БІЗДІҢ КҮШІМІЗ – БІРЛІКТЕ!
БІЗДІҢ КҮШІМІЗ – БІРЛІКТЕ!
Өңіріміздегі этнос өкілдері этносаралық достықты сақтау, өскелең ұрпақтың бойына патриотизмді дарыту, мәдени және тарихи мұраларымызды оларға аманаттау, сонымен қатар бірлікті, этносаралық және дінаралық келісімді нығайтуға үлкен үлес қосуда. Солардың бірегейі – «Ахыска» түрік этномәдени орталығы. Жуырда орын алған бауырлас Түркиядағы алапат жер сілкінісі ешкімді бейжай қалдырмады. Осыған орай Ассамблея тарапынан ұсынылған гуманитарлық көмекті «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі үйлестірген болатын. Шара барысында игі істің басы-қасында жүргендерге облысқа белгілі бірқатар азаматтар алғыстарын білдірді. Сондай-ақ «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Махмуджон Давришев жұртшылықтың атсалысуымен облысымыздан 84 миллион 400 мың теңге қаржылай, 24 фура 480 мың тонна азық-түлік және алғашқы қажеттіліктегі тұрмыстық заттар жиналғанын айтты. Үйлестірушілер көмегімен оның 4 фурасы Сирияға, 20 фурасы Түркияға аттандырылып, қаржылай көмек Дүниежүзілік түрік-ахыска қауымдастығының (DATÜB) арнайы шотына жіберілген. – Мен барша жамағатқа зор рақметімді айтамын. Бауырластықтарыңызға мың алғыс. Ауызбіршілігіміз нығая түссін, ағайын! Алапат зілзала, пәле-жаладан Қазақстанымыз аман болсын! Батамыз қабыл болсын! – деген Махмуджон Давришев ерекше ыстық ықыласпен өзінің жүрекжарды тілегін білдірді. Шара соңында облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев тәубешілік, сабырлық, қанағат, имандылық сынды құндылықтарды бағалап, табиғи апаттардың алдын алу жөнінде мысал келтіре отырып уағыз айтты.
«Қоғамдық келісім» мекемесінің ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс бөлімі