Таразда тұрғын үйге кезекке тұрғандардың арасында өлі адамдар болған
Таразда тұрғын үйге кезекке тұрғандардың арасында өлі адамдар болған
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасының және "Бизнеске жол" жобасының іске асыру туралы» тақырыбында өткен брифингте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының м.у.а Қуаныш Ахметқалиев мәлімдеді. Спикердің айтуынша еліміздің әр өңірінің сыбайлас жемқорлық тәуекелдер карталары әзірленген. Жамбыл облысының картасына жер қатынастары, құрылыс және тұрғын үй, экономика және қаржы, олигополия, жолдар мен инфрақұрылым, бизнес салалары енгізілген. «Тұрғын үй саласындағы мониторинг жүргізу нәтижесінде, кезекте тұрған 37 мыңнан астам азаматтын ішіннен, заңсыз тұрған 6 мыңға жуық азамат кезектен алынды. Олардың жартысынан көбісі үйі барлар, кезекке тұрғаннан кейін үйленгендер, елден тыс жерде тұратындар мен біздің облыста тіркелмегендер. Кезектегі 257 азамат тіпті қайтыс болғандар екен», - Қуаныш Ахметқалиев. Мониторингтің нәтижесі бойынша заң талаптарын бұза отырып берілген 7 пәтер тұрғын үй қорына қайтарылды. Қазіргі таңда қала әкімдігімен бірлесіп, оларды әлеуметтік осал топтарға беру туралы жұмыстар жүргізіліп жатыр.