Ұрпақ тәрбиесі – ұлтыңның мойныңа артқан аманаты
Ұрпақ тәрбиесі – ұлтыңның мойныңа артқан аманаты
Сарапшылардың айтуынша, шамамен 10 шақты жыл бұрын жасөспірімдер арасындағы қылмыстың басым бөлігі ұрлық жасау, қарақшылық шабуыл, мүліктік қылмыспен қатысты болған көрінеді. Аса ауыр қылмыстар ілуде біреу болмаса жиі кездеспейтін. Ал қазіргі қылмыс ұрлық-қарлықтан адам өміріне қауіп төндіруге ауыса бастаған. Сондықтан жас құрақтай жайқалып өсіп келе жатқан жасөспірімдердің тәртібін қадағалау, құқығын қорғау бүгінгі күн тәртібінде тұрған негізгі мәселенің қатарында. Облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының кәмелетке толмағандар полициясы тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Алишер Қалышевтің сөзіне сүйенсек, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық көріністері негізінен ұрлық, тонау, бұзақылық сипатында екен. Мысалы, биылдың өзінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен 3 ұрлық дерегі тіркеліпті. – Облыстық полиция департаментінің аса маңызды бағытының бірі – жасөспірімдердің құқықбұзушылықтарының алдын алу және кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау. Осы мақсатта жоспарға сай тиісті жұмыстар атқарылуда. Атап өтер болсақ, жыл басынан бері тиісті мамандармен бірлесе отырып «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар» атты жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізілді. Барлығы 258 бірлескен рейд ұйымдастырылып, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің түрлі баптары бойынша 613 әкімшілік хаттама толтырылды. Күнделікті өткізген рейдтік және профилактикалық шаралардың нәтижесінде түрлі қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін полиция департаментінің полиция бөліністеріне 355 кәмелетке толмаған азамат жеткізілді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 127-бабымен өз балаларын тәрбиелеу бойынша міндеттерін дұрыс дәрежеде орындамағаны үшін 13 ата-анаға әкімшілік хаттама толтырылып, облыстық мамандандырылған кәмелетке толмағандар істері жөніндегі соттың қаулысымен айыппұл салынды. Аталған Кодекстің 132-бабымен түнгі мезгілде кәмелетке толмағандардың ойын-сауық мекемелерінде болуына жол бергендерге 32 хаттама толтырылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ 534 мың 750 теңге айыппұл салынды. Кодекстің 200-бабы бойынша алкогольдік өнімдерді сатудың ережесі туралы заңнаманы бұзудың 5 дерегі анықталып, жеке кәсіпкерлерге қатысты әкімшілік істер сотқа жолданды. Түнгі уақытта балаларының ойын-сауық мекемелерінде болғаны үшін 64 ата-анаға айыппұл салынды. Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз (түнгі мезгілде) тұрғын үйден тыс жерде болғаны үшін 253 ата-ана жауапкершілікке тартылып, ескерту берілді. Бұдан бөлек 70 жеткіншек, 15 жайсыз отбасы анықталып, есепке қойылды. Қазіргі таңда полиция бөліністерінде 281 жасөспірім және 272 жайсыз отбасы есепте тұр, 6 тұлға ата-ана құқығынан айырылды немесе шектелді. Арнайы мектепке 1 жасөспірім оқшауланып, 24 кәмелетке толмағандар бейімдеу орталығына орналастырылды. Талдау нәтижесінде ең алдымен отбасы тарапынан тиісті бақылау болмауының салдарынан жасөспірімдердің түрлі құқықбұзушылық жасайтыны анықталған. Сол себепті ұрпақ тәрбиесіне бір ғана білім беру, құқық қорғау органы емес, жалпы қоғам болып атсалысып, жұдырықтай жұмылып күрескенде ғана оң нәтижеге қол жеткізуге болады, – деген Алишер Тілебекұлы жастарды ізгілікке, отансүйгіштікке баулу мақсатында патриоттық бағыттағы жұмыстар тұрақты жүргізілетінін атап өтті. Айтуынша, аумақтық инспекторлар мен білім беру мекемелерінің мамандарымен бірлесе отырып ата-аналармен, жасөспірімдермен түсіндірме жұмыстары, жиналыстар тұрақты түрде өткізіледі. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу ісіне облыстағы білім беру орындары да сүбелі үлес қоса алатыны айқын. Осы орайда облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбек білім ошақтарында арнайы кеңестер құрылып, жобалар жүзеге асырылып, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға баса мән беріліп жатқанын айтады. Бүгінгі таңда 228 мектепте «Жас инспектор» жасағы құрылып, 5 781 бала қамтылған. 271 мектепте «Қайсар» – «Полицияның жас көмекшілері» жасақтары жұмыс істейді екен. Аталған жасақ құрамына 2 605 оқушы тартылған. Барлық білім беру ұйымдарында заңмен қайшылықта болатын балалармен жұмыс жүргізу үшін арнайы құқықтық кеңестер құрылған. – Қылмыстың алдын алуда әуелі жалпы тәрбие, оның ішінде құқықтық тәрбие негізгі құрал болып есептеледі. Сондықтан да жастарға өз дәрежесінде жеткілікті құқықтық тәрбие беруді дұрыс жолға қою маңызды міндет. Бүгінгі таңда облыстық прокуратура, ішкі істер департаменті мен білім саласы қызметкерлерінің 1 026 өкілінен құрылған 93 мобильдік топ жұмыс істейді. «Кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың профилактикасы туралы 2022-2023 жылдарға арналған жол картасы» шеңберінде мобильдік топтармен кәмелетке толмағандардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мақсатында білім беру ұйымдарында жыл басынан бері 2 690 факультативтік сабақ түріндегі кездесулер өтті. «Құқықбұзушылықтың алдын алу», «Нашақорлыққа жол жоқ!», «Жаман әдеттен аулақ бол!» тақырыптары бойынша 1 210 іс-шара, полиция бөлімдерімен бірлесіп «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн», «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» акциялары ұйымдастырылды. Айта кетейін, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында мектеп инспекторларының білім беру ұйымдарымен өзара әрекетінің алгоритмі бекітілген. Өңірімізде 154 кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары білім мекемелерімен бірлесіп жұмыс істейді, – дейді Мейірхан Азатұлы. Сонымен қатар облыс мектептерінде құқықбұзушылық жасауға бейім кәмелетке толмағандарды әлеуметтік бейімдеуге бағытталған «Тараз – қауіпсіз қала», «Қиын жасөспірім – қиын ба?», «Жайсыз отбасыларды әлеуметтендіру қадамдары», «Қиын бала болмайды», «Құқықтық сана – қауымға пана», «Жетістіктер баспалдағы», «Бала бақылауда», «Қауіпсіз мектеп», «Құқықтық мәдениет», «Берекелі шаңырақ» жобалары іске асырылуда. Жауапты мамандардың айтуынша, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар өз нәтижесін беруде. Дегенмен арқаны кеңге салуға болмайды. Алда тұрған міндеттер ауқымды. Себебі маңызды мәселені түпкілікті шешу мүмкін емес. Ал психологтар жеткіншектердің қылмысқа баруына итермелейтін негізгі себеп отбасылық қарым-қатынастың әлсіреуіне байланысты дейді. Сондай-ақ жасөспірімнің өзіне, қоғамға пайдалы іспен айналыспауы, бос уақытының көптігі, күні бойы бос жүруі де қылмыстық әрекеттің алғышарты саналады екен. Мамандар қолы бос бала айналасындағы ортаның кері ықпалына тез түсетінін айтады. – Қылмысқа баратын жасөспірімдердің басым бөлігі – отбасының жағдайы нашар, тәрбие көрмеген, жүгенсіз кеткен балалар. Әр балаға әке-шешесі тиісті дәрежеде көңіл бөлсе, балалар тарапынан орын алатын қылмыстық істердің алдын алуға болады. Өйткені отбасындағы келеңсіз жағдайлар балаға теріс әсерін тигізбей қоймайды. Әсіресе маскүнемдікке салынып кеткен отбасының баласы қандай өмірге тап болатынын елестетудің өзі қиын. Әрбір ата-ана өз баласының өмірі, тағдыры үшін жауапты екенін жете сезінуі тиіс. Өкінішке қарай, осы жағынан алғанда кемшіліктер жетерлік. Қазір отбасындағы ерлі-зайыптылардың екеуі де жұмыстан қолы тимейді. 8 сағаттан да көп уақытын жұмыста өткізетіндер қаншама. Ал бала қараусыз қалса, оны қылмысқа итермелейтін себептер де аяқ астынан табыла кетпей ме? Сондықтан отбасындағы тәрбиенің рөлі орасан. Егер балаға отбасында дұрыс тәрбие берілмесе, онда бәрі бекер. Балаңызды тәрбиелеп әуре болмаңыз, балаңыз бәрібір өзіңізге ұқсайды. Одан да өзіңізді тәрбиелеңіз, – дейді психолог Әзиза Алдатаева. Психологтың сөзінің жаны бар. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі адам өміріндегі тәрбиенің бастапқы негізгі ұйытқысы да ата-ана болып қала беретіндігіне еш күмән жоқ. Өкінішке қарай, отбасындағы тәрбиенің әлсіздігінен бүгінгі қоғамда «баланы әке емес – кафе, қызды шеше емес – көше» тәрбиелеп жатқанын да жоққа шығара алмаймыз. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Мұхамеджан Тазабек бір сұхбатында «Әкесі шайқалып келген баланың тағдыры шайқалды дей бер» деп айтқан еді. Түсіне білген адамға осы бірауыз сөзде үлкен мән-мағына жатыр. Сондықтан әр қазақ мойнындағы ұл-қызының тәрбиесін ұлтының аманаты деп біліп, ұры-қары, қылмыскер ұрпақ емес, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуді ойлауы керек.
Талғат НҰРХАНОВ