Әлеумет

ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДЕР КӨЛЕМІ АРТУДА

ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДЕР КӨЛЕМІ АРТУДА

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында биылғы әлеуметтік төлемдерге енгізілетін өзгерістерді айтқан болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылдан бастап бірқатар әлеуметтік төлем мөлшері ұлғайғаны белгілі. Ең төменгі зейнетақы 53 076 теңгені құрап, 15 пайызға артса, ең төменгі күнкөріс деңгейі 40 567 теңге болып бекітілді. Ал айлық есептік көрсеткіш мөлшері 3 450 теңге болды.

Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесовтің айтуынша, былтыр халықты зейнетақымен және әлеуметтік төлемдермен қамтамасыз етуде, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау және арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы заңнаманың сақталуын бақылауда бірқатар жұмыстар атқарылған. Биыл атаулы әлеуметтік көмекпен 58 340 адамды қамту жоспарлануда. – Осы жылдың 1 ақпанына 4 909 отбасындағы 25 745 адамға 317,8 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. АӘК алушы отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі әрбір балаға қоса алғанда ай сайынғы қосымша төлемге 1 миллиард теңге қаржы қарастырылып, 16 027 баланы қамту жоспарланған. Осы жылдың 1 ақпанына АӘК алушы отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 7 790 балаға 40,3 млн теңге тағайындалды. Сондай-ақ биыл тұрғын үй көмегіне барлығы 276,4 мың теңге қаржы қарастырылған. 1 ақпаннан бастап тұрғын үй көмегін алушы 1 989 отбасыға 23,7 мың теңге тағайындалды. Мүмкіндігі шектеулі балаларды үйде оқытуға қарастырылған қаражат – 83,3 мың теңге. Биылғы 1 ақпанға мүгедектігі бар 871 баланы үйде оқытуға 5,9 мың теңге тағайындалды. Жергілікті өкілетті органдардың шешіміне сәйкес жекелеген санаттағы азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік көмекпен 11 382 адамды қамту жоспарланып, оларға 1,7 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Биылғы 1 ақпанға жергілікті өкілетті органдардың шешіміне сәйкес жекелеген санаттағы азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік көмек 413 адамға 2,7 мың теңге тағайындалды. Кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы алушылардың ұсыныстарын министрлік ескере отырып, осы жылдан бастап кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы монетизациялау туралы шешім қабылданды. Монетизация АӘК алатын әрбір балаға ай сайынғы негізде 1,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қосымша ақшалай төлем түрінде жүзеге асырылады. Бұл ата-аналарға балалардың жеке қажеттіліктеріне байланысты қажетті тауарларды өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді, – деді Еркін Егембердіұлы. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі. Осы орайда Президент «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмектесеміз», деп атап өткен болатын. Бұл бағытта облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан да тиісті жұмыстар жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта облыс бойынша 45 388 мүмкіндігі шектеулі адам тіркелген. Оның ішінде 1-топтағылар – 4 226, 2-топтағылар – 16 974, 3-топтағылар – 17 405, 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар азаматтар саны – 6 738. Бұл облыс халқының жалпы санына шаққанда 3,9 пайызды құрайды. Бүгінгі таңда атаулы жандарды қажетті арнайы оңалту құралдарымен және арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету жұмыстары автоматтандырылған түрде Әлеуметтік қызметтер порталы ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі. Жалпы Әлеуметтік қызметтер порталы – әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесінің бір бөлігі және мүмкіндігі шектеулі жандарға тікелей жеткізушілерден оңалту құралдары мен қызметтерін дербес сатып алу мүмкіндігін беретін автоматтандырылған жүйе. Сонымен бірге 1 қаңтардан бастап жұмысынан айырылған адамдарға, еңбекке қабілеттілігінен, яғни мүгедектігіне байланысты жүмыс істей алмайтын және асыраушысынан айырылған азаматтарға әлеуметтік төлемдер еселенеді. Және бала күтімі бойынша төлемдер кезеңі ұзартылды. Жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемді есептеу үшін қолданылатын табысты алмастыру коэффициенті 40 пайыздан 45 пайызға дейін ұлғайтылды. Биылғы жылы 117 мыңға жуық азаматқа жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем орта есеппен 13 пайызға өсіп, арттырылған мөлшерде тағайындалады деп күтіліп отыр. Сондай-ақ бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұзартылды. Биыл бұл төлем 500 мыңнан аса ата-анаға тағайындалады деп жоспарланған. Еңбекке қабілеттілігінен айырылған 78 мың адамға және асыраушысынан айырылған 55 мың отбасыға базалық мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша тағайындалатын әлеуметтік төлемдердің мөлшері 8,5 пайызға артты.

Айжан ӨЗБЕКОВА