Әлеумет

ЖАНУАРЛАРҒА ДА ЖАУАПКЕРШІЛІКПЕН ҚАРАҢЫЗ

ЖАНУАРЛАРҒА ДА ЖАУАПКЕРШІЛІКПЕН ҚАРАҢЫЗ

2021 жылғы желтоқсандағы ҚР «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» №97-VII Заңы былтыр 2 наурыздан бастап күшіне енген болатын. Осы заңның аясында қолданыстағы заңнамаларға біраз өзгерістер енгізілгенін айта кету керек.

    Жануарларға жауапкершілікпен қарау бойынша «Үй жануарларын асырау жәнесеруендету», «Жануарларды  аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру» қағидаларының ережелерін өткен жылғы 5 қазанда облыстық мәслихат бекітті. Осы қағидалардың талаптарына сәйкес қаңғыбас иттерді аулау гумандық әдістерді, атап айтқанда, құрық және торларды қолдана отырып жүргізіледі. Егер жануар адамдар мен жануарлардың денсаулығына қауіп төндірсе немесе құтыру ауруы сияқты күдік пайда болса, ұйықтататын препараттарды пневматикалық шприцпен енгізу қажет. Қазақстан Республикасының 2002 жылғы шілдедегі «Ветеринария туралы» Заңының 10-бабына сәйкес жергілікті атқарушы органдарға жануарларды аулауды, уақытша ұстауды және жансыздандыруды ұйымдастыру функциясы берілген. Функцияны облыстың жергілікті атқарушы органдары құрған ветеринариялық ұйымдар аталған заңның 11-бабына сәйкес мемлекеттік сатып алу бойынша келісімшарт негізінде орындауда. «Жамбыл 109» диспетчерлік орталығына түскен азаматтардың өтініштері бойынша қаңғыбас ит-мысықты аулау жұмыстары жүргізіледі. Ветеринариялық стансалардан басқа мемлекеттік емес заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер де қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру бойынша қызмет көрсете алады. Ауланған қараусыз иттер мен мысықтар уақытша ұстау орнында ұсталады. Осы уақытта олардың иелерін немесе асырап алушыларды іздестіру мақсатында уақытша ұстау орны мен жеке панажайлардың жауапты мамандары жануарларды «Таңба» есепке алу порталына тіркейді. «Таңба» порталына үй жануарларын тіркеуге алу үй жануарының иелері есебінен қаржыландырылады. Әлеуеті төмен отбасылардың иелігіндегі үй жануарлары ғана бюджет есебінен жүргізіледі. Үй жануарларын тіркеуді мемлекеттік және жеке малдәрігерлік мекемелері мен клиникалар жүзеге асырады. Сондықтан осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап үй жануарларын тұрғындар міндетті түрде тіркеуі керек. Жоғарыда аталған «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңның 9-бабының 2-тармағына сәйкес облыстардың, аудандардың жергілікті атқарушы органдары ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен жануарларға арналған панажайларды салу мен күтіп-ұстауды ұйымдастыруға, жануарларға арналған жекеше панажайларды қоса қаржыландыруды жүзеге асыруға құқылы. Осы заңды басшылыққа алып, аудандардың жергілікті атқарушы органдары үй жануарларын уақытша ұстау пункттерінің, панажайлардың құрылысын және жалға алу жұмыстарын жүргізуде. Иелері бар иттер егесіне ерекше талаптарға сәйкес беріледі. Сұраныс болмаған иттер мен мысықтар айналасына қауіп төндірмейтін, жұқпалы аурулардан таза болған жағдайда оларға стерилизациялау жүргізіліп, құтырма ауруына қарсы дәрі егіліп, сәйкестендіруден өткеннен кейін ауланған ортаға қайта жіберіледі. Азаматтар мен жануарларға нақтылай қауіп төндіретін және ауруға күдікті иттер мен мысықтар ізгілік жолмен жансыздандырылып, зарарсыздандырылады. Қаңғыбас иттердің көбеюі иелерінің жауапсыздығынан да болып жатыр. Заң талаптарына сәйкес жануардың иесіне немесе жауапты адамға бірқатар жауапкершілік жүктелген. Атап айтқанда, олар иелігіндегі жануарларын ветеринариялықсанитариялық, гигиеналық талаптарды сақтай отырып, асырауға және ұстауға, облыстық мәслихатпен бекітілген арнайы қағидаға сәйкес есепке алуға, уақытылы вакцинация жасатуға міндетті. Сондай-ақ олардың міндетіне жануарына жауапкершілікпен қарау және қатыгездік көрсетпеу, басқа адамдар мен жануарлардың өміріне немесе денсаулығына қауіп төндірмеу үшін қауіпсіздік шараларын қабылдау, қоршаған ортаның, қоғамдық орындардың ластануына жол бермеу жатады. Сонымен қатар егер тұқым алу қажет болмаса иелері өз есебінен үй жануарларына кастрация немесе стерилизация жасауы шарт. Жануарларға жауапсыздықпен қарап немесе қатыгездік көрсетілген жағдайларда ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің» 407-1-бабына сәйкес қылмыстық белгілері болмаса жеке тұлғаларға – 5, лауазымды тұлғаларға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Бір жыл ішінде бұл олқылық тағы қайталанса, айыппұл екі есеге ұлғаяды. Кімде-кім ҚР Қылмыстық кодексінің 316- бабы бойынша жануарларға қатыгездікпен қарап, мертіктірген жағдайда оған 120 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу немесе 120 сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту немесе 30 тәулікке қамауға алу жазасы тағайындалады. Егер оның іс-әрекетінен жануар өлер болса, оның белгілі лауазымды қызметпен айналысуын заң 1 жылға шектейді немесе 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады немесе 200 сағатқа жұмысқа тартылып, болмаса 50 тәулікке қамалады. Бір жыл ішінде қайталанса заң екі есеге қатайтылады. Сондықтан да облыс тұрғындарына иелігіндегі жануарларға жауапкершілікпен қарап, оның ішінде үй жануарларын бос жібере салмай, талаптарға сай күтіп-ұстауды ескертеміз. Сондай-ақ чиптеу арқылы «Таңба» порталына тіркеуді еске саламыз.

Әсел ҚАДІР, облыс әкімдігі ветеринария басқармасы ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы