Ауыл шаруашылығы

Су үнемдеу технологиясын пайдалану – уақыт талабы

Су үнемдеу технологиясын пайдалану – уақыт талабы

Облыс әкімдігінің ауылшаруашылығы басқармасында «Суару жүйелерін қаржыландыру» тақырыбында арнайы жиын өтті.

Басқосуда алдымен сөз алған облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков өңірде егістікті суландыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. – Су тапшылығы әлемдік проблемаға айналғалы едәуір уақыт болды. Облысымызда су тапшылығының алдын алу мақсатында өткен жылы су үнемдеу технологиялары 50,9 мың гектар (тамшылатып суару – 34,8 мың гектар, жаңбырлатып суару 16,1 мың гектар) алқапқа енгізілді. Ал биыл су үнемдеу технологияларын 57 мың гектарға дейін жеткізу жоспарлануда. Кейінгі кезде ағын сумен қатар, жерасты сулары да азайып бара жатқанын ескерсек, егістікті арықты суға толтырып, жаппай жайып суаратын ескі тәсілдің уақыты өтті. Жаңа технологияны енгізбесек, егістіктен күтілгендей өнім ала алмайтынымыз анық, – деді басқарма басшысы. Мұнан соң «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы облыстық филиалы директорының орынбасары Бекен Баймұратов суару жүйелерін қаржыландырудың тетіктері жайлы баяндады. Сондай-ақ суару жүйелерін шығаратын компания өкілдері заманауи технологиялардың тиімділігі мен пайдасын түсіндіріп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Аймақта су үнемдеу технологияларын толық көлемде енгізу су шығынын азайтып, суармалы жерлерді ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Мәселен, шаруаларды су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру үшін заманауи суару жүйесін сатып алуға және қажетті бүкіл инфрақұрылымды жүргізуге жұмсалған шығындардың 50 пайызын өтеуді көздейтін инвестициялық субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдау бар. Айта кету керек, өткен жылы ауылшаруашылық алқаптарындағы су жүйелері мен каналдарды тазарту және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу мақсатында 11,3 шақырымды құрайтын 10 су жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2,1 мың гектар суармалы алқап қалпына келтірілген. Одан бөлек аймақта егіс көлемін арттыру мақсатында ұңғыма қазу арқылы жетіспейтін суды жерасты суы есебінен қамтамасыз ету үшін 84 ұңғыма қазылып, 3,7 мың гектар алқап сумен қамтылған. Жалпы су тақырыбы алдағы кезеңде мүлде өзектілігін жоймайды. Сондықтан суармалы алқаптардың аумағын арттыру мен су үнемдеу технологиясын тиімді пайдалану – қазіргі заман талабы.

Айжан ӨЗБЕКОВА