Әлеумет

«МОБИЛЬДІ ХҚКО» – ХАЛЫҚ ИГІЛІГІ ҮШІН

«МОБИЛЬДІ ХҚКО» – ХАЛЫҚ ИГІЛІГІ ҮШІН

Шалғай орналасқан мекендердегі тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсету үшін Жамбыл және Қордай аудандарында «Мобильді ХҚКО» жобасы іске асырылып келеді. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыс бойынша филиалы директорының орынбасары Данияр Медетбеков айтты.– Қазіргі таңда облыста 16 фронт-офис бар, оның ішінде 1 көші-қон және 1 мамандандырылған бөлім қызмет көрсетуде. Былтыр осы бөлімдердің мамандары арқылы 992 734 қызмет көрсетілген. Сонымен қатар халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында сауда орталықтарында, базарларда, мемлекеттік мекемелерде, білім беру мекемелерінде 304 828 азаматты оқыттық. Ал филиал тарапынан бекітілген қызметтік көліктер арқылы «Жылжымалы халыққа қызмет көрсету» бойынша мобильді топ аудандық алыс ауыл-аймақтарға жалпы 635 шығулар жүзеге асырылып, 10 305 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Сонымен қатар 1414 қысқа нөмірге телефон қабылдау арқылы «Help desk» бағдарламасы негізінде өтініштер қабылданып, арнайы бекітілген фронт-офис мамандары I және II топтағы мүгедектер мен мүгедек балаларға және Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен 70 жастан асқан азаматтарға да тегін мемлекеттік қызмет көрсетті. Бұйырса, биыл «NEW CON» жобасы бойынша ақпан-наурыз айларында жаңа форматта Шу қаласынан сектор, маусым-шілде айларында Қордай ауданында халыққа қызмет көрсету орталығының бөлімдері ашылады. Ал жыл соңына дейін Тараз қаласынан да «NEW CON» жобасы бойынша бөлім ашылады,

– деді Даниар Түзелбекұлы. Баспасөз жиынында ол халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы биыл қаңтардан бастап осы күнге дейін барлығы 1 604 автокөлік заңдастырылғанын да тілге тиек етті. Сондай-ақ «Мобильді ХҚКО» қосымшасы туралы да тоқталды. – Мемлекеттік корпорация жеке және заңды тұлғалар үшін «Мобильді ХҚКО» қосымшасында ЭЦҚ алу мүмкіндігін енгізді. Ол үшін қосымшаға кіріп, «Бейне қызметі» батырмасын басу керек. Оператордың қосылуын күтіп, ол жеке куәлік пен SMS арқылы келген кодты сұрап, өтінімді қабылдайды. Қазіргі таңда бұл қосымша арқылы 38 қызмет алуға болады. Тізім әлі де толықтырылуда. Бұл арқылы тұрғындар халыққа қызмет көрсету орталығына баруды алдын ала брондауға, электронды кезек талонын алуға, өзіңізге жақын орналасқан ХҚО мекенжайын және өзекті мәселелерді көруге болады. Әрі бұл қосымшаны «Google Play» және «App Store» онлайн-дүкендерден жүктеп алуға болады. «eGov Mobile» қосымшасында жеке электрондық құжаттарды сақтау сервисі азаматтарға түрлі мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге, оның келісімі бойынша үшінші тұлғаларға құжаттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ал мемлекеттік органдарға өтінім беруге және оны өтініш бөлімінде көруге болады. Міне, осындай басқа да бірнеше бағыттары бар, – деді ол. Расында, соңғы уақытта цифрлық құжаттардың қолжетімділігі артты. Халықтың бір терезе арқылы бірнеше шаруасын бітіруіне мүмкіндіктер ашылды. Енді тіпті сіз дайын құжаттарыңызға ат сабылтып бармасаңыз да болады. Өйткені халыққа қызмет көрсету орталығы такси қызметі сервистері арқылы дайын құжаттарды қызмет алушылардың мекенжайына жеткізіп береді. – Көрсетілетін қызметті алушы құжаттың дайындығы туралы SMS келгеннен кейін дайын құжатты жеткізу үшін сілтеме бойынша онлайн такси сервистері арқылы жеткізу бөліміне өтеді. Әрі қарай деректерді толтырып, төлемді төлейді. Жеткізу кезінде ХҚКО-ның 6 цифрлық кодын SMS-пен базаға енгізіп, қол қойып, құжаттарды алып кетеді. Көрсетілетін қызметті алушыға курьердің уақыты мен бағыты туралы хабарлама келеді. Әрі құжаттар 2 сағат ішінде жеткізіледі. Құжаттарды алған кезде көрсетілетін қызметті алушыға жеке басын растау үшін SMS хабарлама келіп түседі. Былтыр барлығы 1 931 үйіне дейін жеткізу қызметі жүзеге асырылған, – деді Данияр Медетбеков.

Шапағат ӘБДІР