Жамбыл жаңалықтары

Жүректерді жаулаған «Жайдарман»

Жүректерді жаулаған «Жайдарман»

Бүгінде көпшілік жастардың бірден бір шығармашылық ортасы – жайдарман ойындары. Әзіл мен қалжыңсүйер қауымның сүйіктісіне айналған «Жайдарман» лигасы күн сайын қарқын алып, әдемі әзілдерімен жастардың жүрегін жаулап келеді. 

Талай талантты тоғыстырған көне Тараз жерінде біршама ұзақ үзілістен кейін бүгін «Жайдарлы Жамбыл облыстық КВН лигасы» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Әулие ата» ашық лигасы жайдарман ойындарының маусымашар фестивалі өтті. Фестивальға Түркістан облысы, Шымкент, Алматы, Тараз қалаларынан және облысымыздың аудандарынан 30-дан аса команда қатысты. Фестиваль барысында редактуралық жұмыстар, семинар-тренингтер, оқытулар, түрлі қызықты ойындар және спорттық сайыстар өткізілді. Маусымашардың редакторы ретінде республикалық «Жайдарман» ойындарының редакторы Қасиет Кәрім арнайы шақырылып, жас жайдарманшыларға ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдарын түсіндіріп өтті. Фестиваль қорытындысы бойынша командалар «Әулие ата» лигасының жоғарғы лигасына, «NOMAD» премьер лигасына және «Жайдарлы» Жамбыл облыстық лигасына жолдама алды. Биыл облысымызда жайдарман ойындары өте жоғары қарқынмен бастау алды. Айта кетерлігі ақпан айының басында Астана қаласында өткен республикалық маусымашар фестивалінде біздің облыстың жайдарманшылары жоғары деңгейде өнер көрсетіп, 2 команда Жоғарғы лигаға, 1 команда Ашық лигаға, 6 команда «NOMAD» лигасына жолдама алғанын мақтанышпен айта аламыз. Биыл жайдарман ойындары маусым бойы өз жалғасын табатын болады. Маусым қорытындысы бойынша үздік ойын өрнегін көрсеткен командалар бағалы ақшалай сыйақымен марапатталады. Жайдарман ойындары – жастар сахна мәдениетіне, өзін-өзі ұстауға, командалық жұмыс пен әріптестік қарым-қатынасқа, шешендік шеберлікке баулып, басқа да көптеген дағдыларын дамытатын алаң.  width=  width=