын тепкен комбинат жылына 1000 келі алтын өндіруді қолға алып отыр. Іске асыру мерзімі 2021-2024 жылдар аралығы. Сол аралықта 400 жұмыс орнының ашылу жоспарлануда. Келесі жобаны «Туран Металс» ЖШС қолға алған. «Қордай ауданында құрамында алтын бар кенді бастапқы қайта өңдеу бойынша өндірістік кешен салу» бойынша жұмыстар Отар ауылдық округінде орын тепкен. Іске асыру мерзімі 2021-2027 жылдар, жоба құны 440 миллион теңге, онда 45 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отар екен. Сондай-ақ «АЛТАЙ ГОЛД» ЖШС «Флюорит өңдеу зауытын салу» жобасын қолға алған. Ол отар ауылдық округіндегі Бел ауылының төңірегінде орналасқан. Іске асыру мерзімі 2021-2025 жылдар аралығы, жоба құны 3,5 миллиард теңге. 100 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Ал Қордай ауылы маңынан орын тепкен «Қордай Корм» АӨК «Өндірісті кеңейтуге, балықтарға арналған құрама-жем өндіретін жаңа қондырғы енгізу» жобасын бастаған. Құны 40,7 миллион теңге, қуаттылығы жылына 100 тонна өнім өндіру, іске асыру мерзімі – 2021-2022 жылдар. Қазіргі таңда қажетті қондырғылар жеткізіліп, оны техникалық реттеу жұмыстарын жүргізіп, өнімнің сынақ партиясын шығарып үлгерген.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ