Ауыл шаруашылығы

Жылыжайда жылу болмай, жыл бойы өнім алу мүмкін емес

Жылыжайда жылу болмай, жыл бойы өнім алу мүмкін емес

Өңірдегі жер емген диқандар еңбек етпей жатқан жоқ. Ала жаздай бейнеттеніп, бірі бау-бақша дақылдарын, тағы бірі көкөніс өсіріп, бала-шағасының ырзығын егіншілік арқылы айырып отырса, ал олар өндірген сапалы да табиғи өнімнің рәтін тұтынушылар көріп жатыр.

Алайда өнімді қысқа сақтап, сақылдаған сары аязда жұртшылыққа бау-бақша дақылдары мен жеміс-жидек, көкөністі тиімді бағада ұсынуға бағбан атаулының барлығының бірдей әлеуеті жете бермейді. Біріншіден, облыс аумағында жеміс-жидек, көкөніс сақтайтын қойма тапшы болса, екіншіден, шаруаның дені өнімін алқап басынан сатып жібергенді тиімді санайды. Соның салдарынан жиын-терін уақытында көтерме бағамен сыртқа кеткен көкөніс, жеміс-жидекті өңір тұрғындары көктем шыққанша еселенген бағада тұтынатыны белгілі. Бірақ келер жылдың өніміне дейін халыққа көкөніс пен жеміс ұсынуда жылыжайлардың да атқаратын рөлі маңызды. Өйткені бұл өз өңіріңнің өнімі піскенше өзгеге тәуелді болудан арылтады. Сондықтан да жылыжай шаруашылығын дамытуда, осы іспен айналысамын деген ауыл азаматтарына қолдау көрсетуде атқарушы орган мәселе туындатпауы тиіс. Жылдың кез келген уақытында қияр мен қызанақты жылыжайда өсіріп, ел-жұртқа ұсынуда шаруаға еп-себі бар адамдарды демеп жіберсек, оның пайдасын халық көреді. Мәселен, Сарысу ауданындағы Тоғызкент ауылының тұрғыны Дастан Абдикаримовтің жылыжай шаруашылығымен айналысып келе жатқанына 3-4 жыл болыпты. Бірақ ол бұл кәсіпті өз күшімен дөңгелетіп отырғандықтан, жылыжайда қияр өсіруге тек ерте көктемде ғана кіріседі. 8 сотық жылыжайда жылына екі мәрте қияр отырғызып, күннің қызуы қайтатын қара күзге дейін бейнеттенеді. Ағаштан қаңқа жасап, оны целлофанмен қаптап, жылыжайын күн көзімен буландырып отырған Дастан Егенберліұлының мұнда жылу жүйесін жүргізіп, жылдың төрт мезгілінде де өнім алуға қолы қысқа. Аз жылда бай тәжірибе жинақтаған ол қыста да қияр өсірудің тәсілін білгенімен, оны жүзеге асыруға келгенде қаржы тапшылығы қолбайлау болып отырғанын айтады. – Мемлекеттен жеңілдетілген пайызбен несие немесе грант алу мақсатында бармаған мекемем, қақпаған есігім жоқ. Несие сұрап барсаң түрлі қаржы ұйымдары кепілзат талап етеді. Ауылдық жерде қаржы ұйымының талабына сай келетін нысан қайдан болсын? Ал аудандық ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік бөлімі секілді тиісті мекемелерді жағалап қолдау көрсетуін өтінсең, маңына жуытпайды. Қолданыстағы жайылым арқылы өндірген өніміме субсидия да алмайды екенмін. Кәсіпкерлерді, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар сонда кім үшін жұмыс істеп тұр? Президент те әрбір Жолдауында кәсіпкерлерге айрықша қолдау көрсету керектігін баса айтумен келеді, ал шын мәнінде жағдай басқаша. Бес баламыз болғандықтан көпбалалы ана ретінде әйелімнің атынан қайтарымсыз қаржы немесе несие алайын десем, мұның да реті келмеді. Себебі әйелімнің жұмысы бар, мұғалім. Ер азаматтың міндеті табыс табу болғандықтан, біз бойымызда қайрат барда еңбек етуіміз керек. Мемлекет соған мүмкіндік жасаса, – деді ол. Шаруа осыдан 13-14 жыл бұрын аумағы 1,5 гектар болатын ауыл ішіндегі қараусыз қалған бұрынғы саябақты иелігіне алған екен. Қурап кеткен тал-дарақты жұлып, орнын тегістеп, алма көшеттерін отырғызған көрінеді. Бірақ ауылда ағын су тапшы, жақын маңдағы жерасты су көздері ащы болғандықтан, алма ағаштары көпке бармай қурап кетіпті. Жер босқа жатпауы үшін шамасы келгенше игеруді мақсат тұтқан ол қарапайым жолмен жылыжай салған. Ерте көктемде отырғызған қияр шілденің аяғына дейін 5 тонна өнім берсе, тамызда ол жерге қайтадан қияр отырғызып, күн суығанша қиярдың бір келісін ауыл тұрғындары мен аудандағы азық-түлік дүкендеріне 200-250 теңгеден өткеруде. – Жақын маңдағы жерасты суы ащы болғандықтан тереңде жатқан суды пайдалануыма тура келді. Ол үшін ұңғыма да қазылды. Жылыжайға тамшылатып суару технологиясын пайдаланып отырмын. Түтікше, «шлангаларды» базардан сатып алып, барлығын өз қолыммен жасап шықтым. Мысалы, 25 тонналық «цистернаны» 5 метр биіктікке орнатып, суды соған жинаймын. Бұл заманауи автоматтандырылған құрылғы болмаса да аталған қарапайым жүйе бақшаның біркелкі, дұрыс мөлшермен суарылуын қамтамасыз етеді. Жылыжайда ауа алмасуы үшін қажет кезінде ашып қоятын терезелері де бар, – дейді Д.Абдикаримов. «Ауылдық жердегі осы бір шағын жылыжайды дамыту үшін қандай қолдау көрсетуге болады?» деген сұрақты біз облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Мұқашевқа қойдық. Ол кез келген шаруа несиені кепілзатпен ғана ала алатынын айтты. – Қайтарымсыз қаржыға біздің қатысымыз жоқ. Оған қалай ілігуге болатынын қандай талаптар қойылатынын кәсіпкерлік саласы арқылы анықтауына болады. Ал жеңілдетілген несие алу үшін бәрібір кепілзат керек. Десе де аталған тоғызкенттік тұрғынның күдер үзуіне негіз жоқ. Келер жылы «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» жобасы арқылы барлық ауылға қолдау көрсету көзделуде. Ол үшін 70 миллиард теңге бөлу жоспарланған. Сол кезде 2,5 пайызбен берілетін несиеге іліге алады, ары қарай ойға алған ісін жалғастырса болады. Менің түсінігімде бұл қарапайым жылыжай. Келер жылы Д.Абдикаримов аталған несиеге қол жеткізіп, қолданыстағы қарапайым жылыжайын заманауи талапқа сай етсе, ішіне суару ісін реттеп тұратын және басқа да құрылғыларды орнатса субсидия алуына да мүмкіндігі бар, – деді Н.Мұқашев. Әне-міне дегенше келер жылда жетер. Аталған пилоттық жоба басқарма басшысының орынбасары айтқандай әр елді мекенде жанданса, ауыл еңбеккерлерінің талайының қағанағы қарық болайын деп тұр. Сол кезде біз сөз еткен жылыжай да ырғақты жұмыс істеуге мүмкіндік алып, тұтынушыларды жылдың төрт мезгілінде де қажетті өніммен қамтамасыз етіп жатса бұдан артық не керек?

Нұрым СЫРҒАБАЕВ, Сарысу ауданы