Әлеумет

Балаңыз қандай кітап оқып жүр?

Балаңыз қандай кітап оқып жүр?

Қазір кітап оқу жастар арасында трендке айналып келеді. Кітапқұмар жастардың саны күн санап артуда. Арнайы бас қосып, оқыған кітаптарын талқылап тұратын оқырмандар клубтары да көптеп ашылуда. Әлеуметтік желіні байқасаңыз жастарымыз да қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік «Бақытсыз Жамал», «Қан мен тер», «Ай мен Айша» секілді романдарды жиі жарнамалап жатады. «Кітап бетіп ашпайтын буын өсіп келеді» деп дабыл қаққан әдебиет жанашылары мен ата-аналардың көңілі орнына түскендей. Ол аз десеңіз, жасөспірімдер ғана емес, жас буын балдырғандарымыздың да кітап оқуға деген құлшыныстары қуантарлық деңгейде. Балалардың сүйікті жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат» кітаптарынан бастап «Он бес жасар капитан», «Робинзон Крузо», «Мюнхаузеннің бастан кешкендері», «Гарри Поттер» секілді шетел әдебиетінің классикалық шығармаларын жата-жастана оқып жүр.

Заманға сай жарнамасы жер жарған кітап көп. Бірақ оның да естісі мен есері бар. Соңғы уақытта әлеуметтік желіде қазақ қоғамына жат шығарма қызу талқылануда. Жұрттың айтуынша, оны жасөпірімдер көп алатын көрінеді. Көпшілік осыған алаңдаулы. Аталған кітап онлайн дүкендер мен кітап дүкендерінде ашық сатылуда. Қос жігіттің сұлбасын мұқабаға басқан шулы шығарма «Лето в пионерском галстуке» деп аталады. Роман авторлары Катерина Сильванова мен Елена Малисова кітапты 2018 жылы жазып біткен. Ал 2021 жылы Мәскеудегі «Popcorn Books» баспасы шығарманы жарыққа шығарады. Романдағы оқиға 1986-2006 жылдар аралығында Харьков облысындағы пионер лагерінде өтеді. Айтпақшы, роман авторларының бірі Украинада дүниеге келген. Сюжет желісінде 16 жастағы мектеп оқушысы Юра мен 19 жастағы отряд жетекшісі Володяның қарым-қатынасы баяндалған. Жарыққа шыққан жылы кітап бір дегенде жасөспірімдердің үлкен сұранысына ие болып, 200 мың тиражбен сатылды. Ал 32 мың данасы цифрлы форматта тарай бастайды. Қазіргі кезде ЛВПГ кітабы (кітаптың қысқартылған атауы, аббревиатура) барлық танымал дүкендерде сатылуда. Өкінішке қарай, бұл кітаптың негізгі оқырмандары – жасөспірім қыздар. Сонымен қатар романның сюжеті жұртшылық тарапынан екіұшты реакция тудырды. Көптеген ата-аналар бұл романды баланың психикасына қауіпті деп санаса, кейбір белсенділер кітапты адамзатқа қарсы қылмыс деп атады. Жаңа мазмұндағы кітапқа Ресей Мемлекеттік Думасының экс-депутаты Захар Припелин мен Ресей Кинематографистер одағының төрағасы, актер және режиссер Никита Михалков қарсы шықты. Кейін кітапқа наразылық танытқан белсенділердің қатары көбейе түсті. Тіпті кітап авторларының үстінен қылмыстық іс қозғалып, «Ozon» секілді кейбір интернет дүкендер кітапты сатылымнан алып тастады. Қысқаша айтқанда, атышулы романға қарсы күрес қызу жүріп жатыр. Аталмыш кітапты елімізде «Meloman» сауда дүкені сатылымға шығарған. Оның үстіне қазақстандық «Flip» онлайн сауда жүйесінде де ашық сатылымда тұр. Өзіміздің Таразды қоса алғанда Қазақстанның барлық қалаларындағы кітап дүкендеріне келіп түскен бұл желісі бөлек жазбаның қазақ оқырманына керегі қаншалықты деген ойға қалдық. «Мeloman» сауда дүкенінде сатылымда тұрған осыған ұқсас кітаптардың нақты санын айту мүмкін емес. Дегенмен Эл Си Розен, Кевин Ван Уай, Фил Стэмпер, Люси Даймонд, Тилли Коул, Эмма Скотт, Андре Асиман сынды шетел авторларының орыс тілінде басылған «Назови меня своим именем», «В открытое небо», «Найди меня», «Лагерь», «Встречайся со мной, Брайсон Келлер» «Сила нашего притяжения» кітаптары сөреде сіресіп тұр. Сатушылардың айтуынша, есті тандыратын махаббат хикаясы ыстық бауырсақ сияқты тез сатылып кететін көрінеді. Оны алатындардың дені жасөспірімдер дейді. Қоғам белсенділері тарапынан аталған сауда желісінің мамандарымен сөйлесіп, мұндай кітапты қазақ қоғамында еркін әрі ашық сатылымға шығарғаны үшін үстінен шағым түсіріп, тиісті жерге арыздану жайлы да ескертулер айтылуда. Олар бұны әлеуметтік желіде қызу талқылап, бұған тыйым болуы керек деп дабыл қағуда. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Төлепберген бұл құбылыс халқымыздың ұлттық болмысына, дәстүрімізге жат екенін айтады. Оның сөзінше, бұл осындай кітаптарды сатып пайда тауып отырған дүкен иелерінің жауапсыздығынан болып отыр. – Бұл біздің дәстүрімізге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жат дүние. Бір жыныстылардың бір-бірімен жақын болуы жайлы кітаптарды насихаттау деген бұл өте дұрыс емес. Бұл біздің дәстүрімізге де келмейді, заңымызға да қайшы. Сондықтан сатылымға шығарып отырған сатушылардың ар-ұяты алдындағы жауапкершілігіне беру керек, – деп пікір білдірді М.Төлепберген. Өкініштісі сол, біржыныстылықты насихаттайтын шығармаларды сатуға елімізде тыйым салынбаған. Заңгер Жанар Ержанованың айтуынша, бұған тыйым сала алмаймыз. – Бұл мәселе қазіргі таңда өте өзекті болып тұр. Біздің елдің басым бөлігі бұл құбылысқа қарсы. Бірақ кітап дүкендерінде ондай туындыларды сатуға болмайды деген заң жоқ, – дейді ол. Дүкен иелері: «Сатылымнан бұл шығармаларды алып тастай алмаймыз. Бұл тек үлкендерге сатылатын кітап. Бүлдіршіндерге берілмейді. Өйткені кітапта 18+ белгісі тұр», дейді. Атышулы кітап жайындағы халық пікірі сан тарапқа бөлінді. Әлеуметтік желіде де әлі күнге қызу талқыда. Әрине, басым бөлігі қарсылық танытып отыр. Өзімнің көзіме шалынған бір ғана пікірді бөліссем, «Facebook» әлеуметтік желісінің Жансая Бердімұрат есімді белсенді қолданушысы бұл кітапқа жасөспірімдердің санасын улайтын қауіпті шығарма деп баға берді. Ол: «Жаңа ғана өзіме кітап алу үшін «Kaspi.kz» онлайн дүкеніне кіргенмін. Сансыз кітаптардың арасынан мен дәстүрлі емес қарым-қатынас тақырыбына арналған кітапты көрдім. Өзгеше махаббат дастанына құрылған бұл кітаптар жасөспірімдер арасында қызығушылық тудыратыны сөзсіз. Ең сорақысы – жасөспірімдердің осы кітаптар туралы ойларының оң болғандығы. Мазмұнын түбегейлі зерделемеген, істің парқына баруды білмейтін жеткіншектер оның қызықты әдебиет екенін айтып бір-біріне оқуға кеңес беріп жүр. Бір сөзбен айтқанда, балалар дәстүрлі емес қарым-қатынастарды қолдайды немесе бейтарап позицияны ұстанады. Сондықтан кәмелетке толмағандарға арналған затбелгілердің немесе басқа да тыйым салатын белгілердің болуына қарамастан мұндай мазмұндағы әдебиеттерге түбегейлі тыйым салынуы тиіс. Естеріңізге сала кетейік, «Сенімен болашақ» ұйымы 2022 жылдың 1 қыркүйегінде аталған кітаптарды сатуға байланысты дүкен басшылығына үндеу жолдаған болатын. Сондай-ақ Астана қаласының прокуратурасына жоғарыда аталған әдебиеттердің Қазақстан Республикасының аумағында сатылуының заңдылығына құқықтық баға беру туралы өтініш жолданды. Сондай-ақ осы іске қатысты бар жауапкершілік туралы хабарлауға міндетті. Олар бірінші адресаттан («Мeloman») жауап алмаса, екінші адресаттан олар жай ғана жазылудан бас тарту түрінде жауап алды», деп жазған еді. Мұндай кітаптан қоғамға келер үлкен қауіп жоқ, кітаптың мазмұнында да еш әбестік жоқ деп санайтын белсенді тарап тәуелсіз мемлекетте адам еркіндігі болуы тиіс деп есептейді. Сондықтан әр тұлғаның жеке таңдауына сыйластықпен қарап, жеке позициясына, өміріне қол сұғу дұрыс емес. Олардың пікірінше, кітапты оқырмандардың ұнатуының басты себебі – өмір шындығы еш әсірелеусіз шынайы бейнеленген. Және де мұндай махаббат оқиғалары бұрынғы кездері де болған, бірақ қоғам қуғындауына ұшыраудан қорқып, құпия жасырылған. Сондықтан олар кітап төңірегіндегі айқай-шуды негізсіз деп санайды. Десе де соңғы кездегі осындай мазмұндағы шығармалардың жиі жарияланып жатқанын ескере отырып, ата-аналарға балаларының не оқып жүргенін назардан тыс қалдырмаған жөн секілді. Себебі бұл «кесел» ең таза, былғанбаған әдеби жанр болып саналатын ертегіге де жетіпті. «Мұндай махаббат хикаяларын насихаттайтын кітап оқырмандарының аудиториясы қай жастан басталуы мүмкін?» деген сауалмен интернет беттерін біраз ақтарып көрген едік. Оқыған мәліметтерімнен шошыдым, тітіркендім. Мәселен, төрт жыл бұрын АҚШ-та өзге жігітке ғашық болған ханзада туралы ертегі шықты. Ертегінің авторы Дэниел Хак шығармасында өзіне жар етіп ханшайымды емес, рыцарьды таңдаған ханзада туралы жайлы жазған. Кітап «Ханзада мен рыцарь» (Prince & Knight) деп аталады. Ал иллюстратор Стиви Льюис ертегінің суреттерін салған. Автор өзі жазған ертегісін «ерсі, қауіпті» шығармаға баламайды. Оның айтуынша, бұл әңгіме ЛГБТ отбасында өскен және ата-аналары туралы ертегідегі оқиғаны көргісі келетін балаларға арналған. Ханзада от шашатын айдаһармен соғысып, өмірін жарқыраған сауыт киген рыцарьмен байланыстырады. Оқиға желісі белгілі бір уақытқа дейін кәдімгі ертегідегідей, бірақ соңы күтпеген оқиғамен аяқталады. Ең қызығы, кітап жайлы пікірлерді оқып отырсаң ертегіні біраз ата-аналар көз тартатын иллюстрациясына қызығып алған. Тіпті оқиға желісі кітаптың мұқабасында анық көрсетіліп тұрғандығын да аңғармаған. Үйлерінде кішкентайларына оқып отырғанда бір-ақ байқап, ашуға булыққан. Бұл мақаланың жазылуына негізі өзімнің басымнан өткен бір оқиға себеп болды. Жетінші сынып оқитын жақын туыс сіңіліммен әдебиеттер жайында әңгімелесіп, пікір алмасып отырғанбыз. Сөз арасында сіңлім Еркенұр: «Әпке, маған «Лето в пионерском галстуке» деген кітапты сатып алып беріңізші. Интернетте бар екен, тапсырыс беруге болады», деп өтінді. Мен келістім. Ертеңіне интернет дүкеннен кітаптың бағасын көрдім. Қатты қымбат емес, 5-6 мың теңгенің төңірегінде. Мұқабасындағы суреті әдемі екен. Тіпті қысқаша сипаттамасын оқығанда да ондай кітап деген ойға келмеппін. Екі жасөспірім жігіттің достығы жайлы оқиға болар деп ойладым. Кейін ақпарат бетіндегі мақалаларды оқыған соң сіңліме мән-жайды түсіндіріп, кітапты оқымауға кеңес бердім. Кейін кәмелет жасқа толған соң өзі еркі өзінде. Бірақ қазір кішкентай сіңлімді қауіптен қорғау – менің парызым. Қорыта келе айтарымыз, біз ешкімнің жеке таңдауына араласып «тәрбиесіз кітапты оқыма, ол арсыздарды неге қолдайсың?» деп ақылсынғымыз келмейді. Әркімнің еркіндегі нәрсеге араласуға ешкімнің хақы жоғын да жақсы түсінеміз. Ал балаға келгенде үлкендер тарапынан қадағалау керек-ақ. Сонда ғана есейгенше жас шыбықтай бүр жарып келе жатқан бүлдіршіндерді осындай қауіпті «дерттен» сақтай аламыз.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ