ШАРУАСЫ ШАЛҚЫҒАН ШУ ӨҢІРІ
ШАРУАСЫ ШАЛҚЫҒАН ШУ ӨҢІРІ
Инвестиция – ел игілігі
Аталған ауданда ауылдық елді мекен тұрғындары табысын ауыл шаруашылығы саласы арқылы арттырып отыр. Жалпы өнеркәсібі дамыған, инфрақұрылымы жолға қойылған аудан ел экономикасын дамыту мақсатында алға қойған міндеттердің орындалуына бүгінде қомақты үлес қосып келеді. Ауданның жері құнарлы, табиғаты шұрайлы, шаруашылыққа қолайлы болғандықтан тұрғындар диханшылыққа ден қойған. Мұндағы халықтың жылдан-жылға өмір сүруі мен тұрмыс сапасының жақсара түсуіне әр салада атқарылып жатқан жемісті жұмыстар арқау болуда. Жалпы қай өңірде инвестициялық жобалар көптеп жүзеге асса, сол жердің әлеуметтік-экономикалық жағдайы көтерілетіні белгілі. Инвестиция тарту жағына келгенде Шу ауданы сылбыр қимылдап жатқан жоқ. Бұған дейін атқарылған жұмыс нәтижесіне жергілікті тұрғындар онсыз да қанық. Біздің айтпағымыз ауданға жаңадан әкім болып барған Бақытжан Жәнібеков аймақтың әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеруде қандай шаруаларды қолға алмақшы? Осы жағына назар аударсақ, аудан басшысының айтуынша, 2022-2025 жылдар аралығында Шу ауданында құны 185,8 миллиард теңге болатын 165 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған екен. Қазіргі таңда осы межелі жоспарды орындау арқылы бірқатар жаңа жұмыс орындары ашылыпты. Былтырдан бастап алдағы үш жылда тек инвестиция тарту есебінен 984 жаңа жұмыс орнын құру көзделген екен. – Ауыл шаруашылығы бағытында құны 7,3 миллиард теңгеге татитын 104 жобаны жүзеге асыру межеленген. Оның былтыр 22-сі толықтай іске асып, 48 жаңа жұмыс орны құрылса, қалған жобалар арқылы осы және келер жылы 96 жұмыс орнын ашу жоспарланды. Биыл бір жаңбырлатып суару технологиясын орнату, 11 көшет өсіретін шаруашылық, 4 мал бордақылау алаңын, З жылыжай және бір-бір балық шаруашылығын, сүт өңдеу цехын, құрама жем зауытын салу көзделіп отыр. Ауданда ауыл шаруашылығы саласында келер жылы 36, 2024 жылы 26, 2025 жылы 20 жоба жүзеге асады. Ол жобалардың қатарында тауық фермасын, көкөніс сақтайтын қойма, жемшөп дайындайтын цех, механикаландырылған техникалық станция салу секілді тағы да басқа іргелі істер бар. Өнеркәсіп саласында жалпы құны 178,5 миллиард теңге болатын 61 жобаны іске асыру қолға алынуда. Осы арқылы алдағы уақытта 587 жұмыс орны құрылады. Оның ішінде құны 4,7 миллиард теңге болатын 57 шағын инвестициялық жобаны іске асырмақшымыз. Тарқата айтқанда, өңдеу өнеркәсібі бойынша 13, тамақ өнеркәсібі өндірісіне қатысты 5, қызмет көрсету саласында 21 жоба жүзеге асырылатын болса, бұдан өзге мемлекеттік қолдауды қажет етпейтін 41 жоба бар. 2022 жылы 1 871 миллион теңгеге 135 жұмыс орнының ашылуына себеп болған 23 жоба толыққанды іске асты. Ірі инвестициялық жобалар жайына келсек, 2025 жылға дейін 4 жоба жүзеге асады. Жалпы құны 173,7 миллиард теңге болатын аталған жоба аясында 530 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Сондай-ақ елді мекендерде спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысын жүргізу, білім ошақтарын газға қосу, елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету, газ құбырын жүргізу секілді әр сала бойынша биылдың өзінде құны 57 миллиард теңгені құрайтын 225 бюджеттік жобаны жүзеге асыру жоспарда бар. Одан бөлек, осы жылдың бюджетіне қосымша 5 жобаға, яғни 5,1 миллиард теңгеге өтінім берілді, – дейді Бақытжан Оразалыұлы. Биыл мәдениет саласында 2 нысанның, Шу қаласында 1 спорт кешенінің, полиция бөлімінің жаңа ғимаратының құрылысы секілді тағы басқа жобаға бюджеттік өтінім беріліпті. Жыл соңына дейін әр сала бойынша қосымша 19 нысанның мемлекеттік сараптамалары дайын болады деп күтілуде. Ауданда балабақша, колледж, орта мектептерді қосқанда 114 білім мекемесі бар болса, білім саласы бойынша іске асыру қажеттілігі бар жоба саны – 27. Сол секілді денсаулық саласы бойынша 7 жоба, елді мекенге ауызсу тарту бойынша 17 жоба жүзеге асады. Биылдың өзінде 12 нысанды газға қосу жоспарланған. Ауданда осы секілді ел игілігі үшін қолға алынатын жобалар көп-ақ. Мәселен ауданда жыл сайын автокөлік жолдары жөндеуден өтіп, ауыл көшелеріне рет-ретімен асфальт төселуде. Былтырдан бастап жолдар бойынша 97 жоба дайындалса, оның құны 3,4 миллиард теңгені құраған. Осы жобаның 91-і Шу қаласы мен ауылішілік жолдарды жөндеуге тиесілі. 84,2 шақырым жол жабынын орташа жөндеуден өткізуге 1,8 миллиард теңге қаралыпты. 6 жоба бойынша аудандық маңызы бар автожолдар орта жөндеуден өтпек. Оның ұзындығы 26,88 шақырым. Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 5 көше, жергілікті бюджеттен 29 көше жөнделіпті. Алдағы жылы жол саласында – 38, 2024 жылы 21 жоба жүзеге асатын болса, 2025 жылы 4 көше жөнделеді деп күтілуде. Қазір Шу қаласының кіре берісінен Балуан Шолақ ауылына дейінгі 32 шақырым жолы күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Сонымен қатар 52 шақырым Шу-Қайнар жолына күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі. Ауданда тұрғын үй кезегінде 1 818 азамат тіркелсе, Шу қаласындағы 5 қабатты 80 пәтерлік 1 тұрғын үйдің құрылысына бюджеттік өтінім беріліпті. Жоба қолдау тапса 80 отбасы тұрғын үймен қамтылатын болады. Сонымен қатар Шу қаласындағы әскери қалашықта күрделі жөндеуді қажет ететін әр қайсысы 75 пәтерден тұратын 4 үй бар екен. Қазіргі уақытта аталған тұрғын үйді жөндеуден өткізіп, пайдалануға берудің жанама жолдары қарастырылуда. Аталған мәселелер шешімін тапса кезек саны тағы да 380 адамға азаяды. Жұртшылықты баспанамен қамтуда «Асарлатып үй салу» жобасының да тигізген көмегі зор екенін айта кету керек. Өткен жылы аудан көлемiнде мұқтаж отбасыларға арналған 11 тұрғын үй өз иелеріне табыс етілген. Оның ішінде үш үй, яғни Бiрлiк, Абай және Еңбекші ауылдарында бір-бір үйден салынып, олар пайдалануға берiлген. Далақайнар және Д.Қонаев ауылдарында екі үй сатып алу тәсілімен мұқтаж отбасыға табысталған. Бұдан бөлек, Д.Қонаев ауылының Дулат көшесіндегі №65 тұрғын үй жаңа жыл қарсаңында сатып алынып, көпбалалы отбасыға сыйға тартылған. Сол секілді Жаңажол ауылында екi отбасыға арналған бір тұрғын үй, Д.Қонаев ауылы А.Байтұрсынов көшесінде және Абай ауылы Секер батыр көшесінде де тұрғын үй құрылыс жұмыстары аяқталып, иелері қоныс тойын тойлаған. Шоқпар ауылында жағдайы төмен бір отбасыға ауылдық округ әкімі өз қаржысы есебінен үй сатып алып беріпті. Бүгінде жер кезегінде аудан бойынша 6 484 азамат тұр екен. Оның ішінде Шу қаласында 4532, Төле би ауылында 1613, Алға ауылында 339 адам жер кезегінде тұр. Былтыр Алға ауылында 210, Төле би ауылында 859 азаматқа жер берілу керек болса, соның 500-іне жер телімі үлестірілген. Шу қаласына ауыз су, газ, Төлеби ауылына да газ құбырын тарту үшін тиісті қаржы бөлініп, 1 449 азаматқа жер телімін беру жоспарланса, бүгінгі күнге 800 адамға жер телімі беріліп, құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Мердігерлермен тиісті келісімшарт жасалып, қазіргі таңда атқарылуы тиіс жұмыстардың 50 пайыздан астамы орындалған. Соның арқасында 4250 адамға жер беріліп, жалпы баспана салу үшін жер учаскесіне кезекке тұрған аудандағы азаматтардың 69 пайызының қажеті өтелген.
Шаруаларға көрсетілер қолдау көп
Елді мекендердің еңсе тіктеп, тамырына қан жүгіруі ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Әсіресе бүгінгідей нарықтық заманда жеке кәсіпкерлік ісін жетілдіре тусуді заман талабы қажет етуде. Ауданда кәсібін кеңейтіп, сол арқылы тұрмысын тіктегісі келетіндер жетерлік. Ал оларға бағыт-бағдар және сан сала бойынша қолдау көрсету ең басты мәселе. Бұл тұрғыда аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков шаруаларға қолдау көрсету жөнінде бірқатар бастаманы қолға алыпты. Соның біріне кеңінен тоқталар болсақ, бүгінде Шуда көршілес аудандардың іргелі шаруашылықтарымен байланыс орнатып, тәжірибе алмасу – қолға алынған тың бастаманың бірі. Мәселен іргелі құс фермасы, жылыжай кешендері мен мал бордақылау алаңдарына қатысты озық тәжірибе жинау секілді игі іс аудан шаруалары үшін үлкен олжа болып отыр. Жақында мұндағы бірқатар шаруалар Қордай ауданындағы «Eco Chicken» модульді құс фермасына жұмыс сапарымен барған-ды. Осы кездесуге ауыл әкімдері мен әр ауылдағы шаруа қожалық жетекшілерін Бақытжан Оразалыұлы өзі бастап барыпты. Шарулар мұндай келелі кездесу олардың бір-бірімен білгенін бөлісуіне, тәжірибе алмасуына, тың бағытта ойға алған кәсібін именбей бастауына, қолға алар шаруаның жөні қалай екенін көзбен көріп қанығуға үлкен мүмкіндік беретінін айтып жүр. Мұндағы ең ұтымды мәселе – Қордай ауданындағы аталған іргелі құс фермасының басшылығы дәл осы кәсіппен айналысамын деген шулық шаруаларға айрықша қолдау көрстеуде оң қабақ танытып отырғандығы. – «Eco Chicken» құс фермасы қолынан іс келетін азаматтарға түрлі жеңілдіктер қарастырмақшы. Нақты айтқанда, жеке кәсіпкер 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алып, құс фермасына қажетті инфрақұрылымды жасап, келісімшартқа отырса, «Eco Chicken» компаниясының өкілдері 1600 етті балапанды өздері жеткізіп береді. Сондай-ақ балапандарды емдеуге, дәрі-дәрмек алуға, тамақтандыруға қажетті шығынды да өздері өтеп бермек. Оған қоса, балапандар ет жинап, дайын болған кезінде аталмыш құс фермасы өздері сатып алады. Тұтастай алғанда, шаруалардың міндеті – балапанды баптап, бағып беру ғана. «Eco Chicken» құс фермасының серіктесі болғандарға мамандар дайын модульді ұсынып қана қоймай, бұл істің қыр-сырын үйретіп, әрдайым ақыл-кеңес беріп, сүйемелдеп отыратын болды, – дейді Шу ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Бетбаев. Қордайдағы серіктестік құрама жем өндіру нарығында үш жылдай жемісті еңбек етіп, көпжылдық тәжірибенің арқасында нарықты зерттей келе осы құс өсіру ісін бастаған екен. Жоба 2018 жылдан бері іске қосылған болса, бір жылдан кейін «сэндвич-панельдерден» құрастырылған алғашқы модулі іске қосылыпты. Осы уақытта тәжірибе жүзінде аталмыш модульдердің тиімділігі анықталып, кемшіліктері жетілдірілген. Ондағы мамандардың айтуынша, бройлер балапандары 43-45 күнде пісіп-жетіліп, союға дайын болады. Модульдің ішінде өзіндік микроклиматты автоматтандырылған жүйе қадағалайды, сонымен қатар су және жем де автоматты түрде жеткізіліп тұрады. Қанаттыларға берілетін дәрумендер де қатаң қадағаланады. Құстарға серіктестіктің өзі өндіретін «Eco Jem» құрама жемі беріледі. Бұл жем табиғи таза дәнді дақылдардан дайындалады. Оның құрамында бройлер балапандарына қажетті дәрумендер мен минералдар бар. Сондықтан да құстар қосымша азықтандыруды қажет етпейді. Мамандардың айтуынша, жем құрамындағы ферменттер азықтық заттардың жақсы қорытылып, сіңуіне де ықпал етеді екен. Шу ауданы облыста пияз өнімін өндіруде алдыңғы қатарда екенін айта кету керек. Мәселен облыстағы пияз алқабының 60-70 пайызы шулық диқандардың қолында. Былтыр бұл аудан 13,1 мың гектарға пияз егіп, мол өнім алғаны есте. Дегенмен пиязды баптап жүрген Қордай ауданындағы дүнген ағайындар екенін жасырмауымыз керек. Қордайлық дүнгендер жылда мұндағы 10 мың гектардан аса аумаққа пияз егуді үрдіске айналдырған. Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков, Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбек Қордай ауданының Масаншы ауылындағы жергілікті дүнген ұлтының өкілдерімен кездесіп, диқандарға пиязбен қатар Шу ауданында қант қызылшасын егуге де ұсыныс жасауы өте құптарлық жағдай. Аудан атқа мінерлері қызылша егуге ниетті қордайлық шаруаларға айтарлықтай жеңілдіктер қарастырылады деп отыр.
Жастар кәсіпті жатсынбайды
Ауданда жалпы тұрғындар саны 103 751 болса, оның 30 717-сі 14 пен 35 жас аралығындағылар. Бұл тұрғындардың 30 пайызға жуығы жастар деген сөз. Олардың ішінде ауыл өрендерінің саны 20 660 болса, қалғаны қалалық жастар. – Ауданда 2023 жылдың ақпан айы бойынша 361 жас (1,18 пайыз) жұмыссыз ретінде тіркеліп, оның 153-і жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Оның ішінде ваканттық бос жұмыс орындарына 46, ақылы қоғамдық жұмысқа 40, әлеуметтік жұмыс орындарына 5, «Жастар тәжірбиесіне» 36 адам жіберілді. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқуға жолдама алған жастар саны – 25. «Алғашқы жұмыс орны» бойынша бір азамат жолдамаға ие болды. Жұмыссыз жастардың ішінде пробациялық тіркеуде тұрғаны – 83, NEET санатында 49 адам бар. 2439 өрен өзін-өзі жұмыспен қамтыса, 19 476-сы экономикалық белсенділер есебінде. 3598-і – студент, мектеп оқушылары – 4490, әскер қатарына кеткендер – 275, қалғаны мүмкіндігі шектеулілер, – дейді аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Ғани Қойбағаров. Ауданда кәсіпке бет бұрған жастар жетерлік. Соның ішінде Сергей Балғабаев есімді жас әкесі Бахадыр Масаитовпен бірге түйеқұс өсіріп, пайда табуды қолға алыпты. Төле би ауылындағы айтарлықтай үлкен болмаса да, африкалық түйеқұстарды өсірумен айналысатын әкелі-балалы кәсіпкерлер бұл құсты өсіру оңай шаруа еместігін айтады. Алғашында бұл кәсіппен айналысу жөнінде Сергейдің әкесіне достары кеңес берген екен. Бахадыр Жораұлының үш ұлы болса, соның ішінде Сергей Маратұлының шаруаға еп-себі бар. Сондықтан әкесінің идеясын жүзеге асыруға Сергей қуана келісіп, оған қолғабыс етіп жүр. Әу баста олар үш айлық төрт түйеқұс сатып алыпты. Бұл түйеқұстарға жергілікті құс деп қарауға да болатын көрінеді. Өйткені олар Қазақстанда өсіп-жетілген. Осы өңірдің ауа райына, табиғатына бейімделген құсты іздеп-табу оңайға соқпаса да, оның сәті былтыр түскен екен. Құстардың түбі африкалық екенін ескерсек, биыл түйеқұстар бірінші мәрте қысты бастан өткеріп отыр. – Өздеріңіз білетіндей, жуырда ел көлемінде қатты аяз жүріп өтті. Сол уақытта түйеқұстар «суықты көтере алмай қалмай ма?» деп қатты алаңдадық. Сөйтсек олар анша-мұнша қысқа төзімді келеді екен. Әзірге біз шағын құс фермамыздан пайда көріп отырған жоқпыз. Керісінше, бұл істі дамытып, одан әрі өркендету үшін бар қаражатты осы кәсіпке салып жатырмыз. Пайда көру үшін әуелі түйеқұс санын табиғи жолмен көбейтуіміз қажет. Бұл үлкен әрі жауапты жұмыс. Негізі түйеқұсты ет өнімі бағытында асырадық. Оның етінің құрамы ақуызға толы, пайдалы диеталық өнімге бай. Мұнан кейін оның майын косметологтар мен фармакологтар пайдасы жағынан жоғары бағалайды. Түйеқұстың қауырсындары мен терісі сән және дизайн индустриясында үлкен сұранысқа ие. Сондай-ақ салмағы тауықтың 60 жұмыртқасына тең келетін түйеқұс жұмыртқасы жөнінде айтпай кетуге болмас. Түйеқұс жұмыртқасы өзіндік құрамдық пайдалылығын ұзақ сақтайды. Оны тоңазытқышта бір жылға дейін сақтауға болады. Сонымен қатар оның жұмыртқасын тамаққа, ал қабығын дизайн интерьерінде және түрлі сувенир жасауға пайдаланса да артықтығы жоқ, – дейді С.Балғабаев. Бахадыр Жораұлы түйеқұс бабын жасаса, өздігінен дами беретінін сөз етті. Құстардың негізінен жеке-жеке үйшігі болуы шарт екен. Олар өз бойынан айтарлықтай жылу бөлетін болғандықтан, маңайына бөлінген сол жылу арқылы қыстың суығында аса қиналмайтын көрінеді. – «Шу ауданының тұрғындары» қоғамдық бірлестігінің төрағасымын. Жалпы мен жекелеген тұрғындарға қандай да бір той, құдалық, тағы басқа жақсылықтар мен ас беру сынды шаралар барысында аспаз ретінде де қызмет көрсетемін. Отбасымда анам, жұбайым, балаларым, немерелерім бар. Жалпы мына заман кәсіптің заманы. Бүгінде еңбек етпеген адам көштен қалады. Бұл әлдеқашан дәлелденген жайт. Сондықтан біздің отбасымызға да бір кәсіп қажет болып жүрген-ді. Істі неден бастарымызды білмей көп ойландық. Сонымен қатар қомақты қаржы да қажет болды. Осылайша, балам Сергеймен ақылдаса келе түйеқұс шаруашылығын дамытуды таңдадық. Кез келген іс бірден жолға қойылып кетпейді. Әсіресе бізге таңсық әрі ерекше кәсіп саналатын бұл ісімізді алға жылжытуда талай қиындықтар кездесетінін білеміз. Осыны біліп, белді бекем будық. Түйеқұстарды қаншадан сатып алғанымыз және осы тұрғыдағы кәсіптің тағы да басқа қыр-сырын бөлісуге де болар еді. Алайда бұл жағын әзірге кәсіптік құпия ретінде қалдырғанды жөн көріп отырмыз. Дегенмен кәсібіміздің құпияға жатпайды-ау деген тұстары да жоқ емес. Мәселен түйеқұстың дымқылды, сыз тартатын жерді қаламайтынын айта кеткен жөн. Сондықтан ең алдымен тазалық пен құстың орналасқан орнының құрғақтығына мән беру маңызды. Сонымен қатар түйеқұстарға мейлінше аумағы кең орын қарастырған абзал. Өкінішке қарай біз қазіргі уақытта тиісті жер көлеміне қол жеткізе алмағандықтан, ферманы талапқа сай қажеттіліктермен жабдықтай алмай отырмыз. Жер учаскесі де өзіндік жайылымға ие, құстарды азықтандыра алатындай құнарлы болуы қажет. Осыған орай, бізге жер учаскесін бөлу бойынша жергілікті атқарушы орган көңіл бөлсе екен дейміз. Жалпы, түйеқұстарды қоректендіру көп уақыт алмайды. Олар кез келген нәрсені азық қылып жүре береді. Табиғатынан ағаш діңгектерімен, шөптермен, жапырақтармен, түрлі жәндіктермен қоректенеді. Үлкен түйеқұстарды тәулігіне екі рет, балапандарды 4 рет қоректендірген жөн. Шөп, жеміс-жидек, бидай, дәрумендік қоспалар, арнайы азықтар да олардың қорегіне жатады. Бір түйеқұстың азығы күніне 3 келіге жуық мөлшерді құрайды. Құстардың денсаулығы жөнінде айтар болсам, бірінші кезекте осы мәселе бойынша кеңес беріп, қолдау көрсеткен аудандық ветеринарлық станса басшысы Сейітқазы Таңсықовқа және мал дәрігері Руслан Мирзоевқа айтар алғысымыз шекміз. Осы азаматтардың көмегінің арқасында барлық құстарға екпе салынып, чип орнатылды. Білікті мамандардың арқасында құстардың денсаулығына алаңдап жатқан жайымыз жоқ, – дейді Б.Масаитов. Ферманың әрі қарай табысты дамып, өз жұмысын лайықты жалғастыруына әкелі-бабалы кәсіпкерлер мемлекет тарапынан берілетін мүмкіндіктерді молынан пайдаланса игі. Себебі мемлекет өз кәсібін ашқан, ісін жаңадан бастаған азаматтарға қаржылай да, басқалай да қолдау көрсетуге даяр.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ