Брифинг

Ауылды қолдау жалғаса береді

Ауылды қолдау жалғаса береді

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасының іске асырылу барысы айтылды. Ол жөнінде облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Серікхан Пернеш пен аталған басқарманың ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу, ауылшаруашылық кооперативтерін және аумақтарды дамыту, микроқаржыландыру бөлімінің басшысы Дулат Оспанов хабарлады.

Жоба бойынша осы кезге дейін 9,2 миллиард теңге бөлініп, игерілген. Оның ішінде республикалық бюджеттен қарастырылған 7,2 миллиард теңгеге 2,5 пайызбен 2 489 өтінім қаржыландырылыпты. Осы жоба аясында 11 пилоттық ауылдық округке қарасты 25 елді мекендегі 2 478 тұрғын несиелендіріліпті. Облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Серікхан Қуатұлы басқа да атқарылған жобаларға тоқталды. Атап айтқанда, «Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану» жобасы бойынша пилоттық ауылдық округтердегі 7 856 ауланың үй іргесіндегі 932 гектар жер телімдеріне 2020 жылы жеміс-көкөніс және бақша өнімдері егілген. 11 ауылшаруашылық кооперативіне үй іргесіндегі жерлерді орталықтандырылған жоғары рентабельдік тұқым мен минералдық тыңайтқыштармен, жанар-жағармаймен қамту үшін 125,9 миллион теңге айналым қаражаты берілген. – Малшаруашылығын дамыту бағыты бойынша 2 454 несие алушы 6,4 миллиард теңгеге 45 032 мал және 500 миллион теңгеге мал азығын сатып алды. 2020 жылы пилоттық округтерде 186 095 мал тіркеліп, 2019 жылмен салыстырғанда 37 308 басқа (125 пайыз) артты. Пилоттық ауылдық округтерде жоба басталуымен малы жоқ 1066 отбасы малмен қамтылды. Жобаның 5-бағыты – ауылдық жерлерде жеке кәсібін ашу жұмыстарына 56,2 миллион теңге бөлініп, 11 жоба іске асырылды. Сол он бір кәсіпкер нан, шұжық, шырын, бал, кондитерлік өнімдер сынды 300 тоннадан астам өнім түрлерін өндіріп отыр. 27 адам жұмыспен қамтылған, – деді ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Серікхан Қуатұлы. Ал Д.Оспановтың мәліметінше, облыстағы қалған 129 округтің барлығын қамту үшін 69,5 миллиард теңге қажет екен. Бұл қаражат көлемі алдағы уақытта кезең-кезеңімен бөлінбек. Оның 11,5 миллиард теңгесі биылға қарастырылған. Бөлім басшысының айтуынша, бұл қаржыға 22 округтен 3 мыңға жуық жоба қаржыландырылады.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА