Министр журналистерге шабуыл туралы: Тапсырыс берушілер ұсталуы керек
Министр журналистерге шабуыл туралы: Тапсырыс берушілер ұсталуы керек
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі елімізде кейінгі кезде БАҚ өкілдеріне шабуыл жасалуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Arainfo тілшісі ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап. «Жалпы, ақпараттық шабуылдың көбейгенін баршамыз білеміз. Осыған байланысты Мемлекет басшысы арнайы тапсырма берді. Президент орындаушылар мен тапсырыс берушілерді анықтау керектігін айтты. Өз кезегінде Ішкі істер министрлігі жедел іздестіру жұмысын жүргізді. Кеше 18 күдіктінің ұсталғаны айтылды. Істің мән-жайын Ішкі істер министрлігі баяндайды деп ойлаймын. Өйткені, ақпараттық шабуылды орындаушылар ғана емес, тапсырыс берушілер де ұсталуы керек»,
- деді Дархан Қыдырәлі Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып. Оның айтуынша, аталған мәселе министрліктің бақылауында. «Жалпы, ақпараттық шабуылдың үдегені рас. Оның себебі тергеу амалдарынан кейін анықталады деп ойлаймын», - дейді ол. Айта кетсек, күні кеше Ішкі істер министрлігі журналистер мен блогерлерге қатысты қылмыс жасады деген күдікпен 18 адамның ұсталғанын хабарлаған еді.