МЕРКІДЕ 219 ЖҰМЫС ОРНЫ ҚҰРЫЛМАҚ
МЕРКІДЕ 219 ЖҰМЫС ОРНЫ ҚҰРЫЛМАҚ
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Меркі ауданының әкімі Жорабек Баубеков бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы баяндама жасады. Спикер алдымен өнеркәсіп, ауылшаруашылық, малшаруашылығы саласы бойынша атқарылған жұмыстарды атап өтіп, шағын және орта бизнестегі қолға алынған жобаларға да тоқталды. – Былтырғы жылдың қаңтар-желтоқсан айларында 19 364,7 миллион теңгеге өнеркәсіп өнімдері өндірілді. Ал ауылшаруашылық саласы бойынша 55 миллиард 705 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 100 пайызды құрады. Өсімдік шаруашылығы бойынша өндірілген жалпы өнім көлемі 37 миллиард 301,3 миллион теңге, малшаруашылығы бойынша өндірілген жалпы өнім көлемі 18 миллиард 393,9 миллион теңге болды, – деді Ж.Баубеков. Сондай-ақ ауданда өткен жылдың егін ору науқанында 51156,6 гектар дәнді масақты дақылдар орақтан өткізіліп, 92 мың 593 тонна астық жиналған, яғни әр гектардың өнімділігі 18,1 центнерді құрапты. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында аудан бойынша жалпы 1 миллиард 487 миллион теңгені құрайтын 245 жобаға қолдау көрсетілген екен. Жорабек Нұрмергенұлы құрылыс, мәдениет, білім, медицина салаларына қатысты мәселелердің де мән-жайын айтып, алдағы жұмыстарды да тілге тиек етті. – Ауданның 2025 жылға дейінгі даму жоспары бойынша өткен жылы ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік саласында 2,3 миллиард теңгеге 34 жобаны іске асыру жоспарланып, есепті кезеңде жеке қаражаты есебінен жалпы құны 2203,5 миллион теңгеге 33 жоба іске асырылып, 361 жұмыс орны құрылды. Биыл ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік саласында 3,1 миллиард теңгеге 29 жобаны іске асырып, 219 жұмыс орнын құру жоспарлануда, – деді Ж.Баубеков.
Н.НАУАТБЕКҰЛЫ