Келдің бе, көркем көктемім?
Келдің бе, көркем көктемім?
Құстар да қазақ сияқты көшіп-қонып жүреді. Бірақ өз жұртына адал. Сондықтан да шығар, қазақ құс қайтқанда қимай қоштасып, құс келгенде туысқаны келгендей қуанатыны. Егер қазақ құстарды жақын көрмесе, ақиық ақындары «Құстар қайтып барады мекеніне, қанаты бар мақұлық кетеді де» деп күңіренер ме еді. Сондай-ақ: «Нұр жауып тұрған көктемде, Гүл тере барсаң бөктерге, Қоңыраулатқан аспанды, Найзағай шаншып өткенде, Есіңе мені алғайсың», – деп аққудың қиқуына ән қосар ма еді?! Құстар десе есіңізге ақиық Мұқағалидың: «Қарлығашым, келдің бе, қаршығадан саумысың? Аман-есен жеттің бе, айыр құйрық нау-құсым? Оралдың ба тағы да өзің өскен ұяға, Оралдың ба, сүйіктім, екеуің де бармысың?» деген өлең жолдары оралатыны даусыз. Қараңызшы, құстың өзін жұбымен іздеп, жұбымен қарсы алып үйренген қазақтың ақыны жалғыз келген қарлығаштың жұбын жоқтап күңіренеді. Қазаққа ең жақын құстың бірі қарлығаш екені даусыз. Сондықтан да қарлығаш шаңыраққа ұя салады. Қазақтың отбасы – қарлығаштың да отбасы сияқты. Мүмкін, сондықтан да көктемде қарлығаштар асығып жететін шығар. Осы орайда «Қарлығаш би» атанып кеткен Төле бидің аңызы еске оралады. Жоңғар басқыншылары өрттей қаптап, қазақ жерін таптап келе жатады. Қамсыз малын бағып отырған ел тым-тырақай босып, үдере көшеді. Сонда жалғыз-ақ бір үй түтінін түтетіп отыра береді. Жоңғар қоңтайшысы батырларын жұмсап: – Анау жалғыз үй неге көшпеген? Барып біліп келіңдер! – дейді. Келсе, Төле бидің үйі екен. Жоңғар жігіттері өктем сөйлеп: – Жұрттың бәрі көшіп кеткенде, сен кімсің, неғып отырсың? – дейді. Сонда Төле би: – Шаңырағыма қарлығаш ұя салып еді. Сол құс сарыауыз балапандарын қанаттандырғанша ешқайда көшпеймін. Қарлығаш – қасиетті құс. Адам баласының досы. Жау келді деп үйімді жығып, қарлығаштың ұясын бұзып, балапандарын шырылдатар жайым жоқ! Хандарыңа осы сөзімді жеткізіңдер! – дейді. Жоңғар жігіттері қоңтайшысына барып, Төле бидің айтқандарын айтып берсе: – Ол әулие адам екен. Оған тимеңдер, оның төңірегіндегі елін де қозғамаңдар! – деп бұйырыпты. Содан бастап Төле би Қарлығаш әулие» атанып кетіпті. Жалпы қазаққа тек қарлығаш жақын емес, қараторғай да, бозторғай да жақын. Қазақ өз тағдырын құстармен бейнелеген халық десек, Ақан сері: «Қараторғай, Ұштың зорға-ай. Бейшара, шырылдайсың, Жерге қонбай», – деп толғанады. Алты Алашты әнмен әлдилеген серіні мұнша мұңайтқан не құдірет десеңізші?! Ақан сері өз тағдырын қараторғаймен суреттесе, Кенен Әзірбаев: «Бозторғай, шырылдайсың жерге түспей, Мен жүрмін кешке дейін тамақ ішпей», – деп, өзінің назын сазға айналдырып, мұңын бозторғайға шақты. Бозторғайды да қазақ жақсы көреді. Тіпті «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» деп, бозторғайды бейбітшіліктің символы ретінде бағалап, қастерлейді. Мұның бәрі де қазақ пен құстың жалпы табиғатпен тұтастығын көрсетеді. Ал көктемнің келуін қазақ «Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы» деп санайды. Көктем – барлық тіршілік иесіне жан, сезім бітіретін құдіретті мезгіл. Ол гүлдерімен әдемі, құстарымен көркем. Сондықтан да оның бір аты – махаббат. Махаббат – шексіз, риясыз һәм толағай. Ал қазақтың қызды қызғалдаққа теңеп еркелетуінің де себебі осында жатқандай. Кейде көктем маған өлген адамның өзін тірілтетіндей сезіледі. Өйткені көктем тіршілік атаулының оянатын мезгілі. Жаңаша жыл есебіміз бойынша, 1 наурыз көктемнің басы болып есептеледі. Міне, осы кезде алғашқы болып ақ көрпесінің астынан жауқазындар жар салады. Қазақ бәйшешектің гүлін көргенде ғана көктемнің келгеніне бірақ сенген. Содан болар, көрнекті ақын Тұманбай Молдағалиевтің: «Арман іздеп алабұртқан ашық тән, Ақындарға көрінеді қашықтан. Ақ көйлекті қыздар еске түседі, Қыстан озып көктеміне асыққан» деп бәйшешектің өзін ұйқысынан жаңа оянған арудай етіп суреттейтіні де сондықтан. Иә, арулардың тағдыры да гүлдердің тағдырындай ғой. Өседі, гүлдейді, қурайды. Гүлдер жердің сәні болса, қыздар елдің сәні. Қарлығаш секілді көктеммен бірге қонақжай қазақ халқына деген терең тағзымының белгісі. Олай болатын да жөні бар. Өйткені қиын-қыстау жылдарда қазақ халқы арқардай ауып келгендерге арқасүйер пана бола білді. Бүгінде елімізде 100-ден аса ұлт өкілдері бір шаңырақтың астында бір отбасының адамындай тату-тәтті өмір сүріп келеді. Сондықтан да көктемді сұлулық пен жылулықтың салтанат құратын, береке мен татулықтың, сүйіспеншілік пен бауырмалдықтың қанат жаятын айы деп бағалау керек. Әркімнің өз көктемі бар. Кейбіреудің көктемі кешігіп, енді бірінікі ерте келер. Бірақ сол көктемді құстарымен, гүлдерімен қарсы алғанға не жетсін.
Шапағат ӘБДІР