Жамбыл жаңалықтары

ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ ІС ЖҮЗІНДЕ

ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ ІС ЖҮЗІНДЕ

Облыста кадрлық саясатты жүзеге асыруда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес меритократия және кәсібилік қағидаттарына айрықша назар аударылуда.

ҚР Президенті өз сөзінде: «Мемлекеттік қызметке нақты сектордан меритократия және ашық бәсекелестік қағидаттарына сай іріктеуден өткен жаңа басқарушы азаматтарды аламыз», деп атап өткен болатын. Айталық, өткен жылдың кейінгі тоғыз айында (сәуір-желтоқсан) өңірдің жергілікті атқарушы органдарына барлығы 470 тағайындау жүргізілген. Есепті кезеңде жоғары тұрған лауазымдарға төменгі лауазымдардағы мемлекеттік қызметкерлер қатарынан конкурстық негізде жылжыту және заңнамаға сәйкес басқа да тағайындаулар бойынша меритократия қағидатын нығайту қамтамасыз етілді. Жоғары тұрған лауазымдарға ауысқан қызметкерлердің орташа жасы – 36,9. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдар бойынша лауазымдық өсу іскерлік қасиеттерге негізделе отырып, меритократия қағидаты арқылы 160 мемлекеттік қызметші (33,8 пайыз) жоғары тұрған лауазымдарға орналасты. Олардың қатарында аудандық деңгейде салалық бөлім басшылықтан аудан әкімінің орынбасарлығына көтерілген Рақымғазы Куньязов (Жуалы), Нұрсұлтан Нәрікбаев (Меркі), Бақыт Бетбаев (Шу) бар. Сондай-ақ облыстық деңгейдегі облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары, облыс әкімі аппаратының бес бөлімінің басшысы, бес басқарма басшысы және сегіз басқарма басшысының орынбасары да осы тізімде. Атап өту керек, өткен жылдың сәуір айынан бүгінге дейін 5 басқарма басшысы және облыс әкімі аппараты басшысының бір орынбасары аудан әкімі лауазымына тағайындалды. Олар Меркі ауданының әкімі болған Жорабек Баубеков, Жуалы ауданының әкімі болған Жалғас Мұртаза, Т.Рысқұлов ауданының әкімі болған Ернар Есіркепов, Талас ауданының әкімі болған Нұрбол Жүнісбеков, Қордай ауданының әкімі болған Бекзат Болатбеков, Шу ауданының әкімі болған Бақытжан Жәнібеков. Осы орайда облыстық деңгейде тәжірибе жинаған кадрлардың әлеуетін аудандардағы мәселелерді шешу, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін арттыру бағытындағы жұмыстарға жұмсауға мүмкіндік беріліп отыр. Ал бұған дейін Шу ауданының әкімі болған Сәкен Арубаев ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып сайланса, Талас ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек облыс әкімінің орынбасары, Т.Рысқұлов ауданын басқарған Ерболат Садырқұлов облыс әкімінің кеңесшісі лауазымдарына тағайындалды. Бұдан бөлек облыстың 3 ауданын және Тараз қаласын басқарған облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров облыс әкімінің бірінші орынбасары лауазымына көтерілді. Сонымен қатар республикалық деңгейде ұзақ жылдар тәжірибе жинаған кадрларды өңірге тарту ісі де назардан тыс қалған жоқ. Бір кездері облыстың әлеуметтік-саяси саласында, кейіннен осы бағытта ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде қызмет еткен Еркін Үйсімбаев, орталық мемлекеттік органда жұмыс атқарған Ерболат Ибрайханов та облыс әкімінің орынбасары қызметіне келді. Бұл қатарда Астана, Алматы қалаларында қызмет етіп келіп, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы – бас мемлекеттік құрылыс инспекторы болып тағайындалған Қайрат Бисембаев, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Арман Ташметов та бар. Сондай-ақ жергілікті ішкі кадрлардың жоғарылауына да айрықша ден қойылған. Оған денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармаларына жаңадан тағайындалған басшыларды мысалға келтіруге болады. Бұлардың барлығы бұған дейін осы салада басқарманың бөлім басшысы, аудандық бөлім басшысы қызметтерінде еңбек етіп келген. Жалпы облыстық деңгейдегі кадрлық ауыс-түйістердің ешбірі де негізсіз емес. Олардың бір мысалы ретінде мемлекеттік сатып алу саласындағы жұмыстардың нәтижесіз және орын алған кемшіліктердің салдарынан тиісті басқарма басшысының қызметінен босатылуын атап өтуге болады. Сонымен қатар ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов ауылдық жерде тәжірибе жинақтау үшін аудан әкімінің орынбасары лауазымына ауысты. Ал жастар саясаты мәселелері басқармасының бұрынғы басшысы өз еркімен жұмыстан босатылып, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты тәрбие жұмысы және жастар саясаты басқармасының басшысы болып тағайындалды. Қорыта айтқанда, меритократия қағидатына негізделген бұл бағыттағы жұмыстар ағымдағы жылы өз жалғасын тауып келеді. Жуырда ғана Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінде ұзақ жылдар бойы нәтижелі еңбек еткен Улана Сламбекованың облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы лауазымына тағайындалуы да соның дәлелі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі