Басты мақсат – тұрақты жұмыспен қамту
Басты мақсат – тұрақты жұмыспен қамту
Бүгінгі таңда темір торға тоғытылғандарды жұмыспен қамту маңызды мәселелердің бірі. Осы орайда, ҚАЖ Комитеті тарапынан кешенді шаралар қолға алынған. Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №26 түзеу мекемесінде өткен дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – жазасын өтеушілерді тұрақты ақылы жұмыспен қамтуға ықпал ету. Мекеме бастығының орынбасары, әділет подполковнигі Бақтияр Оңбаевтың төрағалығымен өткен жиынға бірқатар кәсіпорын басшылығы да арнайы қатысты. Олардың қатарында «Вилла-Строй», «Ержан», «Компания Самұрық» және «Запчасть» жеке кәсіпкерлігінің өкілдері болды. Жиын барысында Бақтияр Әлмаханұлы екі жақты жүргізілген келіссөдер нәтижесінде сотты болған азаматтардың еңбекпен қамтылуына ықпал етуге болатынын атап өтті. - Кәсіпкерлерді түзеу мекемелерінің аумағында өз кәсіп ашуға шақырамыз. Бұл ретте мекеме тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетін болады. Жалпы, жазасын өтеушілердің жұмыспен қамтылуы жеке кәсіпкерлер үшін де тиімді. Өйткені, сіздер мұндағы жұмысшыларға көп қаражат төлемей-ақ сапалы өнім өндіресіздер, - деді Б.Оңбаев. Жиын соңында мекемеде сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының аға инспекторы, әділет аға лейтенанты Нұрсұлу Кенишбаева сөз алып, бүгінде мұнда 155 сотталған азамат еңбекпен қамтылғанын жеткізді.