АҚЕРМЕНДІ АУҚЫМДЫ ӨЗГЕРІСТЕР КҮТІП ТҰР
АҚЕРМЕНДІ АУҚЫМДЫ ӨЗГЕРІСТЕР КҮТІП ТҰР
Жалпы Ақермен ауылдық округінде 441 аула болса, онда 2 412 тұрғын тату-тәтті тіршілік кешуде. Жобаны іске асыру мақсатында зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 118 ауыл тұрғыны несие алып, кәсіп бастауға ниетті екенін білдірді. Жоба шеңберінде қаралған қаржы – 526 119 мың теңге. Ал ауыл тұрғындарынан 116 құжат тапсырылып, қажетті несие сомасы 747 850 мың теңгені құрап отыр. Жобаның бірінші бағыты (үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану) бойынша 419 ауладағы 40 гектар жерді игеру жоспарлануда. Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану үшін 5 496 мың теңге қажет. Қаражатты округ аумағындағы жердің сортаң болуына байланысты тыңайтқыш, тұқым алуға жұмсау көзделуде. Сонымен қатар округ бойынша ағын судың тапшылығына байланысты үй іргесіндегі жерлерді суару мәселесін шешу үшін әр тұрғынның ауласына жеке кәсіпкермен келісе отырып арзандатылған бағамен құдық қазу жұмыстары жүргізіледі. Несие қаражатын алу үшін кепілдікке қоятын нысан анықталып, бағалау қорытындысы алынған. Қазіргі уақытта жобаның бірінші және үшінші бағыттары бойынша құжаттар рәсімделуде. Сонымен қатар жоба аясында ауылдық округтегі мал саны өседі деп күтілуде. Бүгінде ауылдық округте 1 570 мүйізді ірі қара, 16 169 қой мен ешкі, 617 жылқы, 3 177 құс тіркелген. Сауалнама жүргізу барысында 113 ауыл тұрғыны 275 мүйізді ірі қара, 3 300 қой, 75 сауынды бие, 189 бұқашық, 1 500 тауық сатып алуға ниет білдірді. Малшаруашылықты дамытуға 349 миллион қажет. Несие алынған соң мал басының өсуіне орай жайылым тапшылығын реттеу үшін «МАТЗ» акционерлік қоғамынан 500 гектар жайылым жерін пайдалану үшін келіссөздер жүргізілуде. Сондай-ақ төрт түлікті орман шаруашылығының таудағы және құмдағы жерлеріне шығару жұмыстары жүргізілуде. Үшінші бағыт шеңберінде «Ақермен-Бірлік» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, әділет органдарында тіркеуден өтті. «Ілияс» шаруа қожалығының басшысы Ербол Бөршеков кооперативтің төрағасы болып тағайындалды. Аталған шаруа қожалық егістік егумен айналысады. 460 гектар жері, 4 комбайн, 4 жүк көлігі, 5 трактор, егін егуге қажетті басқа да ауылшаруашылық техникалары бар. Ауыл тұрғындарының иелігінде егістік жердің жоқ болуына орай қосымша жер алуға «Меркі асылтұқымды зауыты» акционерлік қоғамынан 1 000 гектар тәлімдік егістік жерді ақысыз жалға алу үшін келіссөздер жүргізілді. Ал ауылшаруашылық кооперативін жабдықтау бойынша 10 техникаға өтінім берілді. Техниканы сатып алу үшін несие 5 пайыз мөлшерлемемен есептелген. Оның 2,5 пайызын мемлекет тарапынан қаржыландыру қарастырылған. Лизингке қажетті құжаттары «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына тапсырылды. Бесінші бағыт бойынша 2 ауыл тұрғыны өз кәсібін ашуға ниет білдіруде. Яғни алдағы уақытта 1 наубайхана, 1 тротуар плитасын шығаратын цех, 1 жылыжай ашылатын болады. Бүгінгі күнге 116 тұрғынның құжаты «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына тапсырылды. Құжат бойынша несие сомасы – 747 миллион 850 мың теңге. 12 тұрғынға несие беру мақұлданып, 2 тұрғын қажетті сомасын қолына алды. Аптаның соңына дейін 10 тұрғынның несиесі есепшоттарына түседі деп жоспарлануда. Одан бөлек ауылдың біршама тұрғындары кепілдікке қоятын жылжымайтын мүліктердің құжаттарын рәсімдеуде. Осылайша «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы ақермендіктердің ел ырысын тасытып, еңбектің тайқазанын қайнатуына мол мүмкіндіктер ашуда.
Ғани БАЙДАУЛЕТОВ, Ақермен ауылдық округінің әкімі, Меркі ауданы