Жамбыл жаңалықтары

ЖАМБЫЛ АУДАНЫ ҚАЛАЙ ҚҰРЫЛДЫ

ЖАМБЫЛ АУДАНЫ ҚАЛАЙ ҚҰРЫЛДЫ

Жамбыл облысы 1939 жылы 14 қазанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен құрылды. Орталығы – Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласы. Бұрынғы Сырдария округінің құрамында Әулиеата деген атаумен Жамбыл ауданы құрылған еді. Ауданның орталығы Әулиеата деп белгіленген. Кейін Сырдария округі Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары болып екіге бөлінгенде Әулиеата ауданы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық бағынысында қалды. Ауданға 1936 жылдың 10 қаңтарынан бастап Қазақстанның сол кездегі бірінші басшысы Мирзоянның есімі, ал 1938 жылы оған халқымыздың мақтанышы, ұлы жыршы Жамбыл Жабаевтың есімі берілді. Жаңа құрылған Жамбыл облысы Оңтүстік Қазақстан облысынан бөлініп шығып, Жамбыл ауданы жаңа шаңырақ көтерген облыстың құрамына енеді.

Алатау мен Қаратаудың тоғысқан тұсында орын тепкен ауданның жері шұрайлы. Ол жылдары Қазақстанның оңтүстігіндегі көршілеріміз Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстары шаруаларына төселіп, еңсесін тіктеп алған болатын. Жаңа құрылған Жамбыл облысының шаруасы шатқаяқтап, алғашқы кезеңде тіптен ауыр болды. Алдымен облыста коммунистік партияның рөлін күшейту бағытында үгіт-насихат жұмыстары қолға алынды. Бастауыш партия ұйымдарын құрып, оның құрамына колхозшыларды, жұмысшыларды, сауаты бар адамдарды тарту мәселесі қолға алынды. 1940 жылдың 1 қаңтарынан бастап совхоздар ұйымдастырыла бастады. Олардың әлеуеті колхоздарға қарағанда күштірек болды. 1939 жылы әр гектар астық алқабынан 5,5 центнерден астық бастырды. 1 гектар қант қызылшасынан – 426, пістеден – 5, картоптан 8,3 центнерден өнім жинады. Ауданда тауарлы фермалар пайда болды. Гродеково ауылы өте күрделі болды. Тарихты тарқатып айтсақ, 1864 жылы Генерал Черняев Қазақстанның оңтүстігін отарлау саясатымен келіп, Әулиеатаны зеңбірекпен атқылаған. Қалада бекініп қалған орыс әскерлеріне сол кезде өлкелік генерал-губернатор Николай Иванович Гродеков жер алып беріп, қоныстануларына рұқсат берген деседі. Сөйтіп, 1872 жылдан запасқа шыққан орыс солдаттары осы Гродеково селосы тұрған жерге қоныстана бастайды. 1903 жылы салынған бұл ауыл «Солдатская» деп аталған. Кейінірек ұлғая келе генерал-губернатордың құрметіне «Гродеково» аталып кеткен. Мұнда 3 сыныптық мектеп те болған. Жеміс ағашының сан алуан түрін өсіріп, бақуатты өмір сүрген олар Кеңес үкіметін тосырқай қабылдайды. Тіпті олардың жіберген өкілдерін атып-асып, қарсылықтарын білдірген. Содан болар, партия мұнда аса мән бөлуге тура келді. Партия жетекшілерін қайта-қайта ауыстырып әбігерге түскен. Тіпті НКВД-ның өкілдерінен қарауыл қойған кезі де болды. 1939 жылдың күзінде Жамбыл облысының құрылуына байланысты 50 округке бірінші шақырылған облыстық Советке депутаттар сайлауы өткізілді, бұл саяси науқанға Жамбыл ауданынан да сайлау округтері құрылып, халықтың оған белсене қатысуына жағдай жасалды. Жамбыл облыстық партия комитетінің 1939 жылы желтоқсан айының 4 күні өткен мәжілісінде еңбекшілер депутаттарының Жамбыл аудандық кеңесінің тұңғыш төрағасы болып Кесекбай Дүмшебаев, Жамбыл аудандық советі төрағасының орынбасары болып А.И.Цой тағайындалды. Кесекбай Дүмшебаев Алматы облысының тумасы болатын. Сондағы «Ақсеңгір» колхозында еңбек жолын бастаған. Алматы қаласындағы Қазақстан тұтынушылар одағының курсанты, Қызылқұм ауданының қаржы қызметкері, Семей қаласындағы қаржы мектебінің курсанты, 1932-1933 жылдары №16 Меркі қой совхозының маманы, Талас қаракөл қой савхозының жұмысшылар комитетінің төрағасы, 1934-1936 жылдары Мерке ауданындағы №97 жылқы зауытының жұмысшылар комитетінің төрағасы, 1939-1940 жылдары Билікөл ет-сүт совхозының директоры қызметін атқарды. 1940 жылдың наурыз айында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Нұрмұхамед Ықласов тағайындалды. Ол 1904 жылы дүниеге келген. 1925 жылдан партия мүшесі, білімі орта, партия жұмысына жетік болатын. Ауданның аумағын Талас өзені кесіп өтеді. Сондықтан қырғыздың Қаракөл және Үшқашы өзендерінен бастау алатын Талас өзенінің мол суын тиімді пайдалану көзделді. 1932 жылдан бастап облыс аумағында техникалық дақылдар егіле бастаған. Соның ішінде қант қызылшасын өсіруге аса маңыз бөлінді. Осы қант қызылшасы Жамбыл жеріне жерсінгені соншалық, осы дақылды өсіруден облыс, аудан диқандарының аты алысқа шықты. 1940 жылдың басында Жамбыл ауданы «Жетітөбе» колхозы колхозшыларының бастамасымен Жамбыл – Ақкөл жолының құрылысы басталды. 78 шақырым болатын жол құрылысына Жамбыл, Талас, Сарысу және Свердлов ауданының колхозшылары қатысты. Құрылысқа 1 миллион рубль бөлінді. Сол жылдың жазында қысқа мерзім ішінде аяқталған жол құрылысы облысқа үлгі ретінде таратылды. Жамбыл ауданының шаруашылықтары қаланы айнала орналасты. Жамбыл қаласының тұрғындарын жеміс-жидекпен, көкөніспен қамтамасыз ету міндеті жүктелді. Сол жылдың өзінде аудандағы 38 колхоз 370 гектар жерге картоп, 200 гектарға көкөніс өнімдерін еккен болатын. Облыстағы Свердлов, Меркі, Шу, Луговой, Қордай аудандарымен қатар, Жамбыл ауданындағы 9 колхоз 220 гектар картоп, 190 гектар көкөніс, 155 гектар бау-бақша өнімдерін барлығы 565 гектар алқапқа өсіретін болып міндеттелді. Осының ішінде Жамбыл ауданындағы «Төрткүл», Куйбышев атындағы «Красный партизан», «Октябрь» (Болатқошы), «Бектөбе», «Қызыл-Абад», «Төңкеріс» колхоздары осы міндетке жұмылдырылды. Осы аудандардың арасында қалаға ең таяу жатқан Жамбыл ауданына тапсырма көбірек жүктелген. Өйткені Жамбыл қаласының тұрғындарының саны ай сайын көбейіп келе жатқан еді. Сондай-ақ қалаға тым таяу орналасқан колхоздарды қаладан 10-15 шақырым қашықтыққа көшіру міндеті жүктелген. Бұл Жамбыл және Свердлов ауданына қатысты болған. Жамбыл қаласының көлемін ұлғайту мақсатында сәл кейінірек Жамбыл ауданының «Красный партизан», «Төңкеріс», «Төрткөл» колхоздары таратылып, жері қала аумағына өтті. Қалада Жамбыл даңғылы мен Сүлейменов көшелерінің қиылысында «Сельпо» атауы әлі күнге бар. Бұл атау сол замандардан қалған. Жамбыл ауданы осы жерден басталатын болғандықтан жергілікті халық осылай атапты. Ертеректе аудан орталығы қазіргі «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы (Жамбыл даңғылы мен Төле би даңғылының қиылысында) ғимаратының артында болатын. Кейін облыстық тұтынушылар одағының, содан соң мемлекеттік автоинспекциясы (МАЙ, Сүлейменов көшесі) орналасқан ғимарат Жамбыл аудандық партия комитетінің мекенжайы еді. Аудан орталығын көшіру мәселесі сонау қиын-қыстау 40 жылдары көтерілгенін байқаймыз. Ауылдарға жол салу өте өткір еді. 1940 жылы Жамбыл – Гродеково, Жамбыл – Молотов жолы колхозшылардың күшімен салынды. Жұртты социалистік құрылыстың қатарына тарту мәселесі өте қиындықпен жүрді. Оларда жұмысқа тарту үшін үгіт- насихат жұмыстары жүргізілді. Халықтың сауатын ашу бағытында жер-жерде ликбездер (сауат жою) ашылды. Оған адамдарды тарту үшін аянбай жұмыс атқарылды. Адамдардың жас ерекшеліктеріне қарамастан, кеңестік қоғамның белсенді жауынгері болуға шақырды. Кеңес қоғамының жасампаздығына жалпы халықты сендірді. Аңқау халық бұған иланды. Иланбасқа амалы да жоқ еді. Жер-жердегі барлық жиындар орыс тілінде өтті. Партия қатарына 30-жылдары алынған қарапайым колхозшылар болмашы себеппен партия қатарынан шығарылып, Ұлы Отан соғысы жылдары қайта мүшелікке қабылданды. Ондағы себеп, коммунистердің қатарын көбейту көзделді. Жамбыл ауданында 1943 жылы 47 колхоз төрағасының 25-і, 75 ферма менгерушісінің 40-ы, 116 бригадирдің 30-ы ауысқан. Кадр жетіспеушілігі айқын сезілген. Жаңа облыстың алдында ауылшаруашылығының қос қанаты егіншілік пен мал шаруашылығын дамыту міндеті тұрды. Жамбыл ауданының алдында 1940 жылы мүйізді ірі қараның санын 438-ге, қой санын 5 181-ге көбейту көзделді. Оның ішіне 1 813 қойды аудан ішінен, көрші Сарысу ауданынан 3 363 қой сатып алу міндеті қойылды. Өзге аудандарға да осындай талаптар қойылды. Мемлекет малы осылай жергілікті халықтан сатып алынып жасақталды. Диқаншылықтың облыста қалай басталғанын жоғарыда айттық, мына фактіні қосып кеткенді жөн көрдік. «1935 жылы көктем айы болатын. Алғаш колхоз болып ұйымдасып, кедей шаруалар бас қостық. Аудан басшылары бізге қант қызылшасын егуді ұсынды. Сол жылы 15-20 гектар жерге қызылша егіп, баптадық, бірақ одан жөнді нәтиже шықпады. Әр гектарынан 100 центнердей-ақ өнім алдық. Осыдан кейін қант қызылшасы туралы мәселе колхозшылардың жалпы жиналысында қаралып, талқыланды. Сөйтіп, қант қызылшасын егу ұйғарылды. Сол кезден бастап-ақ аудан колхоздары қант қызылшасын өсірумен мықтап айналыса бастаған-ды. Содан бері көп жыл өтті. Мен соңғы 15 жылдан бері қызылша өсіретін звеноны басқарып келемін. Осылайша қажымай еңбек етудің нәтижесінде біз жыл сайын қызылшадан жақсы өнім алып келеміз. Мәселен, 1947 жылы звено бойынша әр гектардан 600 центнерден өнім жиналса, 1948-1950 жылдары гектарына 650 центнерден өнім алдық. Ал 1957-1958 жылдары әр гектар сайын 700 центнерге дейін өнім алдық. Биыл колхоздың қант қызылшасының егіс көлемі 600 гектарға жетті. Біздің звено 36 гектар қант қызылшасын ектік. Біз звено бойынша әр гектарына 750-800 центнер өнім жинауға міндеттендік», дейді өз естелігінде Жамбыл ауданындағы «Красная звезда» колхозының звено жетекшісі, Социалистік Еңбек Ері Сындыбала Оңғарбаева. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталды. Жаңадан құрылып, колхоз тірлігіне енді-енді мойынсына бастаған халыққа соғыс зобалаңы ауыр тиді. Ер-азаматтар майдан қатарына алынып, барлық тірлік қарттар мен әйелдердің, жас балалардың мойнына түсті. «Бәрі де майдан үшін!» ұраны көтеріліп, бүкіл елдің қуаты сол бағытқа жұмылдырылды. Соғыстың алғашқы айынан-ақ облыстың колхоздары, колхозшы әйелдері «Қазақстан колхозшысы» танк колоннасын жасау қорына қаржы жинау ісіне жұмылды. Жамбыл ауданы берілген жоспардағы 1 500 000 рубльдің орнына 1 645 000 мың рубль жинап өткізді. Майдандағы жауынгерлерге жылы киім жинау науқанына жамбылдықтар белсене атсалысты. Жалпы майданға қысқы киім дайындау кезінде жамбылдықтарға қала орталығында орналасқан кәсіпорындар қол ұшын берген. Мәселен, малдың терісі мен жүнінен күртеше, шұлық тоқуда кәсіпорын еңбеккерлері аянып қалмаған. Қызыл Армияның XXVI жылдығына орай Жамбыл ауданының еңбекшілері майдан жауынгерлеріне 150 пұт балық, 100 пұтқа жуық тұздалған қияр, 450 литр спирт, ет, май, өзге де азық-түлік түрлерін жіберді. «Красный партизан» (төрағасы Сыздық Сабралиев) колхозының ұжымы 19 пұт ет, 6 пұт кептірілген жеміс-жидек, 4 пұт өзге де азық-түлік өнімдерін қосты. Соғыс жылдары «Жамбыл колхозшылары» танкішілер құрылысына облыс колхозшыларынан 20 миллион рубль жинап, 24 966 пұт азық-түлік өнімдерін мемлекетке өткізді. Облыс майданға 271 068 пұт астықты жөнелтті. Қызыл армия қорына 20 163 центнер астық өткізді. 1942 жылы облыс колхоздары қант қызылшасы егісінің көлемін 1 017 715 центнерге 1941 жылдан артық өсірді. 1941 жылға қарағанда мүйізді ірі қараның саны 208 мыңға көбейді. Көптеген совхоздар мен колхоздар қысқы мал қыстату науқанына тиянақты әзірлене бастады. 550 мыңнан аса мал алыс жайылымдарда өз аяғымен қысты өткізіп жатты. 869 мың центнер мал азығы болар шөп 1941 жылға қарағанда мол дайындалды. Ауылда тракторшылар курсы ашылып, оған негізінен әйел адамдары жұмылдырылды. Халық уақытпен санаспай, бел шешпестен тер төкті. 1943 жылы көктемгі егіс науқанында 176 мың 910 гектар алқапқа 142 230 гектар бидай, 142 230 гектарға техникалық дақыл, оның ішінде 24 мың гектары қызылша, 3 мың гектар күнжіт, 1 200 гектар конопля, 800 гектар темекі, 500 гектарға күнбағыс, 1 500 гектарға бау-бақша өнімдерін және 2 400 гектар картоп өнімін егу көзделді. Ұлы Отан соғысында майданға Жамбыл ауданының Жамбыл аудандық машина-трактор стансасынан аттанған тракторшы Ыбырайым Сүлейменовтің атағы шықты. Әскер қатарына алынған 1942 жылдың қараша айынан 1943 жылдың қараша айына дейін ол жаудың 239 жауынгері мен офицерінің көзін жойды. 1943 жылы 16 қарашада Невель қаласы үшін болған жойқын шайқаста ерлікпен қаза тапты. 1944 жылы 7 қаңтарда Жамбыл облысының атқарушы органдары мынадай шешім қабылдаған. Онда Ыбырайым Сүлейменов соғысқа дейін еңбек еткен Жамбыл аудандық машина трактор стансасына (МТС), «Төрткүл» колхозына, Жамбыл қаласындағы Билікөл көшесіне, Сарысу ауданының «Қызыл-Күншығыс» колхозына батырдың есімін беру туралы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасына құжат жолданған. Орынды бұл ұсыныс сол жылдың 28 ақпанында бекітілген. 1944 жылы Қазақстан жеріне өзге ұлт өкілдерін еріксіз қоныстандыру науқаны жүргізілді. Қап тауынан жер аударылған шешен және ингуш ұлты өкілдерінің 1000 отбасын облыс аудандарына бөлу кезінде Свердлов ауданына – 150, Қордай ауданына – 200, Меркі ауданына – 250, Шу ауданына – 100 және Жамбыл ауданына 200 отбасы берілді. Арып-ашып келген отбасыларды баспанамен қамтамасыз етіп, жұмыспен қамту жүктелді. Соғыстан ыңыршағы айналып отырған халыққа өте ауыр тиді. Соғыс үдеп тұрған 1943 жылдың басында республикамыздың колхоздары мен мекемелері кәсіпорын ұжымдары майдандағы жауынгерлерге арнап 49 вагон сыйлық әзірлепті. Орталық Комитеттің ұйғарымымен майданға баратын делегацияның құрамына 16 адам енгізілді. Олар ерен еңбектің озаттары – колхозшылар мен жұмысшылардың таңдаулы өкілдері еді. Делегацияны Қазақ КСР Жоғарғы Советі Президиумы төрағасының орынбасары Шекер Ермағамбетова бастап барды. Бұл жүк Сталинградқа 15 ақпанда жетеді. ВКП (б) Орталық Комитетінің хатшысы Н.С.Щербаков Қазақстан делегациясын Орталық майдандағы К.К.Рокоссовскийдің жауынгерлеріне жіберу жөнінде нұсқау береді. Ертесіне бұлар межелеген жерге жетіп, Белгород бағытындағы елеусіздеу бір елді мекендегі Орталық майдан штабында қолбасшымен кездеседі. Қолбасшы қиын кезде көмекке келген қазақстандықтарға ақ жүректен алғысын айтады. Ал енді осы делегацияның құрамында болған 114 мың сом қаржы, 12 қой қосқан мәрт қазақ Сабыралиев кім? Сыздық Сабыралиев Талас ауданынындағы бұрынғы «Кеңес» совхозының перзенті еді. Ол кезде Жамбыл ауданы, «Красный партизан» колхозының төрағасы болатын. Делегация құрамында болған ол елге қайтқан соң үгіт-насихат тобында болып, аудан еңбекшілерімен кездесіп, естелік айтқан. Соғыс жылдары Жамбыл ауданында қызмет еткенімен, кейінірек Талас ауданына қайта қоныс аударған. Байгелді Кейкеев «Кеңестөбе» колхозының төрағасы, Талас ауданының қарамағында болатын. Кейін бұл колхоз Жамбыл ауданына қайта қарады. Ал Сыздық Сабыралиевтің екі ауданда да аты аталмай, ұмыт қалғаны өкінішті-ақ. Облыс еңбекшілері 1945 жылы 8 мамырға дейін 44 миллион 62 мың сомның заемына жазылды. Бұл бюджеттегі мөлшердің 104 пайызы. Жұмысшылар мен қызметшілер 19 миллион 8 мың сомға, колхозшылар 22 миллион 615 мың сомның заемына жазылды. Бұдан колхозшылар 18 миллион 326 мың сомның заем ақшасын қолма-қол берді. Колхоздар 3 миллион 439 мың сомның заемына жазылып, бұдан 1 миллион 789 мың сомды қолма-қол берді. Хрушевтің уақытында облыстар біріктіріліп, өлкеге қарады. Ауданға қосылып, бейберекет тірлік белең алды. Оңтүстік өлкесінің астанасы Шымкентке қарап, оның біраз аудандары Өзбекстанға өтті. Батыс Қазақстанның мұнайлы аудандары Түркіменстанға қарап, қазақ елінің болашағына қауіп төнді. Хрушеев тақтан тайдырылып, әділет салтанат құрды. 1963 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен аудан таратылды. Ауданның Аса, Бесжылдық, Билікөл, Головачевка, Ерназар, Есентөбе, Қаратөбе және Көлқайнар селолық кеңестері Свердлов аудандарына берілді. 1966 жылдың 11 қаңтарында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен Жамбыл ауданы қайта құрылды. Қазақ КСР-інде жаңа аудандар құру және басқа кейбір әкімшілік территориялық өзгерістер, шаруашылық бөлініске төмендегідей кейбір өзгерістер енгізуге қаулы шығарды. «Жамбыл облысы бойынша: «Жамбыл ауданы құрылсын. Орталығы – Жамбыл қаласы, оның құрамында Жуалы ауданының Аса, Головачевка, Ерназар, Қаракемер және Қаратөбе селолық советтері, Свердлов ауданының Бесағаш, Гродеково, Көлқайнар, Жамбыл, Пионер және Болатқосшы селолық советтері кіреді. Жамбыл облыстық қазақ драма театры үйінде 10 ақпан күні Жамбыл ауданының құрылуына байланысты жиын өтеді. Оған Свердлов және Жуалы ауданының жаңа ұйымдасқан ауданға кіретін шаруашылықтарының басшылары, еңбек адамдары қатысты. Жамбыл ауданы аумағы – 5 мың шаршы километр. Халқы 39 мың адамды құрайды. 11 селолық советі, 6 колхоз, 11 совхоз болды. Егіс көлемі 99,1 мың гектар, 44 мың гектар дәнді дақыл, 6,5 мың гектар қызылша болды. Аудан шаруашылықтарында 11,5 мың ірі қара, 191,2 мың қой-ешкі өсірілді. Колхоз, совхоздар бір-біріне таяу орналасқан. Жеміс, көкөніс өсіруге мол мүмкіндіктері бар. Аудан өткен 1965 жылды едәуір табыстармен аяқтады. 1964 жылмен салыстырғанда мемлекетке 8,7 центнер ет, 12,4 мың центнер сүт, 500 центнер жүн артық тапсырылды. Мал басын өсіріп, оның өнімділігін арттыру жақсара түсті. Ауданда озат шаруашылықтар баршылық. Мәселен, «Ақкөл» колхозы 400 гектар қызылшаның әр гектарынан 332 центнерден өнім жинады. «Қызыл Октябрь» колхозы 1 315 гектар егістіктің әр гектарынан 12,4 центнерден бидай алып, мемлекетке тапсырды. Крупская атындағы колхоз мемлекетке қызылша тапсыру жоспарын асыра орындады. Жаңа ауданда 47,3 мың гектар су жүйелері тартылған жер бар. Бірақ бұл жер жете пайдаланылмай келеді. Жоспарда көрсетілген 10 мың гектар жердің осы уақытқа дейін 1000 гектары ғана қыста суғарылды. Аудан шаруашылықтары мал басын өсіру жоспарын өткен жылы 92 пайыз орындады. Әр жүз аналықтан 73 бұзау, 91 қозы, 69 құлын, әр мегежіннен 15 торай алынды. Бұл көңіл көншітерлік нәтиже емес. Жиында баяндама жасаған облыстық партия комитетінің бірінші секретары Б.Сәдуақасов ауданның алда тұрған міндеттерін саралап берді. Жиында аудандық партия комитетінің бірінші ұйымдастыру пленумында, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Нұртаза Ыбыраев, хатшылары болып Я.Косилла, Т.Өміралиев, аудандық атқару комитетінің төрағалығына Ә.Сандыбаев сайланды», деп көрсетілген. (Облыстық «Еңбек туы» газеті, 1966 жыл, 4 ақпан). Қазақстан Компартиясы Жамбыл облыстық комитеті бюросы мен еңбекшілер депутаттары облыстық Советі атқару комитеті мәжілісінің 1961 жылғы 16 маусым күні біріккен қаулысымен Талас ауданының Ерназар ауылдық Советі Жамбыл ауданы құрамына берілді. ...Өз тарихында 7 мәрте аудан орталығын орналастыру жөніндегі қаулы-қарарларды бастан кеше отырып, аудан орталығы 1974-1975 жылдары Аса селосына орналасты (Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ә.Сандыбаев болатын). Үш қабатты жаңа ғимарат аудан орталығының көркін ашты. Бұл кездерде Аса ауылы «Аса» совхозының орталығы болатын.

Әділбек БАҚҚАРАҰЛЫ, облыстық мемлекеттік архивінің архивисі