Жамбыл жаңалықтары

МЕЙІРІМДІЛІККЕ ҮНДЕЙТІН МЕРЕКЕ

МЕЙІРІМДІЛІККЕ ҮНДЕЙТІН МЕРЕКЕ

Жамбылдықтар Алғыс айту күнін кең көлемде атап өтті.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Достық үйінде ұйымдастырылған «Алғысым шексіз еліме!» атты мерекелік шараға қатысып, жұртшылықты құттықтады. – Алғыс айту күні – ризашылық пен мейірімділіктің, бірлік пен достықтың, өзара сыйластықтың белгісі. Жалпыұлттық мереке патриоттық сезімге, қамқорлыққа, мейірімділікке үндейді. Бірлік – біздің басты байлығымыз. Қиын-қыстау кезеңдерде біз ынтымағымызды сақтап, жанашырлық пен ауызбіршілігімізді танытып, татулықтың үлгісін көрсете білдік. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына үлес қосқан аға буын өкілдеріне, көзсіз ерлігі үшін бейбіт күннің батырларына, ел игілігіне негізделген елеулі еңбектері үшін барша жамбылдықтарға алғыс айтамын! Әрқайсысымыздың жүрегімізде туған жерге, ортақ Отанымызға деген құрмет пен ризашылық сезімі арта берсін! Әр шаңыраққа береке-бірлік, елімізге бейбітшілік пен тыныштық тілеймін, – деді Нұржан Нұржігітов. Салтанатты шара барысында бірқатар этномәдени бірлестіктердің өкілдері, дәрігерлер, құқық қорғау және төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері, спортшылар Қазақстан халқы Ассамблеясының «Алғыс» төсбелгісімен, ҚХА төрағасының алғыс хатымен, облыс әкімінің құрмет грамотасы және алғыс хаттарымен марапатталды. Аймақ басшысы Алғыс айту күніне арналған экспозицияны тамашалады. Бұл күні зиялы қауым, Қазақстан халқы Ассамблеясының, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, жастар бір-біріне достық сезіммен шынайы тілектерін айтып, ризашылықтарын білдірді. Сондай-ақ ел тарихында жарқын із қалдырған ұлы тұлғаларға, қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан батырларға деген алғыс сөздер де айтылды.

Ерлікке тағзым

Алғыс айту күніне орай облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Халық қаһарманы марқұм Мейіржан Аймановтың отбасына барып, мерекемен құттықтады. Аймақ басшысы бейбіт күннің батыры атанған тұлғаның қалыптасуына айрықша әсер еткен отбасына, анасы мен жарына алғыс айтты. – Сіздер бейбіт күннің батыры, өзінің қызметтік борышын адал атқара отырып, ерлікпен қаза тапқан Мейіржандай тұлғаны тәрбиелеуге, қалыптасуына зор үлес қостыңыздар. Ол бейбіт тұрғындардың тыныштығы мен амандығы үшін өзін құрбан етті. Осындай қаһарман ұлды тәрбиелеп, ізін лайықты жалғап отырған сіздерге ризашылығымды білдіріп, алғыс айтамын. Мейіржан Аймановтың есімі, ерлігі мен өрлігі жас буынға үлгі-өнеге ретінде ел есінде мәңгі сақаталады деп сенемін, – деді Нұржан Нұржігітов. Еске сала кетейік, облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары болып қызмет атқарған Мейіржан Айманов Байзақ ауданындағы әскери бөлім қоймасында болған жарылыс кезінде қаза тапқан еді. Батырға қайтыс болғаннан кейін Қазақстан Республикасына сіңірген аса үздік еңбегі, қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын жұлдыз» бен «Отан» ордені тапсырылған.

Еленген еңбек

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Шу-Талас бассейндік инспекциясының бөлім басшысы Ағыбай Дәуренбековті Алғыс айту күні мерекесімен және мерейлі зейнет жасымен құттықтады. ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетіне қарасты Шу-Талас бассейндік инспекциясында қарапайым қызметкер ретінде 33 жыл бойы жемісті еңбек еткен Ағыбай Әбдіғаппарұлы өзінің биік болмысы, табандылығымен көпке үлгі. Ол өзінің жоғары қарым-қабілетінің арқасында аталған бассейнде су ресурстарын қорғауға бағытталған заңдардың, бағдарламалардың сақталуы мен орындалу барысында қойылатын талаптардың жүзеге асуына ықпал ете білген, су ресурстарын тиімді пайдалану жолында аянбай жұмыс істеген білікті маман. Сондай-ақ Ағыбай Дәуренбеков су шаруашылығында көп жылғы тәжірибесін жас мамандармен бөлісе отырып, инспекцияның жоспарлы жұмыстарының тиімді әрі уақытылы орындалуына айтарлықтай атсалысты. Жыл сайын қыс-көктем мезгілінде стихиялық апат қаупі төнген қатерлі де сындарлы кезеңде су тасқыны қаупінің алдын алуға өз үлесін қоса білді. Облыс әкімі Ағыбай Дәуренбековтің осынау елеулі еңбегін, тәжірибесін, өнегелі жолын атап өтіп, нағыз еңбек адамы екенін жеткізіп, көп жылғы жемісті жұмысы үшін алғыс айтты. Аймақ басшысы оны «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапаттай отырып, бейнеттің зейнетін көруін тіледі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі