Руханият

«Сыр сақтайтын қасиеті сүйсінтеді»

«Сыр сақтайтын қасиеті сүйсінтеді»

Әмина ҚАЙНАЗАРОВА, облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі, Іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі: Аналардың алақаны аялы, жан-жүрегі саялы. Шіркін, ақын болсам осылай жыр жолдарын төгілтер ме едім? Дегенмен Абай Құнанбаев айтқандай, «кірпіш дүниенің» «кетігін» тауып қаланып, қолымыздан келгенше кәсіп қылып жүргеніміздің өзі үлкендердің үлгі-өнегесінің арқасы, тәлім-тәрбиесінің жемісі деп білемін. «AR-AI» газетінің осы бір «Менің анам» айдарын оқыған сайын ерекше сезімге берілемін. Қаншама перзент «әлемнің жарығын сыйлаған» аналарына деген сағыныштарын, әсерлі әңгімелерін, тұшымды толғаныстарын жеткізіп жатады. Мен де бүгін өзімнің жан анам туралы жазбаққа бекіндім.

Менің анам Ұлтай Үсенқызы 1951 жылы 17 маусымда Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының Көктерек ауылында дүниеге келген. Қазіргі Тараз қаласындағы мемлекеттік педагогикалық институтта «Орыс тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша оқиды. Кейіннен еңбек жолын «Пионер» кеңшарындағы мектептен бастап кетеді. Адал еңбек адам баласын қашанда биік белестерге бастайды емес пе? Анам да белсенділігі мен білімінің арқасында небәрі 25 жасында директордың орынбасары қызметіне тағайындалады. Араға жылдар салып облыстық атқару комитетіне ауысып, кәмелетке жасы толмағандардың ісін қарайтын комиссияның құрамында болады. «Қиын» балалармен жұмыс істейді. Кейін облыстық балалар қорына басшылық етіп, зейнеткерлікке шықты. Анам жастайынан өте белсенді әрі мықты ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіпті. Ол кезде бала болсақ та есімізде, қайырымдылық кештерін, бүлшіндерге арналған мерекелік шараларды ұйымдастырғанда алдына жан салмайтын. «Алма ағашынан ұзап түспейді» деген сөз бар ғой. Осы орайда бір жайтты айтпай кетпеске болмас. Анам сол кезеңде әйелдер кеңесінің мүшесі болған. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы болу керек, бүгінде мен де анамның жолымен жүріп келемін. Сол арқылы депутат болуға ұсыныстар түсе бастады. Жас кезімде депутат болсам деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Уақыт өте келе, өмір ағысы мені де қоғамдық жұмыстың қайнаған ортасына алып келді. Осылайша бүгінде анамның ізімен еліміздің, облысымыздың дамуына мүмкіндігімше өз үлесімді қосуға тырысып жүрмін. Әкем туралы айтар болсам, ол кісі Мойынқұм ауылының тумасы. Екі жасты ортақ достары таныстырып, табыстырған екен. Екеуі де өсіп-өнген әулеттен шыққан. Нағашыларым да өте қарапайым, момын кісілер. Бауырларының арасында бала кезінен еті тірі, пысық болып өскені менің анам екен. Анам бауырларына қарайласып, інілерін жетелеп, үйлендіріп, жайландыру үшін көп еңбек етті. Бауырлары әлі күнге дейін анамның ақылын тыңдап, құрметтеп, төрге отырғызады. Бұл өмірде әркім пешенесіне жазғанын көреді ғой. Бала кезімізде жеке үйіміз болмады. Біз әкемнің ағасының отбасымен бір үйде тұрдық. Анамның абысыны Нағима апамыз бізге екінші ана бола білді. «Мама Надя» деп, әбден еркелейтінбіз. Себебі анамыз таңнан кешке дейін жұмыста болатын. Ал Надя анамыз бізге қарайласып, тәрбиеледі. Қанша жыл екі отбасы бірге тұрсақ та ұрыс-керіс болмапты. Кейін әке-шешемізге үй беріліп, өзіміздің баспанамызға көштік. Әкем де жұмысбасты еді. Жамбыл электр стансасының техникалық өндіріс бөлімін басқарды. Яғни электр энергиясы саласында жұмыс істеді. Төңірегіне өте сыйлы, қадірлі болған әкеміз 59 жасқа толған шағында өмірден қайтты. Қайтыс болған соң Тараз қаласындағы шағын аудандарды электр жарығымен қамтамасыз ететін подстансаның біріне әкемнің атын берді. Қазір «Рысбек подстансасы» деп аталады. Әкем мен анам тату-тәтті, бақытты ғұмыр кешті. Бізді игі қасиеттерге баулып, ұлағатты тәрбие берді. Ата-анамыздың дос-жаран, жегжат-жұраттары да көп. Әлі күнге дейін араласып тұрамыз. Шүкір, анам қазір 72 жасқа иек артса да ширақ. Елмен тез тіл табысып кетеді. Алғаш рет танысып, пікірлескен кісілердің өзі оны жақсы көріп жатады. Себебі анамның мінезі шынайы. Ешқандай жасандылығы жоқ. Өтірік сөйлеп, жағынуды білмейді. Қазір анам Алматы қаласында інім Әлібек пен келініміз Ботаның қолында тұрады. Ал үлкен әпкем Әлия жұбайы Асылбекпен бірге Астана қаласында тұрады. Балалы-шағалы. Бар ғұмырын ұрпақ тәрбиесі мен балаларының болашағына арнаған анам осы уақытқа дейін екі рет қажылығын өтеп келді. Аллаға құлшылық етіп, намазға жығылғалы 10 жылдан асты. Дұғасы – елдің тыныштығы, халықтың, ұрпағының амандығы. Анам – бірінші сыншым. Үнемі сын тезіне алып отырады. Есесіне жолдасым Ғалымжанмен жақсы тіл табысады. Кейде «Енем секілді әрбір істеген ісімді аңдып отырасыз. Сіз мені жақсы көресіз бе, жоқ па?» деп қалжыңдаймын. Себебі шашымды жайсам «жасың келген әйелсің, шашыңды жалбыратпай жинап жүр» дейді. Биік өкшелі аяқкиім кисем «бойың онсыз да ұзын, биік аяқкиім киме» дейді. Әрине, анам қандай сын айтса да жек көріп айтпайды ғой. Сондықтан өкпелемеймін. Тіпті кейде шаруаларыммен жүріп қалып үйге кеш келсем: «Түнгі 12-ге дейін қайда жүрсің, не деген бітпейтін жұмыс?» деп күтіп алады. «Анашым, жұмысым сондай. Мені күйеуімнен бетер көп іздейсіз ғой» деп күлемін. Әрине, біз аналар үшін әрқашан баламыз ғой. Уайымдайтыны орынды. Анам Таразға үйге келгенде әйтеуір менде бір жұмыс шығып тұрады. Үйде болмай қалып жатамын. Одан кейін мен жайлы ақпараттар мен жаңалықтарды да өзімнен емес, таныстарынан естіп жатады. Сонымен, үйде емен-жарқын шай ішіп отырғанда «Әмина, сен ананы істеп жатыр екенсің, мынаны істеп жатыр екенсің, мен неге оны басқа біреуден естуім керек? Неге маған өзің айтпайсың?» деп бастайды әңгімесін. Ал мен айтуды ұмытып кетемін. «Айтатындай жаңалық емес қой, енді айтайын деп жүр едім» деп құтыламын. Уақыттың тапшылығынан да айтуға мүмкіндік болмай жататыны шындық қой. Анамыз екеуміздің мінезіміз ұқсас. Кейде пікірлеріміз бір жерден шығып қалып жататыны бар. Түрім де анама тартқан. Туыстарымыз да анамның жас кезінен аумай қалғанымды айтады. Рас, кезінде анама бірнәрсе үйреткім келіп, ақыл айтқан кездерім де болды. Бірақ кейінірек қателігімді түсіндім. Сол әрекетіме қазір де ұяламын. Бізді алақанына салып аялап өсірген кісілерге ақыл үйретіп, алдына түсуіміз қателік. Жасы келген адамдар онсыз да ренжігіш, жүйке жүйесі әлсіз келеді. Біздің бұл әрекетіміз жасы келген ата-анамызға ауыр тиеді. Менің де солай анамды ренжіткен кездерім болды. Бірақ кеш те болса түсіндім. Қазір анаммен сырласудан бөлек, ақыл сұраймын, кеңесемін. Кейде іштей қарсы шығуым мүмкін, бірақ қабылдаймын. Ол кісі қашанда маған қол ұшын беруге дайын тұрады. Әсіресе егіз балаларым дүниеге келгенде үлкен қолғабыс етті. Бір баланың өзін қарау оңай емес қой. Ал менің анам құрақ ұша екеуіне де бірдей қарап, бағысты. Мен үшін ең дәмді тамақ та анамның жасаған еті. Дәмді бәліштерінің де жөні бөлек. Анам үйге қонаққа келгенде бізге сол тамақтарын дайындап береді. Өзі тамақты тез дайындауға дағдыланған. Айналасы 30 минуттың ішінде ыстық тамақты пісіріп, алдыңа қояды. Қандай тамағын жесеңіз де дәмі тіл үйіреді. Жоқтан бар жасап, есебін табады. Анамның сол қабілеті менде де бар. Үйде тоңазытқышта керекті заттар болмай қалса да жоқ деп қарап отырмай, ұйымдастырып жіберетініме қарап солай ойлаймын. Анам өз-өзін күткенді ұнатады. Денсаулығына да ұқыпты. Дүкен, базар аралағанды жаны сүйеді. Әсіресе Таразға келсе болды, бірден базарға қарай тартады. «Тараздың базары берекелі ғой, үйдің жанындағы дүкеннен аз-маз алғанша, базардан қап-қабымен тасып қойсаңдар болар еді», деп керегін алып келіп жатады. Жасы біразға келсе де жинақылықты жаны сүйеді. Әлі күнге дейін әрбір заты өз орнында тұрады. Және бізден де соны талап етеді. Анамның киімдері тұратын шкафын ашып көрсеңіз, бәрі тап-тұйнақтай тұрады. Онымен қоймай, әр сөреге «қысқы шұлық», «орамалдар» деп жазып, киімдерін бөліп қояды. Оларды көрмек түгіл, тиісуге қорқасың. Таразға үйге келгенде біздің де киім-кешектерімізді реттеп кетеді. «Ғалымжанның шұлықтары», «Әминаның орамалдары» деп жазып қояды. Анам кеткен соң киімдерімді таппай әбігерге түсемін. Енді өз үйің болған соң заттардың қай жерде тұрғанын білесің ғой. «Мама, менің анау затым қайда? Көйлегімді қай жерге қойдыңыз?» деп сұрай бастасам, «Қайдан білейін, жазып кеттім ғой, іздесейші» деп жатады. Сондай ұқыптылығына қалай сүйсінбейсің?! Сосын сыр сақтағыш қасиетіне риза боламын. Жақсы тыңдаушы. Сондықтан да болар, анама көп адам құпиясын айтып жатады. Ал анам кімнің болсын ішкі мұңын ешкіммен бөліспейді. Бұл мінез де менің бойымда бар. Адамның сырын аманат деп білемін. Ал аманатқа қиянат жасауға болмайды! Өткен жылы қызымды ұзаттым. Тойын жасап, құдалығын күтіп, салт-дәстүрге сай тиісті рәсімдерді жасадық. Енді анам ондай мәселеге келгенде алдыңғы қатарда жүретінін білемін. Сонда «енді қалай болар екен, тірліктерге араласып, кейбірін қолдамай, алған киім-кешек, төсек-орнымды жақтырмаса қайтемін» деген қорқыныш болды. Себебі сондай үлкен қуаныштың алдында келіспей қалып жатсақ тағы болмайды. Бірақ олай болмады, анам ештеңеге араласпады. «Қызым, сенің жасың келді. Құдағи боласың. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажырататын жастасың. Не істесең де қолдаймын», деді. Мен қатты қуандым. Бірақ бір ғана ескертуін тәтті шайдың алдында айтты. Ол шашыма байланысты еді. Шашым күлгін түстес еді. Сондағы айтқаны: «Қызым, сен ертең бас құдағи болып барасың. Тәтті шайға қарапайым болып бар, шашыңның түсін өзгерт», деді. Және оны бір емес, үш рет қайталады. Мен дәл тәтті шай күні азанда шаш сәндейтін маманға барып бояттым. Анамыз бізге қаталдау болғанымен немерелеріне өте мейірімді. Қазіргі таңда үш баладан тараған 10 немересі бар. Барлық немересін түгендеп, жағдайларын бақылап жүреді. Екі немересі шетелде оқиды. Оларға да қайта-қайта хабарласып, жағдайларын біліп отырады. Зейнетақысын да немерелеріне үлестіреді. Бір қызығы, анам қалтасына ақшасын майдалап салып жүреді. Барған үйінің кішкентай балаларына беріп, мәз қылады. Өмірде анама айтар алғысым көп. Дәл сол кісінің бізге ана болғанына Аллаға шүкіршілік айтамын. Өзіне де түрлі мәтінде хат жазып, оны қалай жақсы көретінімді, сыйлайтынымды, қадірлейтінімді білдіремін. Ол жай ғана хат қой, бірақ жылы сөздермен, жүректен шыққан лебізіммен қуантуға тырысамын. Өйткені анамыз – біздің тірегіміз. Алла анама ұзақ әрі мәнді, уайымсыз өмір берсе екен деп тілеймін!