Жамбыл жаңалықтары

Жұмыспен қамтуда да жүйелілік керек

Жұмыспен қамтуда да жүйелілік керек

Былтыр ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаменті мемлекеттік қызмет істері саласына бақылау бағыты бойынша 34 тексеру жүргізіпті. Оның ішінде 14-і профилактикалық бақылау, қадағалау болса, қалғаны жоспардан тыс тексерулер екен. Нәтижесінде мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың бұзылуына қатысты 368 факті анықталған. Аталған департамент 6 азамат пен 4 мемлекеттік қызметшінің құқығын қорғап, тәртіптік жаза туралы заңсыз шығарылған 4 акті мен 2 конкурстық комиссия шешімінің күшін жойған.

Бұл туралы облыс әкімдігінде аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте айтылды. Мемлекеттік қызметтің жай-күйін баяндаған ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Лесбек Ілебаев: «Өткен жылы 12 мәрте Әдеп жөніндегі кеңес өткізіліп, онда 76 мәселе қаралды. Оның 15-і тәртіптік іс болса, 61-і профилактикалық мәселелер. Тәртіптік істерді қарау нәтижелері бойынша 12 жергілікті атқарушы органдардың лауазымды тұлғалары тәртіптік жазаға тартылды. Оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін 8 қызметшіге «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» және әдеп нормаларын бұзғаны үшін 4 қызметшіге «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданылды», деді. Сондай-ақ Лесбек Құралбайұлы өткен жылдың соңында ҚР «Мемлекеттік қызметші туралы» Заңына енген өзгерістерге орай мемлекеттік қызметшіге қойылатын біліктілік талаптарын айқындап берді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдарда барлығы 2 439 адам бағалаудан өтсе, олардың 2 276-сы тиісті бонус төлемдерін алыпты. Алайда 5 қаңтарда Сарысу ауданының жергілікті атқарушы органдары мемлекеттік қызметшілерге бағалау жұмыстарын жүргізгенімен бонустарды төлеу мәселесі бүгінгі күнге дейін шешілмепті. Сонымен қатар кейбір басқарма басшысын тағайындау кезінде меритократия қағидаты сақталмағанын өңірлік белсенділер әлеуметтік желілерде мәселе етіп көтерген екен. Тиісті орындар бұл бойынша дер кезінде кері байланыс орнатпаған. Соның салдарынан мәселе одан әрі қызу талқылауға ұласқан. Аталған департамент басшысы облыста «Халық үніне құлақ асатын үкімет» тұжырымдамасына кереғар келетін жайт, кейбір мемлекеттік қызметшінің киім үлгісі, яғни сырт келбеті іскерлік стильге сай келмейтіні сынды өзге де бірқатар мәселелерді жіпке тізді. Жиында департамент тарапынан төтенше жағдай және басқа да мәселелер кезінде халықтың қасынан табылып, ел ықыласына бөленіп жүрген бір ауылдық округ әкімі туралы бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды. Осы орайда Л.Ілебаев мемлекеттік қызметшілердің жағымды әрекеттерін кеңінен таратуға бағытталған жұмыстар жандандыруды қажет етіп отырғанын сөз етті. Өз кезегінде облыс әкімі баяндамада атап көрсетілген мәселелер бойынша тиісті аудан, басқарма басшыларының айтар уәжін тыңдады. Мемлекеттік қызметшінің имиджін көтеру мәселесіне де қатысты ойын білдірді. – Бұл өте құптарлық ұсыныс. Өйткені өңірде жұртты сүйсінтерлік көптеген істер тындырылып жатыр. Бірақ ол көзге көріне бермеуі мүмкін. Мәселен, тек қана жергілікті атқарушы органдарда 2 550 мемлекеттік қызметші еңбек етеді. Ал аумақтық департаментте, орталық атқарушы органдарда еңбек ететіндерді қосқанда, жалпы облыс бойынша 5 мыңға жуық мемлекеттік қызметші бар. Олардың ішінде өз міндетін тиянақты атқарып жүрген, өзгеге үлгі боларлық мемлекеттік қызметшілер жетерлік. Біз өзіміздің мемлекеттік қызметшілердің имиджін көтеру үшін жергілікті атқарушы орган, баспасөз қызметі арқылы осындай роликтерді жасап, әлеуметтік желіге салуымыз керек, – деді Нұржан Молдиярұлы. Бұдан кейін облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесовтің баяндамасы тыңдалды. Ол әулиеаталықтардың «Күміс жас», «Жастар тәжірибесі», «Ұрпақтар келісімшарты» секілді бағдарламалар бойынша жұмыспен қамтылуы, әлеуметтік қамсыздандырылуы, жеңілдетілген несие алуы, мемлекеттік грантқа ие болып, кәсіп ашуы секілді басқа да атқарылған шаруаларды егжей-тегжейлі баяндап, кейбір кемшілікті де атаусыз қалдырмады. – Бос жұмыс орындарына бүгінгі күнге 2 637 адам орналасса, оның тек 48,5 пайызына ғана міндетті зейнетақы жарналары аударылды. Тараз қаласы – 41,2 пайызбен, Сарысу ауданы – 40,7, Жуалы 38,8 пайызбен облыстық көрсеткіштен төмен тұр. Азаматтардың жұмысқа орналасу-орналаспауы олардың зейнетақы қорына тиісті жарналары аударылғанда ғана есепке алынады. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарды күшейту қажет. Электронды еңбек биржасында облыс бойынша 2023 жылы 452 жоба енгізіліп, ол бойынша 4 229 жұмыс орны ашылуы тиіс. Бүгінгі күнге электрондық биржаға 10 жоба енгізіліп, 157 жұмыс орны жарияланды. Жарияланған бос жұмыс орындарына тек 97 адам орналастырылған. Атап айтатын болсақ, Тараз қаласында жарияланған 128 бос жұмыс орнына 84 адам ғана орналастырылса, Т.Рысқұлов ауданында жарияланған 10 жұмыс орнына және Жуалыдағы 6 жұмыс орнына бірде-бір адам орналаспаған. Осы бағыттағы жұмыстарды шұғыл ұйымдастыру қажет екенін ескертемін. Себебі жарияланған бос жұмыс орындары мерзімі біткен соң архивке кетіп қалады да, оларды қайта жариялағанда бос жұмыс орындар саны екі рет есепке алынып, қателіктерге жол беріледі, – деді Еркін Егембердіұлы. Облыс әкімі өңірде субсидияланатын жұмыс орындарының саны былтырғыға қарағанда арта түскенін, облыстық, республикалық бюджеттен де бөлінетін қаржы еселенгенін, мұндағы басты мақсат халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу екенін алға тарта отырып, олқылыққа жол берген аудан әкімдерінен жауап алды. Жиын соңында Н.Нұржігітов оқуды жаңадан бітірген жастарды, жалпы жұмыссыздарды мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмысқа орналастыруды, межені уақытылы орындауды, бөлінген қаржыны дер кезінде игеру секілді шаруаларды кемшіліксіз атқаруды сала қызметкерлеріне баса тапсырды.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ