Әлеумет

Сирияда үйінді астынан құтқарылған жаңа туған шақалақты туыстары асырап алды

Сирияда үйінді астынан құтқарылған жаңа туған шақалақты туыстары асырап алды

Сирияда қираған ғимарат үйіндісінің астында өмірге келген қызды өзінің туысқан әпкесі мен жездесі асырап алды, деп хабарлайды Arainfo BBC News агенттігіне сілтеме жасап.

Құтқарылған сәтте кіндігі кесілмеген қызды асырап алуға мыңдаған адам ниет білдірген. Зілзаладан нәресте отбасы мүшелерінің ішінде жалғыз өзі аман қалған. ДНҚ әпкесінің туыс екенін дәлелдегеннен кейін нәресте ауруханадан шығарылды. Дәрігерлердің сөзінше, ерекше жағдайда аман қалған қыздың жағдайы өте жақсы. «Ол енді менің балаларымның бірі. Оған өз баламдай қараймын»,- деді жездесі Халил ас-Савади AP агенттігіне. Қызға марқұм анасының құрметіне Афраа деген ат қойылды. Дегенмен құтқарылғаннан кейін қызды Ая деп атағаны хабарланған болатын. Ол араб тілінен аударғанда «ғажайып» деген мағынаны білдіреді. Оны құтқарған сәт бейнеленген видео Сириядағы жер сілкінісінен кейін әлеуметтік желілерде кеңінен тарап кетті. Видеода ер адам қолына шаң-шаң қызды ұстап, қиранды арасымен жүгіріп бара жатады. Афраа құлаған ғимарат астында он сағаттан аса уақыт жатқан. Ауруханаға келген сәтте дәрігерлер оның жағдайы ауыр екенін, денесі көгеріп, тілініп кеткенін мәлімдеген. Оның отбасы тұрған үй Түркиямен шекараға жақын маңдағы Идлиб провинциясындағы Джиндайристе болған 7,8 балдық зілзаладан қираған 50 ғимараттың бірі еді. Туыстарының бірінің сөзінше, жер сілкінгеннен кейін көп ұзамай Афрааның анасының толғағы басталған, ол қайтыс болғанға дейін босанып үлгерген. Оның әкесі мен анасы, төрт бауыры мерт болды. «Бұл қыз біз үшін өте бағалы, себебі оның отбасынан басқа ешкім қалмады. Ол маған, әпкесі және барлық туыстарына анасы мен әкесін еске салып тұрады», - деді Халил Reuters ақпарат агенттігіне. Сонымен қатар ол Афраа екі апта ауруханада жатқан кезде оны біреулер ұрлап кете ме деп қорыққанын айтты, себебі нәрестені асырап алу туралы ұсыныс жан-жақтан түскен. Афрааның жаңа отбасы жағдай қанша қиын болса да, қыздың өздерімен бірге тұрғанын жөн көреді. Халил мен жұбайы Халаның үйі де зілзала кезінде қирады. Қазір олар туыстарының үйінде тұрып жатыр. Афраа жалғыз өспейді, оның кішкентай сіңілісі бар. Хала мен Халил де зілзаладан үш күн өткеннен кейін қызды болды. Еске сала кетейік, біз бұған дейін Сирияда кіндігі кесілмеген нәресте үйінді астынан құтқарылғанын хабарлаған едік. Фото: REUTERS